Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында туған талапты жас 8-сыныптан кейін өзі қаламаса да «Арыстан» әскери лицейіне оқуға түседі. Бұған үйдегі үлкендер мен қоғамдық пікір әсер етті дейді ол. Лицейді алтын белгімен бітіріп, Ресейдегі Қорғаныс министрлігінің әскери университетінде «Экономикалық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім алады. Университетте оқып жүргенде өзінің жан қалауы туралы ойлана бастаған. Арманы – IT болған.
– Үшінші курста өз мамандығыммен жұмыс істеуге дайын емес екенімді түсіндім. Шынымды айтсам, бұл салаға жүрегім қанағаттанбады.
Мәскеуде технологияның қалай дамып жатқанын көріп, оның болашағы бар екенін түсіндім. Бірақ ата-анам университеттегі оқуымды тастамауымды өтінді. Сондықтан әскери мамандықты оқып жүріп, цифрлық бағытта жұмыс істеймін деп шешім қабылдап, білімімді шыңдадым, – дейді арманшыл Абылайхан.
Ол Ресейдегі аудиторлық және консалтингтік фирмалар (Deloitte, PwC, EY және KPMG) ұйымдастырған кездесулерге барып, цифрлық салаға бір қадам жақындады. Алайда бірден сандық салаға ауысуға реті келмеді. Әскери университетте Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығы аясында оқығандықтан, елімізге қайтіп оралды. Өзі де бес жылдай елден жырақ жүргендіктен, туған жерге жетуге асықты. Алматыдан 300 шақырым қашықтықта орналасқан әскери бөлімге қызметке орналасты. Бірақ мұнда да іштегі арманы маза бермеді. Сол кезде барып, нақты шешімге келген. Оқуға жұмсалған мемлекеттің қаржысын төлеп, жұмыстан шығады. Мұхтар Әуезовтің «Не аңсағанда, не қақсағанда аласың» дегені – осы.
Сөйтіп, деректерді талдау, маркетинг және өнімді басқару секілді бірнеше бағытты игереді. Барлығын ешқандай оқу орнында немесе мамандандырылған курстан оқымай өз бетінше меңгерген. Сол себепті де компаниялар одан бас тартып, қабылдамаған. Бірақ ол білімін шыңдап, біліктілік деңгейіне жеткенде бұл мәселеден құтылған.
– Алдымда «жабық есік» көп болды. Бірақ кейін біліктілігім жоғары деңгейге жеткенде компаниялар «бэкграунд» аса маңызды емес екенін айта бастады. Бастысы – оқу мен дамуға деген ұмтылыс. Бұл менде жеткілікті еді. Әр сұхбатқа мұқият дайындалдым. Нәтижесінде, «Ernst & Young» отандық филиалында «Assurance staff» болып жұмыс істей бастадым, – деді ол.
Бұл қиын әрі қызықты кезең болды. Ол күніне 16 сағат жұмыс істеді. Дегенмен ол қиындықтар оған жаңа мүмкіндік ретінде көрінді. «Біз елдің ірі банктеріне қаржылық аудит және талдау жүргіздік. Бір жылдан кейін қызметіңді өсіреміз деді. Бірақ мен кетуге шешім қабылдадым. Содан кейін дата-сайентист болып жұмыс істеген балалармен бірге пәтер жалдадық. Олар өз жобалары туралы, не істеп жатқаны және оның бизнеске қандай пайдасы бар екені туралы жиі айтатын. Қызығушылық танытып, IT мамандар туралы көбірек біле бастадым», деді Абылайхан.
Талапты жас Citibank-ке жұмысқа орналасып, операциялық аналитикамен айналысты. Анатолий Карпов платформасында Python бағдарламалау тілдерін, SQL және Data Science үшін математиканы және stepik курсын, статистика негізін оқыды. Алты айдан кейін ол Kaspi-ден шақырту алды. Клиенттік аналитика, жекелендіру және CVM үшін жауапты маман болып, жаңа белесті бағындырды. Онда бір жылдан аса уақыт жұмыс істеп, сеньорға дейін өсті. Бұл жетістікке де қанағаттанбады. Енді азық-түлік менеджментіне бағыт алып, қайтадан оқуға кірісті. Бұл жолы Vk Team, Yandex for Products, Y Combinator бейнесабақтарын оқыды. Оған Марти Каганның рух беретін кітаптары көп әсер етті. Қазір «ЦентрКредит» банкінің өнім менеджері. Мобильді қосымшадағы бірнеше өнімге жауап береді. Банктің стратегиясы цифрландыруға және клиентке бағдарлануға бағытталған.
– 2,5 жыл ішінде цифрлық бағытта біршама белестен өттім. Осыған байланысты мен бір жерден екінші жерге тым тез өтіп бара жатырмын деп ойлана бастадым. Бірақ Дженсен Хуангтың «Сіз тамақ үшін жүгіресіз немесе тамақ болу үшін жүгіресіз. Көбіне қазір қандай позицияда екеніңізді анықтай алмайсыз. Қалай болғанда да, жүгіріңіз», деген сөзі үнемі көкейімде тұрды. Бұл маған дем берді, – деп ақтарылды ол.
Оған қызметте ауысу үшін қосымша дайындық қажет болды. Бір қызығы, қажетті білімді тегін көздерден іздеді. Мысалы, оның айтуынша IT саласында datalearn жобасының веб-сайтынан көптеген пайдалы дүние табуға болады. Онда сандық салаға қатысты жоғары сападағы сабақтар бар. Бұл – ілім іздеудің бір бөлігі ғана.
– Саласын өзгерткісі келетіндерге, бірақ неден бастау керектігін білмейтіндерге бір нәрсе айта аламын. Ең бастысы – қорықпау және өзіңізді жоғары бағалау. Қай салада болсын өз мамандығын ұнатпайтындарды кездестіруге болады. Олар басқа нәрсе жасағысы келеді, бірақ ешқандай қадам жасамайды. Қорқыныш – сәтсіз схема. Сәтсіздіктен кейін тоқтамау маңызды. Мен үнемі білім көкжиегімді кеңейтуге тырысамын. Шын мәнінде, барлық білім тегін, тек оны пайдалануды үйренуіңіз керек», деп ізгі тілегін білдірді Абылайхан.
Қазір қоғамда үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, ізгі іс жасап, сонымен бөліскісі келетін жастар көп. Абылайхан – сол талапты жастың бірі ғана. Оның әскери саладан кетуі де, арман жолындағы игі мақсатын жүзеге асыру еді. Цифрлық технологияны сүйіп оқып, арманы – IT болған осы жігіттің оқиғасын естіп отырып, Лев Толстойдың «Арман – жарық жұлдыз, онсыз айқын бағдар жоқ, бағдар болмаған соң, алға басу да жоқ, тірлік те жоқ», деген сөзі ойымызға оралады.