Қоғам • 04 Наурыз, 2024

Жұмыспен қамту бағдарламалары: Халықты қаншалықты жарылқады?

292 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

20 шақты жылдан бері іске асырылып келе жатқан халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бағдарламалары алдымен нарықтық экономикаға көшудің салдарын жұмсартуға, кейін әлемдік қаржы дағдарысының әсерін азайтуға арналды. Жоғары біліктілікті талап етпейтін, еңбекақысы төмен жұмыс орындарын ұлғайту көбірек назарға алынған бұл құжаттар жеткілікті, тұрақты жұмыс орындарын құруға қабілетсіз.

Жұмыспен қамту бағдарламалары: Халықты қаншалықты жарылқады?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Бағдарламалардың алғашқы нұсқа­лары жұмыссыздық деңгейінің 1999 жылғы 34,5%-дан 2008 жылға қарай 12%-ға дейін төмендеуіне, турасын айтқанда, халықтың жаппай кедейлік қамытын киіп кетпеуіне ықпал етті деу­ге болады. Одан соң қаржы дағдарысы нәтижесінде жұмыссыздар саны жарты миллионнан едәуір асқан елдегі экономикалық жағдайдың нашарла­уына байланысты Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасын» (ЖҚЖК) іске қосты. Бұл 2020 жылға қарай шамамен 1,5 миллион адамды еңбекпен қамтуға тиіс-ті. 2011-2016 жылдар ішінде шамамен 399 млрд теңге қарастырылған бұл бағдарламаның орнына 2017 жылы басқасы келді де, кейін коронавирус пандемиясына байланысты жол картасы қайта басталып, қосымша 300 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл бастаманың негізгі ережесі – азаматтарды, еңбек нарығына шығатын жастарды оқыта отырып, әрі қарай жұмысқа орналасуға көмектесу еді. Сөйтіп, аталған мақсатқа қол жеткізуге 14,3 млрд теңге бағытталды. Оның ая­сын­да қосымша қаржыға халықты жұ­мыс­пен қамту орталықтары құрылып, ізде­­ну­шілерге тегін кәсіптік, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстары ұсы­нылды.

Сондай-ақ мемлекет жалақыны 6 айдан 12 айға дейін ішінара субсидия­лай отырып, жастар тәжірибесі үшін әлеуметтік жұмыс орындарын құруға да тырысты. Бірақ субсидиялау тәсілі біркелкі болмай, мөлшері ай сайын азайып отырды. Жастар практикасы бағдарламасы өз кезегінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік бергенімен, ұзақмерзімді жұмыс орындарын құруға мұрындық бола алмады. Ал тәлімгерлердің жалақысы небәрі 26 мың теңгені құраған.

Жұмыспен қамтудың жол картасы еңбек ұтқырлығын арттыру үшін азаматтарды жұмысқа орналасу кепілдігінсіз елдің оңтүстігінен солтүстігіне көшіру шығындарын жабуды қарастырды. Дегенмен берілген қызметтік тұрғын үйдің жалдау ақысын және коммуналдық қызметтерді жұмысшылар өздері төлеуге мәжбүр болған. Бағдарламаны сәтті жүзеге асыруға баспана, жұмысқа орналасу және инфрақұрылымның дамымауы сынды факторлар кедергі келтіргені айқын. 2022 жылдың күзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударған еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасу деңгейінің төмендігін мо­йындап, азаматтардың ең алдымен жұмыс орындары бар өңірлерге көшуі тұрғысында бағдарламаны қайта қарау ниетін мәлімдеді. Жуырда өткен Үкімет сағатында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтқандай, ендігі үміт – қаралып жатқан жаңа Көші-қон туралы заңның еңбек ұтқырлығын арттыру мақсатындағы ықпалды шараларында.

Бағдарламаның тағы бір бағыты бо­йынша жұмысын жаңа бастаған кәсіп­керлерге шағын несиелер ұсынылып, негізінен ауыл тұрғындары осы дағды­ларға оқытылды. Жыл өткен сайын кәсіпкерлікті қарқынды дамыту басым мақсатқа айналды. Кейін азаматтар негізінен тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымы мен нысандарын: жолдарды, құбырларды, мек­теп­терді, ауруханаларды, мүге­дек­терге арналған орындарды жөндеу мен салу секілді уақытша жұмыстарға тартылды.

ЖҚЖК мақсаттары мен міндеттерінің көбі 2016 жылы қабылданған «Еңбек» бағдарламасында жалғасты. Жұмыспен қамту орталықтарының міндетін мойнына алған Enbek.kz бірыңғай цифрлық платформасында осы жылдың қаңтарында 227 мың жұмыс іздеушіге 92 мың бос орыннан келген. Оның 68 мыңға жуығы мемлекет тарапынан субсидияланды. Сөйтіп, негізінен білім беру секторында (17 мың бос жұмыс орны) орташа жалақысы 100-200 мың теңге, сондай-ақ біліктілігі төмен адамдарға (11 мың) жалақысы 100 мың теңгеден аспайтын жұмыс ұсынылған. Жалпы, хабарландырулардың денін бухгалтерлерді, сатушыларды және медицина қызметкерлерін жалдауға арналған табысы 100-200 мың теңге шегіндегі вакансиялар құраған.

