Меморандум шеңберінде тараптар педагог кадрларды бірлесіп даярлап, олардың біліктілігін арттырып, оқытуда тәжірибе алмасып, білім беру стандарттары мен оқыту әдістерін әзірлеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірлесіп жұмыс істеп, білім алушылардың кәсіптік практикасын жүзеге асырып, бірлескен білім беру – ғылыми іс-шараларын іске асыру көзделген.
«Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы: «Бүгінгі таңда дамудың басты кілті білім беру болып табылады, біз уақыт талабына барынша бейім шығармашылық ұрпақты тәрбиелеуіміз керек», деп атап өткен болатын. Біздің жоғары оқу орындары арасындағы серіктестікті дамыту ХХІ ғасырдың тұлғалары үшін қажетті дағдыларға ие және білім беру кеңістігінің трендтеріне сәйкес келетін жоғары білікті педагогтерді даярлауды жетілдіруге бағытталған», деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов.
Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Б.Тілеп елімізде педагогтердің жетіспеушілігіне назар аударды.
«Мұның бір себебі – демографиялық өсу, әсіресе, Астана мен Алматы сияқты негізгі орталықтарда. Астана қаласының әкімімен кездесуде 2024-2025 оқу жылына елордадағы орта білім беру мекемелері үшін 600-ден аса маманның қажеттілігі туралы айтылды. Сондықтан біз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен және Астана қаласының білім басқармасымен меморандумға қол қойып, тәжірибеден өтуге 180 студент жібердік», деді ол.
Айта кетейік, Президент тапсырмасы аясында Еуразия ұлттық университетінде жеке педагогика факультеті ашылады. Осы ретте аталған қос жоғары оқу орны «Арнайы педагогика» бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отыр.