Қоғам • 06 Наурыз, 2024

Ер мен әйел

101 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атам қазақтан қалған тәмсіл бар. «Әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы. Ерлер көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» деп келеді. Осылайша, ер мен әйелдің құқығын екі жол қағидамен бекітіп берген. Бұл қағида қағазда қатталмаса да дәстүрлі отбасы заңы бұлтақсыз орындалған. Оны аузы дуалы, сөзі уәлілер қатаң бақылап отырған.

Ер мен әйел

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Билеріміз: «Әйел жақсы болса, ердің басшысы емес пе? Бұрынғылар осылай демес пе?» (Төле би) десе, «Елдің елдігін сақтайтын – тарихы, жол-жорасы, ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сақталып, көп буын қолданып келе жатқан жол» депті ақын М.Жұмабайұлы. «Жақсы тәртіп әдетке айналса – ырыс, жаман тәртіп әдетке айналса – қырсық» дейді жазушы Ғ.Мұстафин. Мұның бәрі – ұлттың бірлігін ұстаған, сөзге тоқтаған жұртымыздың айнымас заңдылықтары. Бұдан адасу – тұйыққа тіремей қоймайды. Түрлі заманды бастан өткерген халқымыз талай талқыға түсті. Сындырсақ деген қара ниеттердің әрекеттері ұлтымызды әлсіреткенмен, көздегеніне жетпеді, өздері жойылып кетіп жатты. Ниеті түзу, пиғылы шаң-тозаңнан таза қазақ Алаш ұлдары жетсек деген азаттыққа табан тіреді. Таудай талабын, үлбіреген үмітін өркенді елге арқалап, бірлікті алға оздырып, көк Туымен бірге көтерді. Содан бері де үш онжылдықты артқа тастап, төртінші он жылдықтың үш қадамын басып тұрмыз.

Кейінгі жылдары жаныңды жегідей жеп, үрейіңді ұшырған зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Небір дерек тізбеленеді, қатыгездік көрсетіледі. Әсіресе балаға жасаған қатыгездік, тіпті өлім құшқан періштелердің тағдыры жанарыңа жас үйіреді, ойды ойран етеді, көңілді көлдей толқытады. «Кінәсі не, күнәһарлар?!» дегізеді. Мұндай сұмдықтардан бабаларымыз отбасының қорғаны деген ер де, ұйытқысы деген әйел де бас тартпайды.

Мұндай қатыгездіктің себебі неде? Қалай шектен шықтық? Бұл не басыну дегенді сарала­дық па? Жоқ. Салдарын айтып, «жарнамалаумен» келеміз. «Ұлттық құндылықтардан жұр­дай рухта тәрбиелеген» (М.Шоқай) шіріген «жұмыртқа­лардың» талтаңбайлығы ма? Әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, жұмыссыздық, аз қазақтың бай, кедей болып бөлінуінің кесірі тіпті содан туындаған өшпенділіктің кесепаты емес пе? Біз сан сылтаумен ақталып, артымызға үлгі-өнеге, аталы сөз, баталы тілек қалдырмасақ, кейінгі толқын қандай баға береді? Тіпті, оларға керегіміз шамалы емес пе?

Қазір әйелдердің құқығы, балалардың қауіпсіздігі туралы заңға өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр. Бірақ заңмен кесапат тоқтай қалар ма? Қатаң заң қалыпқа сала ала ма? Қамай беру өшпенділікті өршітпей ме? Бұл салдарды саралап, осыған қалай келдік деген сұрақтың сан себебін таразылап көрдік пе? Салдар ер мен әйелді қарсы қою болып жүрмей ме?

Олай емес десек, Мәжіліс депутаттары – айтыс­кер ақын А.Әлтаев пен журналист Е.Бапи «әке сесі, әке жолы, әкең біледі деген қайда?» дегенді айтты. «Анаң біледі», «әкеңді қойшы» деген тәрбие ұлттық қасіретке айналып кетпей ме? Бұл қазақтың дәстүрлі отбасы құндылықтарын жоюға әкелмей ме? Ұят болады, обал-сауап бар, қызға қырық үйден тыйымның түбіне жетіп, осы күндері байқала бастаған бетімен кетуге жеткізіп жүрмей ме? Адам айтса сенгісіз, қатыгездіктерді ескермей, ашық қоғам деп тамырына бойламай, үйренеміз деп өзгенің жетесіздігін жетік зерттеп, ой-зердеден өткізбей қабылдай салудан болған пәлекет емес пе? Осы жерде С.Торайғырұлының:

«Біреу бай, біреу төре, біреу жарлы,

Көбі зарлап төгіп жүр жас пен қанды.

