Жаңа орталықтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен «Самұрық-Қазына» АҚ Корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов қатысты.
Мұнда бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына да көмек көрсетіледі. Түрлі терапия кабинеті, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, психолог және дефектолог кабинеттері жұмыс істейді.
«Көктемнің алғашқы мерекесі Алғыс күні қарсаңында облыста осы орталықты ашу бастамасы қолдау тапты. Қала орталығында жеке тұрған ғимарат таңдалды, оның ауданы 2 355 шаршы метрді құрайды. Бұл – республикадағы ең үлкен орталықтардың бірі. Қайта құруды жүргізу үшін облыстық бюджеттен 700 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді, штат білікті мамандармен жасақталды. Бұл жерде 100-ден аса маман жұмыс істейді. Жалпы, өңірімізде аутизм диагнозы анықталған 400-ге жуық бала болса, соның 200-ден астамы Қостанай қаласында тұрып жатыр. Сол себепті ауылдық жерлерде де осындай орталық бөлімдерін ашуға сұраныс бар. Алдағы уақытта әр аудан орталығынан ашамыз деген жоспарымыз бар», деді әкім.
Ғибрат Ауғановтың айтуынша, аталған мекеме балалардың ортаға бейімделуіне, өздерінің ерекше қабілеттері мен таланттарын дамытуға, білікті көмек алуға мүмкіндік береді. Орталықта балаларға ғана емес ата-аналарға да балаларды дамыту мен тәрбиелеудің әртүрлі мәселесі бойынша қызметтер көрсетілетінін атап өткен жөн.
Қазірдің өзінде орталыққа 50 бала тіркеліп, арнайы әлеуметтік қызметтер ала бастады. Жаңа орталықта оқыту бағдарламалары, әртүрлі терапия және оңалту әдісі бар.
Бұған дейін қордың қолдауымен Рудныйда нейро-ортопедиялық бұзылыстары бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылған. Оған 600 ерекше бала барады.
Қостанай облысы