Фото: Н.Байбулин.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Парламент Сенатының ұйытқы болуымен еліміздегі мәслихаттар институтының 30 жылдығына орай сәуірдің 18-19 күндері халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.
Естеріңізге салайық, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевты қабылдады. Қабылдау барысында берілген тапсырмалардың бірі – Парламенттің заң шығару қызметіне жергілікті өкілді органдардың депутаттарын кеңінен жұмылдыру.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің ерекше рөлін және Палатаның өңірлерді дамытуға тигізіп келе жатқан зор ықпалын атап өтті. Конференция алаңында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси және экономикалық реформаларды іске асыру кезіндегі мәслихаттардың рөлі жан-жақты талқыланады. Қуатты өңірлер әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаттың негізі және елдің драйвері екені анық. Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына және мәслихаттардың нәтижелі жұмыс істеуіне ықпал ету жолында күш жұмылдырудың маңызы зор», деді Мәулен Әшімбаев.
Халықаралық конференцияға Парламент депутаттарымен бірге барлық деңгейдегі мәслихаттардың төрағалары, сондай-ақ, отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуы жоспарланып отыр.