Байқап отырғанымыздай, осы уақытқа дейін қалыптасқан үрдіс аза­мат­тардың бәрін бірдей табысы жоғары жұмыс орындарымен қамтуға әкелмеді. Негізінде, мұндай қисын жұмыс іздеп сабылған халыққа емес, жұрттың адал ақысын үнемдеуден пайда көретін жұмыс берушіге қолайлы секілді. Ал айлығы аз болса да әрең тапқан жұмысынан айырылып қалмаудың қамын ойлаған халықтың көпшілігі барға шүкір, жоққа сабыр етумен күн көреді. Өнімді және жоғары білікті жұмыс орындары еңбек нарығында аз, елде жұмыспен қамтылғандардың 61 пайызы орта және төмен дағдыға ие. Сарапшылар мұндай жұмыстардың нашар экономика жағдайында немесе автоматтандыруға байланысты тез жоғалып кететінін айтады. Жұмыс күшінің сұранысында орта білікті жұмысшылар басым, сапалы, күрделі жұмыс орындары жетіспейді. Адам капиталы – әлемдегі еңбек нарығын дамытудың басым тұжырымдамаларының бірі болғанымен, экономиканың сұраныстарына жа­уап беру үшін бұл даму қандай бағытта жүретінін нақты түсіну тағы қажет.

Өз кезегінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі кейінгі бірнеше жылда іс жүзінде өзгермегенін хабарлады. Бұл ретте ресми қаулылар ЖҚЖК жұмыс істеген барлық уақыт ішінде тек 580 мың азамат (барлық қатысушының 23,3%-ы) тұрақты жұмыспен қамтылғанын көрсетеді. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы тек 334 мың жұмыс іздеушіге (қатысушылардың 13,3%-ы) тұрақты жұмыс орнын алуға көмектескен. Былтыр үшінші тоқсанда елімізде 9 млн экономикалық белсенді азамат тіркеліп, олардың ішінде жұмыссыздар саны 451 мың адамды – 5%-ды құрады. Бірақ 2,1 млн адамды немесе экономикалық белсенді халықтың 23%-ын алатын өзін өзі жұмыспен қамтығандардың бәрі бірдей тұрақты жұмыс істеумен жоғары табыс тауып жүрген жоқ. Өз бетімен қамтылған топтардың бір бөлігінің табысы жалдамалы жұмысшылардың орташа жалақысына да жетпейді. Олардың жартысы 60-150 мың теңгеге өмір сүрсе, шамамен 350 мыңнан аса өзін өзі жұмыспен қамтығандардың кірісі күнкөріс деңгейінен төмен. Бұл ретте KPMG есептеулеріне сәйкес еліміздегі нақты жұмыссыздық деңгейі уақытша жұмыспен қамтылмағандар, жасырын жұмыссыздар және өзін өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандарды ескергенде, 20%-ға дейін барады.

Бұған қоса 2010 жылдардың ортасынан бастап елімізде жаңа жұмыс күшінің тұрақты ағыны байқалады. Жыл са­йын еңбек нарығына жұмыс тәжірибесі жоқ 300 мыңға жуық жас шығады. Алайда жаңа жұмыс орындарының пайда болуының қазіргі қарқыны бұл өсімге ілесе алмауы мүмкін. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының демографиялық болжамы Қазақстандағы халықтың табиғи өсу коэффициенті әлем бойынша орташа деңгейден 52%-ға жоғары екенін көрсеткен. Осыған байланысты 2034 жылы жұмыс күшінің саны 10 миллион адамнан асуы, әрі қарай жастар тобының көбеюіне байланысты жұмыс орындарының тапшылығы 1 миллионға жетуі ықтимал.

Сарапшылар айтып жүргендей, еліміздегі жұмыссыздықты азайту саясаты жалақысы төмен уақытша жұмыс орындарының көмегімен еңбек нарығын тұрақтандыруға бағытталған. Экономист Қуат Әкежановтың пікірінше, алдағы он шақты жылда жұмыс орындары тапшылығының күрт өсуін болдырмау үшін бізге жұмыс орындарын субсидиялаудың неғұрлым өнімді нысанына көшу, сондай-ақ еңбек ұтқырлығы жүйесін қайта қарау қажет. Бұл жұмыспен қамтуды, халықтың табысын арттырумен қатар, әлеуетті жұмысшыларға тартымды жағдайлар ұсынуға әлі дайын емес экономиканың жаңа салаларының дамуы­на мүмкіндік береді.

Әзірге былтыр қабылданған жаңа Әлеуметтік кодекспен, сондай-ақ Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен ендігі бесжылдықта сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 млн-ға дейін ұлғайту, жұмыспен қамту құрылымын жақсарту жөнінде биік мақсаттарға көз тігіп отырмыз. Сонымен, жыл са­йын табысы медиандық көрсеткіштен асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артпақ. Мәселе – тағы да сол ұзақмерзімді жұмыс орындарын құруға, жоғары жалақыға қалай қол жеткізетінімізде.