Аймақтар • 06 Наурыз, 2024

Камера кәдеге жарап тұр

142 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Павлодардағы жедел басқару ор­та­­лығы – елімізде алғаш ашыл­­ған заманауи құқық қорғау жүйе­ле­рінің бірі. Бұл жерде үнемі сер­гек жүретін, жұмысы жұрт көзі­не­ түсе бермейтін мамандар қызмет ете­ді. Олар шаһардағы қоғамдық қауіп­сіз­дікті тәуліктің әр секундында, жыл­дың 365 күнінде кірпік қақпай күзетеді.

Камера кәдеге жарап тұр

Тәулік бойы жедел басқару орта­лығының жұмысын үз­дік­сіз үйлестіру, тіркелген құқық бұзу­шылықтардың санаулы минут ішінде жолын кесу – қан­ша дегенмен оңай шаруа емес. Орта­лықтағы әр қызметкер әлде­бір маңызды жүйенің бір-бір деталін айналдырып тұрған механизм тәріздес.

Аталған орталықтың қыз­ме­тімен жақынырақ танысу туралы Өңірлік полиция департаменті баспасөз қыз­ме­тінің жетекшісі Жанна Беляловадан ұсыныс түс­кенде, қаптаған камера ара­сын­да отырған тәртіп сақшылары не айта қояр екен деп ойлаған едім. Бұл пікірімнің жаңсақ бол­ғанын орта­лыққа аяқ басқан сәттен түсін­дім.

Ең әуелі Павлодардағы жедел басқару орталығы халыққа жедел көмектесу үшін құрылған орган екенін айтып өтейік. Күн сайын ішкі істер органдарына келіп түсіп жататын ақпараттар мен хабарламалардың үлкен ағынын қорытып, жедел әрекеттің барлығы осы жерде үйлестіріледі. Орталық кең залда орналасқан. Бөлмеге кіріп келгенде алдымен көзіңізге үлкен экрандар түседі. Мұнда қала көшелерінің қиылысында, ғимараттардың биік тұсында орналасқан жалпы саны 117 камераның барлығы қам­тылған. Инспекторлар өзіне қажет аумақтар мен көше пара­метр­леріндегі камераларды уақыт сайын қарап, күдікті жайттарды шолып отырады.

Азаматтардың полицияға соқ­қан теле­фон қоңыраулары әуелі 102 опера­тор­ларының пультінде тір­келеді. Кезекті қоңырау шыр ете қалды.

– Алло, сізді кезекші оператор Әмина Дүйсенова тыңдап тұр!

Телефон тұтқасының ар жа­ғын­­дағы тұрғын Толстой көшесі, 90-үй мекенжайында ішімдікке сылқия тойып алған әлдебір аза­маттың кіреберісте қаннен-қа­персіз ұйықтап жатқаны туралы хабарлады. Оператор қыз са­наулы секундтар ішінде хабар­лас­қан жанның аты-жөнін, телефон нөмірін, мекенжайын сұрас­ты­рып, компьютердегі электронды кар­точкаға енгізді де, залдың жоғары жақ бөлігінде отырған аға кезекшілердің ком­пью­теріне жібере қойды. Аға кезек­шілер демде учаскелік полицейге рация арқы­лы хабарласып, мекен­жайға барып, азаматтың кім еке­нін анықтауды, егер тұрақты мекені жоқ адам болса, арнайы қа­был­дау орнының көлігін ша­қыртуды тапсырды. Әрине, бұл үдерістің барлығы аяқталғанша аға кезекшілер қадағалаудан шы­­ғар­­майды. Әминамен бірге бір ауысымда оператор Азиза Жүсіпова да 102 пультінде отыр. Екеуі қоңырауларды кезектесіп қабылдайды.

про

Орталықтың алдыңғы бөлі­гін­де бейне­бақылау инспекторлары көшедегі, қоғамдық орындардағы тәртіпті камералар арқылы қада­ғалап отыр екен. Кезекші инс­пек­торлар Малика Темірханова мен Қарлығаш Қинашева рұқсат етілмеген жердегі шылым шегу фактісін көріңіз деп монитор алдына шақырды. Айтуларынша, мұндай құқық бұзушылық күнде­лікті қызметтерінде жиі кездеседі.

