Аймақтар • 07 Наурыз, 2024

Өндірісті Екібастұздың балаларға тартуы

82 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Екібастұздық балалар жаңа оқу жылында заманға сай шығармашылық орталыққа ие болады. Нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен демеушілер қаражатына тұрғызылып жатыр. Нәтижесінде, қаладағы оқушыларды қосымша білім берумен қамту көрсеткіші екі есеге артады деп болжанып отыр.

Өндірісті Екібастұздың балаларға тартуы

Кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Премьер-министр Ертіс-Баян өңірі­нің өндірістік және мұнай-газ саласындағы іргелі жобаларымен та­нысып, Президент жүктеген тап­сыр­малардың жүзеге асу барысымен танысты.

Екібастұзда салынып жатқан балалар шығармашылығы сарайын­да келешекте 9 мыңның үстінде жасөспірім қосымша білім алады деп жоспарланған. Оның ішінде 1,5 мыңы – ерекше қажеттілігі бар балалар. Шаһар мектептерінде бү­гінде 22 590 оқушы білім алса, олар­дың небәрі 31 пайызы, яғни 7 мыңға жуығы ғана мектептен тыс уақытын пайдалы өткізіп жатыр.

«Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатқан нысан. Сондықтан сапасы да өте жоғары деңгейде болуы­ керек. Мұндай орталықтар бала­­лардың бос уақытын қамтып, олардың шығармашылық қабілетін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Орталық іске қосылғаннан кейін қалада қосымша біліммен қамту деңгейі 71 пайызды құрамақ. Жоба жеке бақылауымда болады», деді О.Бектенов.

Келешек орталықтың нәтиже­сін­де қаладағы 16 мың бала қо­сымша біліммен қамтылады деп күтіліп отыр. Шығармашылық сарайында шамамен 102 адам еңбекпен қамтылса, оның тең жартысы педагогтер болады деп жоспарланған.

«Үйірмелер 17 бағытта жұмыс жүр­гізеді. Олардың ішінде шығар­машылық, өнер, музыка, IT-техно­логиялар қамтылады. Заманға сай ғимаратта ғарыштық радиобайланыс клубы, роботтехника студиясы, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг-аймақ, дыбыс жазу студиясы, фотография академиясы, көркем-эстетикалық шеберхана, спортзал және т.б. ашылады деп күтіліп отыр. Орталықтың өзі төменгі қаба­тымен есептегенде 4 қабатты нысан болып салынбақшы», деп атап өтті Екібастұздың әкімі Аян Бейсекин.

Олжас Бектенов коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарының барысымен және тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларымен танысты. Екібастұз ЖЭО-да өңір әкімі Асайын Байханов Үкімет басшысына жылумен қамту жүйесін қалпына келтіру аясында барлық 10 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Станса көрсетілген параметр­лерге сәйкес қалыпты қуатында жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 4 жылу магистралі мен орамішілік желілер де күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін барлық магистральді желілерді цифрлан­ды­ру аяқталады. Сондай-ақ өңір басшысы облыстың үш қаласында жөндеу науқанының жоспарын ұсынды. Екібастұз қаласы бо­йын­­ша ТМ-1 және ТМ-2 жылу ма­гис­тральдерін күрделі жөндеудің жобалау-сметалық құжаттамасы және Екібастұздағы кәріз коллекторы мен Майқайың су құбы­рын күрделі жөндеу жобалары әзірленіпті. Ал Павлодарда ТМ-13 құрылысы жүргізілсе, Ақсу қала­сын­да орамішілік жылу желі­лері күрделі жөндеуді қажет етеді.

Премьер-министр Екібастұздың жылумен жабдықтау жүйесін қал­пына келтіру үдерісін жалғас­тыру қажет екенін атап өтті. Үкімет та­р­­а­­­пынан толықтай қолдау көр­се­тіледі.

