Қоғам • 06 Наурыз, 2024

Елу де – еңбектің жасы

109 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дегендей, қазіргі заманда ауызбірлігімізге сына қағатын алалаушылықтың түрі көп кездеседі. Соның бір мысалы – жасы келген кісілерге еңбек жағдайында лайықты құрмет көрсетілмеуі. Қартаң азаматтар бұл келеңсіз кедергіге көбінесе жұмыс іздегенде тап болады.

Елу де – еңбектің жасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жалпы, жасына қарай кемсітушілікке ұшырайтын мұндай жағдай әлемде эйджизм деген терминмен сипатталады. Бұл ұғымды алғаш рет 1969 жылы АҚШ-тың қартаю жөніндегі ұлттық институтының директоры Роберт Нил Батлер енгізді. Ол аталған терминді басында тек егде жастағыларды алалау мәселесін көрсету мақсатында қолданған екен. Бірақ кейін келе өмір жолын енді бастаған жастар да тәжірибесінің жоқтығынан тауы шағылып, осындай күйге душар болатыны байқала бастаған. Осылайша, эйджизм ұғымының ауқымы ұлғайған. Дегенмен бұл атау көбіне қағажу көрген қартаң адамдармен астасып кеткен және мәселе дүниежүзінде қариялардың қатары артқан сайын ушыға түскен.

Қарияларды кемсітетін келеңсіз кө­ріністен біздің еліміз де ада емес. Себебі кейінгі жылдары Қазақстанда қарт азаматтардың үлесі шамамен 11%-ға жет­­­ті. Халықаралық стандарттар бойынша халқының 7%-ын қариялар құрайтын мемлекет қартайып бара жатқан елдер санатына жатады екен. Бұл өлшемге салғанда, Қазақстан да «қартайып» бара­ды. Олай болса, эйджизмге жол бермеу мәселесі назардан тыс қалмауы керек.

Кемсітушіліктің бұл түрі көбіне жұ­мыс іздеу кезінде байқалатынын айт­тық. Әсіресе елуді еңсергендер «екі қолға – бір күрек» таба алмай аяғынан тозады. Бұл жастағы азаматтарға қолынан келетін жұмыс табыла қойғанымен, жұмыс берушілер жасына қарап, мұндай маман­дарды қолай көре бермейді. Осылай әбігерге түскен кісілерді айналамыздан жиі кездестіруге болады. Бірақ бұл мәселені арнайы қарастырып, нақты статистика түзіліп, зерттеу жүргізу жағы кемшіндеу болып тұр.

пр

Осы орайда назарымызға «Head Hun­ter» компаниясының жүргізген зерт­теуі ілік­ті. Бұл – еліміздегі жұмыс беруші­лер мен жұмыс іздеушілерді бір алаң­­да, яғни интернет кеңістігінде түйістіре­тін портал. Бірақ жасы егде тартқан ­мамандар осы тетікті жиі қолдана бер­мей­ді әрі қашықтан жұмыс істеуге бейілді емес. Мысалы, аталған порталда 2021 жылы 3 миллионнан аса жұмыс іздеуші тіркелсе, соның тек 2,4%-ы ғана 55+ жастағылар екен. Атап өтетін бір жайт, бұл порталда жұмыс беруші хабарландыру жариялағанда үміткерден жасы мен жынысын көрсетуді талап ете алмайды. Мұндай хабарландырулар кемсітушілік деп саналып, сайт тарапынан бұғатта­ла­ды. Сонымен HH зерттеуі бойынша 55 жастан асқан адамдардың жұмысқа орналаса алмауының бір себебі – талап етілетін табыс деңгейі. Әлбетте, жұмыс берушілердің жас әрі қабілетті мамандарды қабылдауды жөн көретіні белгілі. Алайда оларға демографиялық дағдарыс, мамандардың тапшылығы таңдау қалдырмайды-мыс. Сондықтан елуді еңсергендер де сұранысқа ие. Бұл ретте олардың тәжірибесінің молдығы да оң жағынан бағаланады. Есесіне ондай мамандар көбіне біліктілігін бұл­дап, жоғары жалақы сұрайтын көрінеді. Сондай жағдайда жұмыс ұсынушы амалсыздан тәжірибесі аз болса да, көп жалақы талап етпейтін жастарды алуға мәжбүр болады. Дегенмен мұндай мәселе де жасқа байланысты кедергі ретінде саналып, алалаушылыққа жатады екен.

