Мирас • 03 Наурыз, 2024

Сәкен серінің қазынасы

92 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен сері Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай шығармашылығын насихаттауға арналған көрме осылай аталады.

Сәкен серінің қазынасы

Жеті қазына деген ұғым құ­лаққа сіңіп, жадымызда жаттал­ған соң тосындау тақырып екен­дігі де рас. Әйтсе де өзін-өзі ақтап тұр. Серінің кейінгі ұрпағына қал­дырған мәйегі мол қазынасы көл-көсір. Табиғат бір бойына сан түрлі өнер сыйлаған Сәкен серінің қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқыған шешендігін, алқалы топта сөз бастаған көсемдігін, әдемі қоңыр даусымен шырқап салған әншілігін көзіміз көрген. Ал боз кілемдегі белдесуін естідік. Ілкі за­мандағы ел тұрмысы, этнография шығармаларына шырай берген.

«Ақан сері» диалогиясында жа­ныңа соншалықты жақын бағзы заманның бейнесі құтты көркем суреттей бейнеленеді. Күреңбай сыншының Құлагерді сынауына көңіл аударыңызшы. «Шіркіннің тұрқын қарашы, тұрқын, он екі таспадан өрген ұзын бишіктей. Күзендей бүктетіле шапқанда тұр­қы қысқа бұзау тұлып аттарың­ның екі-үш аттағанын бір-ақ алатын қарышты жануар. Терісі қандай жұқа – көзел етіктің был­ғарысындай мап-майда. Ет пен терінің арасында жылтыраған бір май жоқ, басқа аттар көбікке ма­лын­ғанда, құлағының түбі де жіп­сімейтін көнбіс-ақ. Денесінде бір жапырақ арам ет жоқ, тамырлары білем-білем болып шодыраюын қараңызшы. Қанша шапса да басы айналмайтын, қаны мол, тынысы тарылмайтын құлаш кеңірдек, талыс танау... Жаясы қандай жазық, қасқыр жауырын, түлкі төс, қоян жонды – тәулікке танбай шапса да теңселіп, шатқаяқтамай садақтың оғынша түзу шабатын малдың белгісі».

Көрмеге тұғырына қонды­рыл­ған домбыра, қыран бүркіт, берен мылтық, алмас кездік, құмай тазы, ою­лы шапан тәрізді бұйымдар қо­йылыпты. Осының барлығы Сә­кен серінің шығармасында бар нә­ші­мен, қадір-қасиетімен, сыр-сым­батымен оқырман назары­на ұсы­нылған. Елдің рухани қазы­насын кемелдендіретін де, таным аспанын нұрландыратын да тұсы мол.

Көрменің ашылу салтанатында ақын Ерболат Баят, әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбек тәрізді сері­нің кө­зін көрген азаматтар сөз сөйлеп, әдебиетті сүйетін қауымға есті естеліктерін айтып берді.

«Мұражайда мұндай шара тұң­ғыш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта «Сандықтағы қазына» ат­ты жобаны қолға алғалы отырмыз. Аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен ата-бабамыз қымбат қазынасын сандығында сақтаған ғой. Ал біздің бүгінгі қазына бабаларымыздан қалған рухани мол мұраның жұқанасы», дейді музей директоры Құдайберлі Мырзабек.

Алтын сандық айқара ашылып, Көкшенің даласын көненің қазынасымен көркейтіп тұрса, тіпті ғажап емес пе!

 

Көкшетау