Қоғам • 03 Наурыз, 2024

Жылан туралы кітап

260 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің ғалымдары Қазақстанның батыс өңірінде кездесетін жыландар туралы кітап шығарды.

Жылан туралы кітап

Қазақ және орыс тілдерінде қатар шыққан «Батыс Қазақстан жыландары» атты кітаптың негізгі авторы – Махамбет университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс­тар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандидаты, профессор Қажымұрат Ахмеденов. Ғылыми еңбек Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитетінің «Батыс Қазақстандағы жыландардың таралуы, генетикалық әртүрлілігі және сақталуы» атты ғылыми жобасы аясында жинақталған мәліметтер негізінде дайындалған.

 – Осы тақырыпты зерттеу барысында біз бірнеше жыл бойы Қазақстанның батыс өңірін, атап айтсақ, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарын әбден араладық. Сөйтіп, осы аймақты мекендейтін жыландардың 12 түрі, олардың улы және улы емес түрлері туралы ақпарат, жыланнан сақтану жолдары, халық дүниетанымындағы жыланның мәдени орны, тұрмыстық-діни маңыздылығы секілді мәліметтер жинақталды. Бұл деректер арнайы жасақталған westkazSnakes.kz атты сайтқа топтастырылып, осынау бауырымен жорғалаушылар туралы мақалалар, фотолар, буклеттер қойылды, – дейді Қажымұрат Мақсотұлы.

Расында да, Makhambet university ғалымдары өткен жылы 11-19 қыр­күйек аралығында халықаралық герпе­тологиялық экспедицияға шығып, Индер көлін, Манашы өзенін, Құрық кенті жанындағы Каспий теңізі жағалауын, Қошақ шығанағы жанындағы Унгоза тауын, Үштаған кенті маңындағы Сауысқан құмдарын, Бейнеу кенті маңын, Атырау қаласы жанындағы Соколок өзенін, т.б. өңірді аралап шыққан болатын. Далалық зерттеу барысында зерттеушілер жыланның 7 түрін кездестірген. Атап айтсақ, олар – құм айдаһаршасы, өрнекті қарашұбар жылан, Паллас қарашұбар жыланы, су жыланы, оқжылан, кәдімгі бозша жылан, шығыс айдаһаршасы. Бұған қосымша герпетофаунаның тағы 12 түрі туралы: жасыл құрбақа, көлбақа, орташа кесіртке, жүргіш кесіртке, бат-бат кесіртке, тақыр жұмырбас кесіртке, дала ешкемері, жылтырауық жармысқы, каспий шисаусақ жармысқысы, сұр жармысқысы, тарақсаусақ жармысқысы, ортаазия тасбақасы секілді жәндіктер туралы ақпарат жиналған. Олардан ДНҚ өзгергіштігін талдау үшін ұлпа үлгілері алынған.

Айта кетейік, Қажымұрат Мақсот­ұлымен осындай далалық экспе­дициялардың бірінде бірге болып, дала кезу бізге де нәсіп болған еді. Маң далада шатыр құрып түнеп, күн батысымен қолымызға шам алып, қараңғыда қыбыр-жыбыр тіршілігіне кірісетін жәндіктердің түнгі өміріне серуен жасаған қызықты күндер мәңгі есімізде қалды. Ғалымның осы тақырыпқа шынайы қызығушылығын көзімізбен көріп, махаббатқа толы әңгімесін жалықпай тыңдадық. Өз кәсібін шексіз сүйетін зерттеушінің жаңа кітабы да көңіл көкжиегін кеңейтетін осындай танымдық мақалаға толы екен.

Университеттің ғылыми кітап­ха­на­сында тұсауы кесілген «Батыс Қазақ­стан жыландары» кітабы жөнінде автордың әріптестері жаратылыс­тану-география факультетінің аға оқы­ту­шысы Қанжан Болатова және география ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов та көптеген қызықты әңгімені ортаға салды. Табиғатта жыландардың маңыздылығы, олардың морфологиялық ерекшеліктері туралы баяндаған ғалымдар Қажымұрат Мақсотұлын жаңа еңбегі шығуымен шын жүректен құттықтады. Осы жиынға қатысқан Махамбет университеті жаратылыстану-география факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттар, студенттер де ерекше ғылыми еңбекке қызығушылық білдірді. Кеш соңында автор өз еңбегін университеттің ғылыми кітапханасына, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірім кітапханасы қорына, көрермендерге сыйға тартты.

 

Батыс Қазақстан облысы