Расымен, көптеген салада маман жетіс­пеушілігі сезілетін қазіргі уақытта қай жаста болса да өз ісін білетін, тәжіри­бесі толысқан маманға жұмыс табыла­ды. Мысалы, 58 жастағы астаналық Нурид­дин Елмұратовқа осы уақытқа дейін өзі жұмыс істеп келген кәсіпорын тара­тылғанда, жан-жақтан сұраныс түсіпті.

«Мен елордадағы ірі компания «Цес­наға» қарасты бір еншілес кәсіп­­орында жұмыс атқарып келдім. Маман­дығым – инженер-энергетик. Біраз уақыт бұрын бір себептермен біздің кәсіпорын жұмысын тоқтатады. Сол уақытта өзіммен қызметтес болған көптеген маманға басқа жақтардан сұраныс түсіп, тез-ақ жұмыс ауыстырып кетті. Жасымның алпысты алқымдап қалғанына қарамастан маған да ұсыныс болды. Бірақ қаншама жылғы еңбегімді, тәжірибемді ескеріп, компания басшылығы басқа еншілес кәсіпорынға ауыстыруды жөн көрді. Жалпы, жас ұлғайған сайын еңбек жағдайында бел­гілі бір кедергілер пайда болатын шы­ғар, бірақ білікті мамандар қашанда жұ­мыссыз қалмайды деп ойлаймын», деді ол.

Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова елімізде эйджизм мәселесі екі мыңыншы жылдардың басындағыдай өткір емес екенін алға тартты.

«Қазір жасы егде тартқан, жұмыссыз қалған мамандарды бұрынғы жұмыс орындары қайтадан шақырып жатқаны байқалады. Әсіресе бұл жағдай мемле­кеттік секторға тән. Алайда мұндай оң үрдіс еңбек салаларының барлығында бола бермейді. Еңбек жағдайында кемсітушіліктің көрініс беруі қоғам­ның бір бөлігінің иерархиясы мен кон­сер­вативтілігімен де байланысты. Бұл әр­түрлі жастағы адам бір-бірін сте­рео­типті түрде, белгілі бір жасқа тән мә­де­ниет, мінез-құлық және білім багажы аясын­да қабылдаған кезде қоғамда кво-мәртебесін сақтайды. Алайда мұндай қабылдау көбіне-көп қоғамға, соның ішінде экономикаға зиянын тигізеді. Жал­пы, елімізде жасқа байланысты таптау­рын түсініктердің жойылуы үшін бір­шама уақыт керек», дейді сарапшы.

Егде тартқан адамдар замана көші­не ілесіп, жаңа технологияларды мең­гере алмауынан жұмыс ортасында кем­сітушілікке ұшырайтын жағдайлар да болады. Сондықтан эйджизммен күресте үлкен кісілердің компьютерлік сауатын арттыру да басшылыққа алынады. Негізінде бұл мәселеге мүлдем жол бермеу үшін біраз мемлекетте заң аясында шара қолдану қарастырылған. Мысалы, Францияда жасына байла­нысты кемсітушілік үшін қылмыстық бап болса, Ұлыбританияда дәлелденген эйджизм фактісі үшін 45 мың фунт стерлингке дейін айыппұл салынады. Ал АҚШ-та жұмыспен қамтуда жасы бойынша ала­лауға тыйым салатын арнаулы заң бар. Ол заң 40 жастан асқан жұмысшылардың құқығын қорғайды.

Бұл ретте Қазақстанда кемсітушілікке қарсы шара қолдану үшін заңнаманы жетілдіру қажеттігі бар. Сарапшылар­дың айтуынша, азаматтардың жас ерек­шелігіне қарай кемсітушілікке ұшы­рағанын дәлелдеу өте қиын. Өйткені елі­міздің заңнамасында эйджизм жөнінде нақты түсінік жоқ, сондай-ақ оның белгілері де айқындалмаған.

