Инвестиция • 05 Наурыз, 2024

Мыс өндіруге инвестиция тарту жолы

98 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада «Қазақстан тау-кен палатасының» ұйымдастыруымен өткен кен өндіру саласына инвестиция тарту мен дамытуға арналған конференцияда еліміздің осы саладағы даму бағыттары мен келешегі кеңінен талқыға салынды.

Мыс өндіруге инвестиция тарту жолы

Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатын арттыру үшін тау-кен өндірісін дамыту маңыздылығын жиі айтып келеді. «Қазақстан тау-кен палатасына» мүше компания­лар 2018 жылы аталған кодекс іске қосылғалы бері еліміздің тау-кен өндіру саласына көптеп инвестиция құя бастаған. Мұның бәрі еліміздің осы салада бәсекелі болуға негіз қалып­тас­тырғанын айту керек.

«Қазақстанның тау-кен сала­сы­ның интвестициялық тартым­ды­­лығын арттыру» атты кон­ферен­цияны ашқан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шар­лапаев саланың инвесторлар үшін тиімділігін одан әрі жоға­рылату үшін заңнама мен про­це­­дураларды оңайлатудың ма­ңы­зын атап өтті. Сонымен бірге, ин­весторларға қолайлы жағдай жасау үшін кодекске енгізілетін басқа да түзетулер пакеті жайында ақпарат берді.

«Мүдделі тараптар мен тау-кен өндіру бизнесі өкілдерінің ұсыныстарын есепке ала отырып жер қойнауы туралы кодекс­ке енгізілгелі жатқан түзетулер пакеті инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған 100-ден астам өзгерістен тұрады. Бұл еліміздің экономикалық дамуы­ның іргетасы ретінде саналатын минералды-шикізаттық кешенді одан әрі дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді», деді сала басшысы.

«Атамекен» ҰКП басқарма төраға­сының орынбасары Гүлнар Бижанованың айтуынша, 2022 жылғы конституциялық реформа елі­міздің жер қойнауы мен табиғи ресурстарының шын иесі ха­лық екенін айшықтап берген. Ол Жер-ананың қойнауындағы қазба байлықтың бәрі әлдекімдердің қал­­тасына кетпей, халықтың игі­лі­гіне жұмсалуы керек екенін жет­­кізді. Оның сөзінше, саланы одан әрі дамыту үшін тау-кен металлургиялық комбинаттың даму стратегиясы қабылдануға тиіс және ол Президент қол қойған 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жос­парына негізделуі керек.

Конференцияға АҚШ, Ұлы­бри­тания және Канада елші­лері қатысып, жаңа кодексті да­йын­дау, зерттеу, ынтымақтасу мә­се­ле­леріне қолдау білдірді. Олар елі­міздің инвестиция тарту­дағы әлеуетін барынша арт­тыру жө­нінде пікірлері мен ұсыныс­тарын айтып, тұрақты және ашық сот пен салық режімі елге келе­тін ин­вес­торлар мен компа­ния­лар­дың се­­німін арттыру үшін қажет еке­нін қуаттады.

«Қазақстан тау-кен палатасы» Бақылаушы директорлар кеңе­­сінің мүшесі Тим Барри әлем­­дегі мыс қорларын барлау жұ­мыс­­тарының маңыздылығын және оларды өндіруші компания­лар бетпе-бет келіп отырған проб­ле­ма­ларға тоқталды.

«Қазір әлемде 40 ірі кен орны бар, бірақ олар толық барланбаған. Бұл проблема болмағанда жалпы қоры шамамен 470 млн тонна деп бағаланып, әлемдік сұранысты қанағаттандырар еді. Сондықтан біз мыс өндіруді арттыруымыз қажет. Қазақстан бұл тұрғыда маңызды ойыншы болып отыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы Ақтоғай кен орны жылына 200 000 тонна мыс өндіреді. Алайда алдағы оншақты жылда және одан кейін де әлемдік сұра­нысты қанағаттандыру үшін біз жаңа ірі шахталарды іске қосуы­мыз қажет», деді ол.

«Қазақстан тау-кен палата­сы­ның» президенті Руслан Бай­ми­шевтің айтуынша, бүгінде елі­мізде нарықтық капиталы мил­лиард­таған долларды құрайтын Rio Tinto, Fortescue, Teck және BHP секілді жетекші әлемдік тау-кен өндіру компаниялары са­ла­ға инвестиция салып жатыр. Со­­ны­мен бірге, ол палатаның мүше ком­паниялары 25 мың шаршы ша­қы­рымнан астам ауданда гео­логиялық барлау жүргізіп жат­­қа­нын еске салды.

Іс-шара соңында East Star Resources бас директоры Алекс Уолкер еліміздегі алға қойылып отыр­ған жоспарлар мен шынайы жағдай арасында алшақтық барына қарамастан, кен өндіруші компаниялар мен Үкімет нақты шешімдер табу үшін бірлескен жұмысты жалғастыра беруі керек­тігін жеткізді.