Алматы • 03 Наурыз, 2024

Миллион кімге бұйырды?

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баха Бүбіханова деген кім, оның атындағы алғашқы байқаудың бас жүлдесі неге қырғыз жастарына бұйырды деген сауалға жауап бермес бұрын, осы жарыстың ақтық сынына шыққан жас суретшінің жұмысы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының қорына қосылатынын айта кету керек.

Миллион кімге бұйырды?

Суретте: Ә.Қастеев атындағы МӨМ ғылым жөніндегі директорының орынбасары Светлана Кобжанова жүлдені Мәдина Жолдыбектің анасына тапсырды

Бұл күндері Алматыдағы Aspan Gallery алаңында сәуірдің аяғына дейін аялдайтын B.Bubikanova Art Prize бай­қауы қатысушыларының көрмесі өтіп жатыр. Алғаш рет ұйымдастырылған Б.Бүбіханова атындағы байқауға бас­тапқыда әлемнің 35 елінен әртүрлі техникада орындалған 188 туынды түссе, оның ішінде 11 фи­налистің жұмысы Aspan Gallery алаңын­дағы көрмеге қойылды.

Сонымен Ә.Қастеев атындағы МӨМ сарапшыларынан құралған іріктеу комиссиясының таңдауы – 32 жастағы Мадина Жолдыбектің «Кәдімгі жұлдыз», «Нейтронды жұлдыз», «қара құрдым» атты триптих жанрындағы жұмысына түсті. Картина Гонконг пен Париждегі көрмелерге қатысқан. Осы еңбегі үшін Абай атындағы ұлттық опера және балет театрының директоры жоба демеушісі – Айнұр Көпбасарова тағайындаған 1 000 000 теңге көлеміндегі жүлдеге ие болды.

Ал байқаудың Бас жүлдесі Бішкектен келген «Заманбап өнері» тобының «Қышқы театр» (Қысқы театр) инсталляциясына бұйырды. Чынгыз Айдаров, Айзууру Бақалов, Марат Райымқұлов сынды жастардан құралған өнер ұжымы 2022 жылы Бішкек қаласында дүниеге келген. Авторларына құлшыныс пен қуаныш сыйлаған инсталляцияны Almaty Museum of Arts сатып алып, 1 000 000 теңге көлемінде сыйақы тағайындады.

Бірінші байқауда бағы жанған Мадина Жолдыбек: «Шынымды айтсам, байқауда жеңімпаз боламын деп ойламадым. Өйткені мемлекеттік мұражай осынау ашық бейнеленген ана болу, бала емізудің көзден таса тұстары жайындағы дискуссияға әзірге дайын емес деп ойладым. Бұл тақырыпта әлі де таптаурын көзқарастар мен миф өте көп. Мен кішігірім болса да аналардың өз ойын жеткізуде ілгерілеулердің бар еке­нін бай­қаймын», дейді.

«Байқау жарияланғаннан кейін қатысуға бел будық. Бақыт Бүбіханова – аймақтық көркем үдерістің бір бөлігі. Суретшінің қалдырған жұмбақтарын әлі ұзақ уақыт бойы шешуге тура келеді. Ол қарапайым да нақты жұмыс істеудің жолын көрсетіп, арт этикеттің тізбектік ережелерін ұстанбай-ақ, қателесуден қорықпауға және тіпті мұның керек екендігін паш ете білді», дейді суретші Марат Райымқұлов.

 

АЛМАТЫ