Дегенмен елімізде эйджизммен күрес деп бағалауға болатын бастамалар жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн. Мысалы, әлеуметтанушылар эйд­жизммен күресте тәлімгерлік институтын күшейтудің маңызды екенін айтады. Яғни аға буын мен жастарды тәжірибе алмасуы үшін бірлескен жобаларға тарту ұсынылады. Осы орайда елімізде қолға алынған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы еске түседі. Бұл бастама 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясын­да іске асырылып жатыр. Мұның мақсаты – зейнеткерлік жасқа жеткен, жұмыс істеп жүрген қызметкердің орнын басатын жас маманды жұмысқа орналастыру. Үміткердің жалақысы 6 айға дейін мемлекеттік субсидия арқылы төленеді. Субсидиялардың айлық мөлшері салық­тарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есеп­­темегенде банк қызметтерін ескере оты­рып, 30 айлық есептік көрсеткішті құ­­рай­ды. Келісімшарттың мерзімі өт­кен соң, үміт­кер тәлімгердің айлық та­бы­сына тең ке­лерліктей тұрақты жұ­мыс­қа орналастыра­ды. Былтыр «Ұрпақ­тар ке­лісімшарты» жобасы арқылы ел өңір­лерінде 493 адам жұмысқа орналасты. Жоба аясында жұмысқа орна­ласқандардың ең көбі Ақ­төбе (104 адам), Алматы (39 адам) және Жетісу (39 адам) өңірлерінде байқалады.

Сөз басында эйджизмнің ауқымы кең екенін, бірнеше түрге бөлінетінін келтірдік. Соның ішінде джейнизм егде жастағыларды кемсітуді білдірсе, эдалтизм – жастарды алалаудың анықтама­сы. Яғни орта жастан асқандар сияқты жас­тар да жұмыс табарда тәжірибесі­нің жоқ­тығынан көптеген кедергіге тап болады. Сонда еліміздегі жолға қо­йыл­ған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы эйджизмнің осы екі түрінің де алдын алу­­ға бағытталған бастама екені көрінеді.

Эйджизмге жол бермеу бағытындағы іс-шаралардың бірі ретінде «Күміс жас» жобасын да атауға болады. Бұл жобаға 50 жастан асқан және зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орта­лығына өтініш беру қажет. Еңбек мобильділігі орталығы еңбекақы төлеуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен осы жобаны қаржыландырып отыр.

«Жұмыстың бірінші жылындағы субсидиялар мөлшері жалақы мөлшерінің 70%-ын, жұмыстың екінші жылында – 65%-ын, үшінші жылында 60%-ын құ­райды. «Күміс жас» жобасына қатысу мер­зімі аяқталғаннан кейін жұмыс беру­ші зейнеткерлік жасқа толмаған адам­ды кемінде бір жыл мерзімге, сон­дай-ақ зейнеталды жастағы азаматты зейнет­керлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс­пен қамтуға міндетті», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің Халықты жұмыспен қамту депар­таменті директоры Асқар Ниязов.

2023 жылы «Күміс жас» жобасы бо­йын­ша 50 жастан асқан 15 166 адам жұ­­мысқа орналасты. Бұл қатардағы аза­­мат­­тардың ең көбі Түркістан (2 103 адам), Қызылорда (1 121 адам), Алматы (1 099 адам), Қарағанды (1 092 адам) және Ақ­төбе (1 056 адам) облыстарында тір­келді.

Түптеп келгенде, сөздің түйіні қазақ­тың «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасына келіп тіреледі. Тек осыны сөзбен ғана емес, іс жүзінде де көрсете білген жөн. Қоғамның іргесі осындай ізгі қасиеттермен нығайып, көшіміз ілгері жылжиды. Ақын Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шахановтың «Он екіден үшті алса – нөл қалады» дегені сияқты, көктеміміз – жастарсыз, күзіміз – қарттарсыз өмірімізді, болашағымызды елестету мүмкін емес.