Депозит • 04 Наурыз, 2024

Білімге жол ашар «AQYL» депозиті

108 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Енді азаматтар өз балаларының болашағы үшін білім беру жинақтау салымын аша ала­ды. Мұндай мүмкіндікті «Отбасы банк» ұсы­нып отыр. «AQYL» деп аталатын депо­зит­тің мақсаты – азаматтарымыздың өз білі­міне немесе балаларының біліміне қа­ра­жат жинауына мүмкіндік жасау. Оның көме­гімен қазақстандық немесе шетелдік бі­лім беру ме­кемесінде оқу ақысын төлеуге бо­ла­ды.

Білімге жол ашар «AQYL» депозиті

Фото: nurbank.kz

«AQYL» білім беру жинақтау салымын кемінде 3 жыл немесе 5 жыл мерзімге ашуға болады. Егер депозит кемінде үш жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойынша мөлшерлеме жылдық 12%-ға (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – ЖТСМ 13,1%-ға дейін) тең болады. Егер депозит кемінде 5 жыл мерзімге ашылса, онда депозит бойын­ша мөлшерлеме 9,5%-ға (ЖТСМ 10,1%-ға дейін) тең болады. Банктің есептелген сыйақысы ай сайын капиталдандырылып отырады. Депозит мер­зімі аяқталғаннан кейін ол автоматты түрде жаңар­тылады.

«Банк жұмысының алғашқы сағаттарынан-ақ 50-ден астам қазақстандық депозит ашып үлгерді. «AQYL» – ата-аналарға балаларының оқуына қаражат жинауға көмектесетін ерекше құрал. Шынымен де, бала дүниеге келісімен әр отбасы ұрпағының қандай білім алатынын, ұлын немесе қызын шетелдік жоғары оқу орнында немесе қазақстандық институтта оқытатынын ойлайды. Егер бала грантқа түссе, онда «AQYL» депозитіндегі қаржыны алып, оларды кез келген өзге мақсатқа, соның ішінде тұрғын үй сатып алуға жұмсауға болады», дейді «Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Депозитке жыл сайын есептелетін сыйлықақы салым­шылардың барлық санаты үшін 5%-ды құрайды. Жетім балаларға, ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, көпбалалы отбасылардан шыққан және жан басына шаққандағы табысы аз, яғни азық-түлік себетінен төмен отбасыларға ашыл­ған депозиттерге мемлекеттік сыйлықақы 7% мөл­шерінде есептеледі. Жыл сайын депозитке есеп­те­летін сыйлықақының ең жоғары мөлшері 100 ай­лық есептік көрсеткіштен (2024 жылға – 369 200 теңге) аспауға тиіс.

Мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін салым бір жылға толуға тиіс. Депозит ашылған кезде мін­детті түрде жасалатын бастапқы жарнаның мөл­шері үш айлық есептік көрсеткішке немесе 11 076 теңгеге (2024 жылы) тең болуы керек. Бола­шақта депозиттің ай сайынғы аударымдар мөл­шерін салымшы өз мүмкіндігіне қарай анық­тайды.

Айта кетейік, депозит мемлекет пен үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғалған, сондай-ақ ол Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қо­рында сақтандырылған. Грант алған кезде жинақ­таушы депозитті жабуға және мемлекеттік сыйлықақыны қоса алғанда, жинақтаудың барлық сома­сын алуға болады. Сонымен қатар бұл депо­зитті Ұлттық қордан алынған жинақтармен де толықтыру мүмкіндігі бар. Бұл төлемдерді биыл 18 жасқа толған қазақстандықтар қолдана алады. Оны «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында enpf-otbasy.kz платформасы арқылы жүзеге асы­руға болады.