Деректерге жүгінсек, 1944 жылғы 31 қаңтарда Чешен-Ингуш Автономиясын тарату және «фашист басқыншыларына жәрдем бергені үшін» оның тұрғындарын Орталық Азия мен Қазақстанға қоныс аударту туралы КСРО қорғаныс мемлекеттік комитетінің қаулысы шыққан. Қыс айында миллионға жуық жұртшылықты вагонға тиеп, Қазақстанға әкелген. Сол бір күндерді еске алған, жасы 90-нан асқан Амин Дабиев жолда қаншама қандасының қаза болып, мәйіті елсіз далада шашылып қалғанын күрсіне еске алады. Зұлмат жылдары ол небәрі 12 жасында туған жерінен аласталып, көппен бірге қазақ еліне қоныстанған. Қаншама қиындықты еңсерген қарт сол кездегі жергілікті қазақ халқының қамқорлығын ешқашан ұмытпайтынын айтады. «Қазақтарға мың да бір рахмет! Олар болмағанда барлық чешен қырылып кететін еді. Амал жоқ, жолда біршама адам өлді. Кез келген адамды вагонға әкеп тықты да сыртынан құлыптап қойды. Жолда үлкен стансаға келгенде ғана есікті ашып сыртқа шығарады да, 1 сағаттан соң қайта есікті жауып қояды. Қайтыс болғандарды жол-жолда тастап кетті. Мұнда келгенде қазақтардың үйінде жаттық. Бір нанды бөлісіп жедік. Бізді сыртқа теппеді. Сол үшін қазақтарға мың алғыс айтамын», дейді Амин Дабиев. Қазақстанға қоныстанғандардың басым бөлігі оңтүстік өңірге бөлініп, әр ауданға жіберілген. Бүгінде қазақ жеріне сіңіп, ұрпақ өрбітіп, өсіп-өнген олардың тілегі – ашық аспан мен бейбіт өмір ғана.
Ал облыстық «Гарабах» әзербайжан этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рамила Мустафаева нағашы атасы 1937 жылғы саяси жағдайларға байланысты Таулы Қарабақтан Созақ жеріне қоныс аударғанын айтады. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ғасыр жасап отырған нағашы атасының әңгімесі жадында жатталып қалған. «Нағашы атам Әзербайжаннан Қазақстанға пойызбен шыққанын айтады. Жолда көз жұмған адамдарды вагоннан лақтыра салады екен. Вагондағылар бұл елге өлтіру үшін әкеле жатыр деп ойлаған. Осылайша, бірнеше күнге созылған ауыр сапардан тірі қалғандарын Созақ ауданының қазіргі орталығына жеткізген. Бұл жерде Шолаққорған жұрты қарсы алыпты. Ол кезде 13 жастағы атамды бақуатты тұратын кісінің шаңырағына апарады. Қорыққаннан анасының етегіне тығылып, «енді осы жерде шынымен өлтіреді» деп ойлаған. Бірақ қазақ халқы жылышырай танытып, ыстық шай мен тамақ ұсынады. Сол үйде үш күн қонақ болып, кейіннен үйді-үйге бөлініп қоныстаныпты. Арада уақыт өте келе қазақ халқы сол жылдары қоныс аударғандардың баспаналы болуына жәрдемдескен. Атам қазақтардың өз бауырындай көргенін ұмытпайтынын үнемі айтып отыратын. Себебі кім болса да қиын сәтте қолұшын созып, шын көңілмен ас-суын ұсынған адамдарды құрметтеп өтуге тиіс. Бір жылдары өз еліне қоныс аударатын мүмкіндіктер де болыпты. Бірақ осы киелі Отанымызда қалдық, деген әңгімелерін айтып жүреді, – дейді Рамила Мустафаева. – Біз Қазақстанда тудық, осы елдің тәрбиесін сіңірдік, осы елде өсіп-өндік және ең бастысы, біз қазақша ойлаймыз. Мен Сайрам ауданы әкімдігінде он жылға жуық жұмыс істедім. Сол кезеңде мені шеттеткен немесе ұлтыма қатысты теріс әңгіме айтқан бірде-бір адам болмады. Сондағы ұжыммен әлі де тығыз қарым-қатынастамын. Тіпті, әзербайжандарға қарағанда, қазақ достарым көп. Тағы бір айта кетерлігі, анамның әпке-сіңлілері қазақ, грузин, әзербайжан, түрік, тәжік, енді бірі чешенге тұрмысқа шыққан. Санап көрсем, біздің әулетімізде сегіз түрлі ұлт өкілі бар екен».
Өңірде өмір сүріп жатқан елуден астам этнос өкілдері еліміздің, облыстың дамуына, қоғамдық татулық пен тұрақтылықтың сақталуына шынайы қызмет етіп келеді. Жалпы, өңірдегі халық арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, татулықты сақтау мақсатында 11 облыстық, 2 қалалық, 5 аудандық және 1 ауылдық этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Түркістан облысы