«Біз Екібастұздың 2022 жылдың қысында қандай қиыншылықты бас­тан өткергенін білеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет резервінен жылумен жаб­дық­тау желілерін жөндеуге және ЖЭО-ны жаңғыртуға 16,4 млрд теңге бөлінді. Меншік ие­лерімен бірлесіп, жылу орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шаралар қабылданды. Барлық қазандық жөндеуден өтті. Қаланың жылу желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Жұмыс қарқынын арттырып, жылу желілері мен жылу көздері жаб­дықтарының тозуын азайту қажет», деді О.Бектенов.

Көмірлі шаһарда сондай-ақ темір­жол дөңгелектерін шыға­ра­тын «Пром­машкомплект» ЖШС-ның жұмысы таныстырылды. Зауыт – Қазақстанда атал­­­ған өнімді шығаратын жалғыз кәсіпорын. Оның ассортименті халықаралық стандарттарға сәйкес келетін локомотивтерге, жүк және жолаушылар вагондарына ар­налған теміржол дөңгелектерінің 400-ден аса түрін қамтиды. Қуаты жылына 300 мың бірлік өнім шығаратын кәсіпорынды іске қосу Екібастұзда толыққанды теміржол кластерін құруға және импортты алмастыруға елеулі үлес қосуға мүмкіндік берді.

О.Бектенов аталған өндіріс орны­ның толық жүктемесін қамта­масыз ету маңызды екеніне тоқ­талды. Зауыт «Қазақстан темір­жолы» компаниясының және өнеркәсіптік кәсіпорындардың қа­жет­тіліктерін ішінара өтейді, сондай-ақ өнімді Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбек­станға жеткізіп отыр.

Түстен кейін Үкімет басшысы облыс орталығындағы мұнай-газ және металлургиялық кәсіп­орын­дарын аралап, өндірістік көр­сеткіштерін зерделеді. Мәселен, Пав­лодар мұнай-химия зауыты жылына шамамен 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнімдердің ішінде автомобиль бензинінің әртүрлі маркалары, дизель отыны, мазут, битум, коммуналдық-тұрмыстық газдар және т.б. бар. Премьер-министрдің сөзінше, Мемлекет басшысы ішкі нарықты отынмен қамтамасыз ету бойынша Үкімет алдына нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты мұнай өңдеу зауыттары мұнай өнімдерінің бүкіл желісі бойынша өндіріс көле­мін ұлғайту үшін барлық шара кешенін іске асыруы қажет.

«ҚазМұнайГаз» компа­ния­сының төрағасы Мағзұм Мырзағалиев зауыттағы жаңғырту жұ­мыс­та­рының арқасында қайта өңдеу көле­мі 20 пайызға (16,6 млн тоннаға дейін), мұнайды өңдеу тереңдігі рекордтық 86 пайызға, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару 72 пайызға дейін өскенін баяндады. Автомобиль бензиндері өндірісін 80, ал дизель отыны өндірісін 30 пайызға ұлғайту есебінен ішкі нарықтың қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілді. Бұған қоса бүгінде битум өндірісін еселеуге, қысқы суықта қатпайтын дизель отынын шығаруға күш салынып жатыр.

Үкімет басшысы сонымен қатар «Нефтехим LTD» компаниясы мен «KSP STEEL» ЖШС-да, Қазақстан электролиз зауыты мен алюминий зауытында болды. О.Бектенов Павлодар облысында мұнай-химия кластерін дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Нефтехим LTD» зауыты полипропилен өнімдерін импорттау мәселесін шешіп қана қоймай, сондай-ақ отынға қоспа түрінде экспортталатын жаңа бағытты игерді. Энергетика министрлігіне әрі қарай өндірісті ұлғайту үшін кәсіпорынды шикізатпен қамта­масыз ету мәселесін мұқият пысық­тау тапсырылды.

Сапар соңын Ақсу қаласындағы ферро­қорытпа зауыты мен «ЕЭК» АҚ электр стансаларында түйін­деді.

 

Павлодар облысы