Қазіргі уақытта платформа 15 отандық стартапқа Таяу Шығыс нарығында өнімін ұсынуға көмектескен. Qaz Step Innovation Hub-тың негізін қалаушы Тимур Мәулешовтің айтуынша, БАӘ мен Таяу Шығыс нарықтарына шығу еліміздің технологиялық экспортына серпін береді.
– Хаб отандық IT-компанияларға жаңа серіктестер мен инвесторлар табуға көмектеседі. Кейінгі 5-7 жылда шетелдік венчурлық қорлар мен халықаралық бизнес-қоғамдастық өкілдері еліміздің IT-өнімдерді экспорттау саласындағы әлеуетін байқай бастады. Сондықтан біз отандық стартаптарға БАӘ мен Таяу Шығыстың қарқынды дамып келе жатқан нарығында өздерінің жоғары әлеуетін көрсете алатын қолайлы ортаны құратын боламыз. Осылайша, Qaz Step Innovation Hub отандық IT-қызметтерді әлемдік нарыққа шығарады, – дейді ол.
«Qaz Steppe» инновациялық хабының ашылу салтанаты Дубайдағы Қазақстан сауда үйінің павильонында өтті. Перспективалы отандық стартаптар хабын іске қосу рәсіміне Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты. А.Шаққалиевтің айтуынша, біздің мемлекет цифрлық саланы ынталандыру саясатын ұстанады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық IT-қызметтер экспорты 500 млн долларға жетті. Отандық IT-саланың әлеуетін барынша іске асыру үшін Сауда үйінің павильонында стартап-қоғамдастықтың бастамасы бойынша коворкинг-орталық іске қосылады.
«Qaz Steppe Innovation Hub мамандандырылған алаңы қазақстандық IT-қызметтер секторын халықаралық нарықтарға жылжытуға, Қазақстан мен БАӘ іскер топтарының мүдделерін біріктіруге ықпал етеді. Сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықты тиімді дамытуға және біздің IT-компанияларымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді», деді министр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, алаң 15 отандық стартапқа Таяу Шығыс нарығында өз жобаларын таныстыруға және 100 жергілікті және халықаралық компаниялардың өкілдерімен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылауға көмектесті. Олардың ішінде EMAAR, Etisalat, Google, Microsoft, Mastercard, L’Oreal, Abu Dhabi Commercial Bank және басқалары бар. Бұған қоса, отандық кәсіпкерлер кәсіпкерлер БАӘ мемлекеттік органдары мен компанияларының өкілдерімен кездесті.
«Qaz Steppe Innovation Hub Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды ІТ-елге айналдыру жөніндегі алға қойған мақсатын іске асырудың бірегей алаңына айналады. 2021 жылдан бастап қазақстандық стартаптар еліміздің аумағында орналасқан 1 миллиард доллардан аса сомаға инвестиция тартты. Бүгінде БАӘ-де болып жатқан технологиялық бум біздің талантты мамандарымыз бен қызықты стартаптарымыз үшін жаңа перспективалар ашады», деді Т.Мәулешов.