Атаңды жау шапқанда бірге шауып,

Борсықтар семіріп жүр көміп арды...

Қайдан табам халықтың шын баласын,

Суын сүзіп, ақтарсам тау даласын» деген өлең жолдары ойға оралады. Осы жерде елім деген Абай, ұлтым деген алаштықтар еске түседі. Ұлтты сақтайтын – ұлттық салт-сана, дәстүр, құнды­лықтар. Осыны ұққан, бойына сіңірген ұрпақ қана. Басқаның бәрі өткінші. Өркениет деп дәстүрден жаңылып барамыз. Содан келіп тіл шұбар, діл діңгегі теңселіп тұр. Осы қалыппен кете берсе, жұртымызды құрдымға тартып кетпей ме? Оны заң жөнге сала ма? Рух жансызданса, сүлдер қалады. Ұлт қасиеті бекімесе оның қайыры шамалы ау!?

Бүкіл қазақты серпілтетін рухани күш керек болып тұр. Ол өткен ғасырдың соңы мен жаңа ғасырдың басында болды. Елдікті сақтаған сол сенім рухы еді. Сенім рухына қан құйып, жан салмай жөн сөз шешім таппас.

Жасырып қайтеміз, қазақ – құндылығы жазылмаған заңмен бекітілген отбасы институтынан ажырап барады. Ер мен әйел де ұлттық менталитеттен ажырай бастады. Ана – бала, әке – бала, ата – немере араларына жік түсті. Көп жағдайда алда тізгендердің қадір-қасиеті кете бастады. Теледидардан, әлеуметтік желілерден көрсетіліп жатқан ұлтқа жат әрекеттер, тіпті жыныс туралы жүзіңді шарық ететін сұмырайлық жастарды аздырып тоздырып барады. Осы қалай, тыйым бола ма деудің орнына кейбір қандастарымыз білгеннен зиян жоқ деп сәуегейсиді. Бұл ұлт ұрпағын оңалтуға емес омалтуға бастап бара жатқан немқұрайлық.

Жат әдеттерден зорлық-зомбылық, басбұзарлық шығып жатқаны анық. Тіпті әлгіндей ұлтқа керек емес қыңырлық бәсекеге айналып бара жатқанына ешкім дау айта қоймас. Бұл дамыған елдерде, яғни капиталистік жүйеде бұрыннан бар еді. Олардағы қан-жоса болған қатыгездікті кинодан көретінбіз. Енді құлақ естігенді көз көріп, жағамызды ұстап отырмыз. Сынықтан басқаның бәрі жұғады деген осы болар.

Қазір кенже балам дейтін ата-ана жеке тұруға бейіл. Кенже келін-бала бұған қуанбаса, еш ренжімейді. Келе-келе жалғыз қалған, қарттар үйін жағалаған ақ бас, ақ шаштар көбеймесе азаяр түрі жоқ. Бұл да дәстүрлі құндылықтың құлдырауы. Өзгенің қызылына жығылудың салдары. Бұлай кете берсек, кәрі Еуропаның күйін кешіп, қарттар үйін көбейтеріміз хақ.

Жан-жағымыздағы елдер халық саны жағынан жыл сайын өсіп келеді. Ортасында біз 20 миллионға жеттік. Ер мен әйел – ұлт қазынасы. Қазы­на халыққа қызмет етеді. Ендеше, қазынаны тел­қоңыр­дай көрелік те, жат әдеттерді әлеуметтік те­тік­терден, жүйесіздіктен іздейік. Салдарын емес, себебін анықтайық. Жері байтақ, байлығы мол аз жұртымызды бай-кедей деп бөлмейік. Байдың байлығы белгілі ғой, кімнің атасынан ат басындай алтын қалып еді? Талан-таражыға түскен қазынаны қанжығаға байлағандардың кесірінен көп адам шұбырындыға айналды, кедейліктің қамытын киді. Осының ақ-қарасын Мемлекет басшысы айтудай-ақ айтып келеді. Соны мүлтіксіз орындасақ сұмдықтар тыйылып, сұмырайлар жойылар еді.

Отбасы құндылығы оңалар еді, халықтық тәрбие төрге озар еді. Ұл-қызымызға әлемдік білім кеңістігінің озығын алып, халықтық педагогикаға ұштастырсақ ұтылмас едік. Ер мен әйелді таразы басына қойып, сен мықты, жоқ анау мықты деген салыстыру тыйылар еді. Ұлт саны артар еді.

Ер де, әйелде ұлт намысы деп, бүгінді емес, ертеңгі кемел күнді, қызмет пен қызықты емес, келер ұрпақты ойлап, ауыр ұйқыдан оянса, қазақ жат қылықтан безінер еді.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

ардагер журналист