Аймақтар • 04 Наурыз, 2024

Ұлытау облысында жылқылардың қырылу себебі анықталды

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 наурыз күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Б.Аймұрзаев пен АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы М.Мұхтаров жылқылардың жаппай қырылу себебін тексеру үшін Ұлытау облысына барды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлытау облысында жылқылардың қырылу себебі анықталды

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Делегация Жаңаарқа ауданына барып, мән-жайды анықтады: 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың ақпан айында қардың қалың түсуінен әрі температураның төмендеуінен және жайылымдарға мұз қатуына байланысты жылқылардың тебіндеуі қиынға соққан. Соған байланысты тайлар мен кәрі жылқылар қырылып қалған. Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру базасының дерегінше қазіргі уақытта ауданда 84,3 мың бас жылқы тіркелген.

Министрліктің хабарламасы бойынша Жаңаарқа кенті мен Қаражал қаласы арасындағы автожол бойынан өлексесі табылған 23 бас жылқының сәйкестендіру нөмірі болмай шыққан. Өлекселер мал қорымына жеткізілді. Сонымен қатар аталған ауданда сәйкестендіру нөмірі жоқ тағы 44 бас жылқы табылған. Осылайша, жайылымда өлген 67 бас жылқының  иелерін  анықтау мүмкін болмаған. Аудандық ветеринарлық станцияларға жылқылардың өліміне қатысты иелерінен әлі ресми түрде өтініш түспеген.

«Ұлытау облысында 2000 бас және Жаңаарқа ауданында қолда бар мал басының жартысы қырылып қалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ауылдық ветеринарлық дәрігерлердің, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің, мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторлардың қатысуымен өлген жылқыларды жинау және олардың өлекселерін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ұлытау облысындағы аудандық аумақтық инспекцияларының қадағалауында болады.