– Мынау Павлов көшесі, 31-үй­дің қабырғасына орнатылған камера, жаңа ғана автокөлік салоны алдында анау көк джинсы киген ер адам рұқсат етілмеген жерде темекі шегіп, тұқылын жерге лақтырып кетті. Міне, өзіңіз қарап көріңіз, камерадан барлығы ап-анық көрініп тұр. Қазір мұны аға кезекшіге баяндап үлгердім, олар патрульдік қызметті бағыттайды, – деп баяндады Қ.Қинашева. Тап сол сәтте навигатор-кезекші Ербол Абдулла әлгі аумаққа ең жақын жерде тұрған кезекші патрульді анықтай қойды. Негізі қала көшелерінің қауіпсіздігін бақы­­лайтын инспекторлар мен патруль­дердің қайда жүргені GPS арқылы көрініп тұрады. Көлік сало­нының алдына көп күттірмей кезек­ші патрульдік полиция жетіп барды­ да, әлгі азаматты тоқтатып, оның қоғамдық тәртіпті бұзғанын хабарлады. Сәйкесінше, оған қатысты хаттама толтырылып, шылымқұмар азамат айыппұл арқалап қалды.

Бейнебақылау инспекторы Малика Темірханованың орталықта қызмет етіп жатқанына 5 жылдан асқан. Талай құқық бұзушылықты камера арқылы онлайн режімде анықтап, әріптес­терінің көмегімен жолын кесті, бау­кеспе ұрыларды ұстап, қыл­мыс­тық жауапкершіліктен жал­­­тар­ғандарды құрықтады. Оның айтуынша, жедел басқару орта­­лығы қоғамдық тәртіпті бақы­­лау­да өте тиімді құрал деп таны­лып келеді.

«Бірде автовокзал маңында екі әйел дәмханада ішімдік ішіп, бірі екіншісі­нің телефонын ұрлап қашады. Зардап шегуші 102-ге хабарласқан сәтте мен сол аумақтағы камераларды іске қостым. Басқару пультімен камераларды айналдыра қарай келіп, қылмыс орнынан ізін суытып бара жатқан күдіктіні көзім шалды. Патрульдік полиция әлгі әйелді айналасы 7 минуттың ішінде қолға түсіріп, телефон иесіне қайтарылды. Тағы бірде спорттық велосипед ұрланды деген жедел хабар түсті. Тал түсте мініп кеткен ғой. Камераларды шола келгенде көшелердің бірінен велосипед мінген азамат ұшырасты. Навигатор-инспектор ең жақын жердегі патруль қызметкерлеріне хабарласып, әлгіні бірден ұстады. Осының барлығы көз алдымызда, шынайы уақытта болып жатады», дейді Малика.

Өзге инспекторлар күніне 8 са­ғат­­­ еңбек етсе, аға кезекшілер Гумар Ашжа­нов пен Диас Есен­гу­лов 24 сағат бойы кірпік қақпай орта­лықтағы барлық үдерісті бақы­лап отырады. Себебі құқық бұзушылық анық­тал­ған сәттен бастап, оған қан­дай құрылымдық күштердің бар­ға­нын, қандай әрекеттер болғанын олар білуі әрі үйлестіріп отырулары керек.

не

«Жаңа ғана Атамекен кентінде бір баланы ит қауып алғаны хабарланды. Оған учаскелік полицияны жөнелттік. Назарбаев-Торайғыров көшелерінің қиылысында жаңа ғана тіркелген жол-көлік апатына «каскад» – арнайы полиция патрулі аттанды. Ал Назарбаев даңғылы, 32-үйде өрт шыққаны туралы ақпарат жетті. Ол жердегі қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалау үшін полицейлерді жібердік, ал тұрғындарды эвакуация­лау керек болса тағы қосымша күш жөнелтеміз», деп мәлімдеді Д.Есенгулов.

