Білім • 06 Наурыз, 2024

Елордада тәжірибеден өтеді

79 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 200-ге жуық студенті Астанадағы білім ордаларында болатын өндірістік іс-тәжірибелерін бастады. Болашақ мұғалімдерге Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ізгі лебізін білдірді.

Елордада тәжірибеден өтеді

Мектептерді жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтама­сыз ету мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен Абай университетінің 181 студенті бас қа­ламыздың 32 білім беру ұйымына өнді­рістік тәжірибеге келген. Сол сту­денттермен Еуразия ұлттық универ­си­тетінде кездесу өтті. Оған министр Саясат Нұрбек және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика­лық университетінің ректорлары, Астана қаласы білім басқармасының жауапты ма­мандары, оқу орындарының басшылары қатысты.

Мазмұнды шара барысында С.Нұрбек 2023-2029 жылдарға арнал­ған жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжы­рым­дамасына, кадрлармен қамта­масыз етуге және педагогикалық білім беру мәсе­лелеріне кеңірек тоқталды. Тәжірибеден өтуге келген талапты жастарға қол­дау көрсетіп, бағыт сілтеді. Сондай-ақ жас­тардың өздеріне артылған жауапты істі лайықты алып шығатынына сенім білдірді.

– Бүгінде Астанада педагог кадр­лар­дың тапшылығы байқалады. Жыл сайын елордада ондаған мектеп пайда­лануға беріледі. Бұл мұғалімдерге деген қажеттіліктің артып келе жатқанын көрсетеді. Студенттердің бүгінгі қадамы осы мәселені шешуге көмектеседі деп сенемін. Жалпы жаңа деңгейдегі педагог кадрларды даярлауды үнемі назарда ұстаймыз, – деді министр.

Кездесуге қатысқан студент-практи­канттардың да жүздері бал-бұл жанып, ризалық кейіпте болғанын байқадық. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Иманғали Мәм­бетәлі бұл өздері үшін жаңа орта ғана емес, қолайлы мүмкіндік екенін айтты.

– Біз – Абай университетінің төртінші курсында оқимыз. Осындай мүмкіндік ту­ғызған Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігі мен Астана қаласы білім бас­қар­­масына ризашылығымызды білді­ре­­­міз. Бір жағынан, бұл – үлкен жауап­­­кер­шілік. Біз осындай тәжірибенің ұйым­­дас­тырылғанына қуанамыз. Оқу орда­лары біз­ді жылы қабылдады. Мемлекеті­міз сту­денттердің сапалы білім алуына бар­лық іс-шара қабылдап жатыр. Сол се­нім­ді ақтауға күш саламыз, – деді ол риза көңілмен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қазан айында өткен Рес­пуб­ликалық педагогтер съезінде еліміз­де 5 мың педагог жетіспейтінін айт­қан болатын. Бұл көрсеткіш жылдан-жыл­ға артып келеді. Ал педагогика саласын­да оқыған әрбір бесінші түлек өз маман­дығымен жұмыс істемейді екен. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың білік­тілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді.