Оқиға • 06 Наурыз, 2024

669 баланы құтқарған

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниеде мейірімді жүректен артық не бар? Ең ұлы істің, ең сұлу сөздің, ең нәзік гүлдің, ең мөлдір көздің тұңғиығы мейірімде жатыр. Бүгін айтқымыз келіп отырған Николас Уин­тон есімді жанның әр демі мейірімнен тұрады десек, артық айт­паған болар едік. Ол жан шыдатпас азаптан 669 еврей баласын құтқарып қалған.

669 баланы құтқарған

Алып жүрек иесі 1909 жылы Лон­донда дүниеге келген және 106 жасқа дейін өмір сүрген. Қа­рапайым еврей отбасы­нан шыққан Николас табысты брокер болып қызмет атқарған. Ол қаншама жанның өмірін тағ­дыр талайынан қалай құтқа­рып қалды?

1938 жыл. Қыркүйек айы. Ұлыбритания, Франция, Италия және Германия мемлекеттерінің басшылары «Мюнхен келісіміне» қол қойды. Құжат бойынша Че­хо­словакияның Судет облысы Германияға өтуі керек. Ал бұл об­лыста қаншама еврей отбасы тұ­ратын. Немістердің еврейлерге деген көзқарасын, көрсеткен азабын айтпасам да, біліп  отырсыз.

Ұлы мейірім көші осы кезде басталған. Николас балаларды құтқарамын деген шешімге келеді. Ол жетімдердің, ата-аналары қамауға алынған­дар­дың, науқастардың, кедей­лердің тізімін жасайды. Күн сайын Праганың айналасында босқындар лагерьлерін аралап, бәрін хабардар етеді. Ба­лалар Англияға кетуі үшін олар­­ға үй-жай, қамқоршы табады. Өз қалтасынан бәріне ақша береді. Істің барлық кем-кетігін толықтырып, жүйелеп алған соң, 7 пойызға 669 баланы отырғызып, өлім мен азап тұзағынан алысқа алып кетеді.

Одан кейін қаһарлы соғыс басталды. Уақыт зымырап өтіп, барлығын өз орнына қойды. Ал Николастың ерлігі туралы тірі жан білмеді. Иә, бұл іс 49 жыл бойы құпия күйде жатты. 1987 жылы әйелі оның ескі жазба кітапшасын кездейсоқ тауып ала­ды. Солай ғаламға ізгілігін шаш­қан із күллі әлемге әйгілі болады.

1988 жыл. BBC арнасы Уин­тонды ток-шоуға шақырады. Мұ­ны естіген батырымыз аң-таң. Ал жүргізуші оның қайырымды ісі туралы айтқанда, тіптен таң­ға­лады. Дегенмен тосынсый мен таңғажайып сәттер мұнымен біт­педі. Залда Николас 50 жыл бұрын өмірін сақтап қалған балалар да отыр. Мейірімді жүрек иесі оларды көргенде көзіне жас алды. Мейірім көші осымен аяқталды деп ойласаңыз, қате­лесесіз. Ол ешқашан аяқталмайды.