Жедел басқару орталығының бас­тығы Ринат Шамгунов жалпы аталған құрылымда 45 қызметкер еңбек ететінін жеткізді. Бір ауысымда шамамен 10-11 қызметкер оты­рады. Қала көшелерінде 117 камера болса, жергілікті құқық қорғау органдарының ғима­рат­та­рында 1 700-ден астам камера орнатылған.

– Бұған қоса біздің жүйемізге мектептер мен балабақшалардың камералық жабдықтары қосылған. Қала бойынша олардың саны шамамен 15 мыңдай болып қалар. Дейтұрғанмен, орталықтың байланыс құралдары мен компью­терлік жабдықтарымыз, жиһа­зымыз әбден ескірген. Техно­ло­гиялық мүмкіндігімізді арттыру үшін биыл ЖБО толықтай жаң­ғыртудан өтеді деп жос­пар­ланған. Компьютерлеріміз бен пульттеріміз, өзге де құрал­дарымыз жаңарса, қызмет сапасы қазіргіден де артып, тиімділік тұрғысынан тағы бір сатыға өсеміз. Қазір бір тәулікте шамамен 200-300 қоңырау түссе, жазғы уақытта олардың саны 450-500-ге жуықтайды. Мұның сыртында операторларға әлде­бір ақпаратты сұрап х­а­бар­­ласатындар бар. Ондай қоңы­рау­лар­дың саны тәулігіне – 300-400. Қыз­меткерлеріміздің бос уақыты мүл­де жоқ. Барлығы осы жүйеге жұ­мылып, жұдырықтай қызмет етеді, – деп баяндады Ринат Қайыр­­гелдіұлы.

Ол келтірген криминогендік ахуалға сүйенсек, бүгінде ұрлық, тонау фактілері айтарлықтай азайса, интернет арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалары күн са­йын үдеп келеді. Мәселен, биыл 19-22 ақпан аралығында қалада 49 қылмыс тіркелсе, соның 34-і алаяқтық фактісі екені анықталды. Әлгі 34 оқиғаның 30-ы интернет арқылы жасалған.

«Бұрын көшеде камералар аз болғанда автокөліктің есігін бұзып, салонындағы заттарды тонау, пәтерлерді үптеп кету сияқты қылмыс көп тіркелетін. Қазір онлайн бақылаудың нәтижесінде мұндай оқиғалар азайды. Вокзал, базар сияқты адамдар көп жүретін жерлерде темекі тұқылын, азық-түлік қалдықтарын қоқыс жәшігіне лақ­тыруға адамдар үйрене бастады. Жол бойын кесіп өткенде де азаматтар жолағы бар жермен жүруге тырысады. Осының барлығы қоғам мүшелерінің тәртіпке бой үйрете бастағанының дәлелі. Ал қоғамда тәртіп орнап, әрқайсысымыз жауап­кершілікті сезіне алсақ, біз үшін одан асқан қуаныш жоқ», деп өз ойымен бөлісті орталық басшысы.

Жалпы, Павлодар қаласы бойынша бүгінде Оңтүстік және Солтүстік полиция бөлімдеріне қарасты 16 патруль­дік учаске бар болса, оның төртеуі шаһарға қарасты ауылдарды бақылайды. Күн сайын әр учас­кеде кемінде 3-4 по­ли­­ция қызметкері қоғамдық тәр­тіпті қадағалайды.

Орталық қызметкерлері айт­қандай, полиция жұмысы үнемі мо­бильді болып, кәсібилікті шың­дауды қажет етеді. Жүйе орнында тұрмайды, себебі жыл сайын­ жаңашылдықтар енгізіледі. Цифр­л­андыру да белсенді дамы­ған­дықтан, босаңсуға уақыт жоқ.

Жедел басқару орталығының қыз­метімен танысқаннан кейін тәртіп сақ­шылары халықтың қорғаны деп айтуға болатынына көз жетті. 102 операторына соғылатын бір қоңыраудың соңында осындай командалық қызмет атқарылып жатқанын біле жүрейік.

 

ПАВЛОДАР