Жыл сайын республикада Қытай мен Ресейде өндірілген бұл өнімдердің 1 миллионға жуық жұбы сатып алынады. Сондықтан сатып алу-сату саласында тәжірибесі бар шағын компанияны басқарып отырған кәсіпкер үшін бұл бағыт тыңнан түрен салғандай қабылданды.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларымен танысқан Махамбет толыққанды кеңес алу үшін «Даму» қорына жүгінді. Сарапшылар оған Назарбаев университетінің Жоғары бизнес мектебінде оқуға кеңес берген. М.Асабаев мемлекет есебінен төленетін қысқамерзімді оқу курстарынан кейін Алматы қаласының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мамандарымен ақылдаса отырып, нақты бизнес-жоспар түзді. Кредиторлар сенім білдіру үшін бизнес-идеяны сауатты ұсыну, бизнесті ең аз шығынмен табысқа жететіндей етіп ұйымдастыру қажет.
Дегенмен жобаны жүзеге асыруға әлі де қаржы жеткіліксіз еді. Бұл ретте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тегін грант байқауына қатысуы кәсіпорын үшін маңызды болды. 2015 жылы 20 тоқыма станогімен жұмыс істеген шағын кәсіпорында қазір 35 станок бар. Күніне 5000 жұп поливинилхлорид, (ПВХ), гельмен қапталған қолғап шығарады. Негізінен ішкі нарықтағы мұнай, құрылыс компаниялары тапсырыс береді.
Кәсіпкер ішкі нарықтағы үлес үшін күрес «тар жол, тайғақ кешумен» бірдей екенін айтады. Тауарға пайдаланатын шикізаттың 40 пайызы елде шығарылса ғана отандық тауар болып саналады. Махамбеттің бизнестегі серіктестерімен бірге шығарып жатқан құрылыс қолғабының 42 пайызы отандық өнімдерден дайындалған.
«Біздің тауар құрылымының 58 пайызы – импортқа тәуелді. Кейбір тауарларды көрші елдерден алдырамыз. Бізде бұл көрсеткіштің деңгейін 60-70 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік бар. ПВХ, гельге қолданылатын шикізат өнімдерін өзімізде шығарсақ, тауар құнына әсер етеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда құрылыс материалдары жасалатын шикізат өндірілмейді. Жіптерді Қытайдан, қолғаптың жұмыс бетіне қолданылатын ПВХ қабатын Ресейден әкелу керек. Қажетті шикізат пен қосалқы тауарларды, бояуды, желімді өз елімізде шығаруға мүмкіндік бар. Ол үшін Қазақстан даму банкі сияқты қаржы институттары бизнеске пайызы төмен несие беруді ұйымдастырса жақсы болар еді. Сонда күндік айналымы 5 мың қолғаптан аспайтын өндіріс орындары тек құрылыс қолғабы емес, аяқкиім, баскиімге дейін шығаратын логистикалық тізбектегі алып кәсіпорынға айналады. Бұл фактор шағын және орта бизнес өкілдері арасынан бизнес-акулаларының шығуына тосқауыл болып отыр», дейді М. Асабаев.
М.Асабаев осы ретте шикізатты шетелге экспорттағандар немесе шетелден тауар әкеліп сататындар ішкі нарықты жабайы базарға айналдырып жіберді дейді.
«Бизнеске «тез байып кетудің төте жолы» деп қарайтындар бизнесінің болашағын өз қолымен тұншықтырып тастайтынын түсінбейді. Бизнесте эволюциялық үйлесім сақталса ғана оның ғұмыры ұзақ болмақ. Дәл қазір кәсіппен айналысып жүрген азаматтардың қаншасы алыпсатарлыққа ден қойған, қаншасы тауар шығаруға басымдық берген, оның аражігін ашу қиын. Кәсібімді перзентімдей көремін. Жабылып қала жаздаған қиын сәттерді де бастан кешірдік. Алматының қара базарларындағы жарамдылығы бір күннен аспайтын шетелдік құрылыс қолғаптары талай рет тынысымызды тарылтты. Алайда қашанда сапалы өнімге басымдық беретін шетел компаниялары біздің өнімдерге қызығушылық танытты. Елде тіркелген француз компанияларының тапсырыс беруі жобамыздың екінші тынысын ашқандай болды», дейді кәсіпкер.
Осыдан кейін ақ тапсырыс берген компаниялардың географиялық шекарасы кеңейіп жүре берген. Сәйкесінше, басқа компаниялардан да тапсырыс түсе бастапты.
«Былтыр кәсіпорнымызды Тараз қаласына көшірдік. Онда жұмыс күші арзан, содан кейін жалға беру орны да қолжетімді. Бұл қаржы көзін үнемдеп, қосымша станоктар сатып алуға мүмкіндік берді», дейді М.Асабаев.
Биік таудың басында ештеңе өспейді, бірақ төбесіне шықса, көп нәрсені көруге болады. Сол секілді, күнделікті тынымсыз тіршілік елеусіз нәрсе сияқты сезіледі. Алайда тегеурінді талап пен ұлы ізденістің нәтижесінде бағындырған биіктік ғаламат өзгерістерге жол ашатыны ақиқат дүние. Тынымсыз еңбек, кәсіби біліктілік және жауапкершілік – межеге жетудің кепілі. Қазақстанда әзірге құрылыс қолғабы индустриясының көшбасшысы атанған кәсіпкердің табыс формуласының кілті осы.
АЛМАТЫ