Форум барысында Nazarbayev University оқу ісі жөніндегі вице-провосты Лоретта О’Доннелл университет қауымдастығының әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тәжірибесі және NU БҰҰ-дың Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі міндеттемесі, оның бесіншісі – гендерлік теңдік мақсаты бойынша Қазақстанның салыстырмалы түрде жақсы көрсеткішке ие екенін атап өтті.
«Гендерлік теңдік бәрімізге өте маңызды. NU-да cтуденттердің 50 пайызы – қыздар. Мұғалімдер арасында нәзік жандылардың қатары 50 пайызға жетпейді. Бұл үшін әлі жұмыс істеу қажет. БҰҰ-ның мәліметі бойынша, әйелдер дүние жүзіндегі жұмыс уақытымен 70 пайыз еңбек етіп, әлемдік табыстың тек 10 пайызын ғана алады екен. Сондықтан экономикалық мүмкіндікті кеңейту керек. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық тұрғысынан қауіпсіздік мәселесі де өзекті», деді ол.
Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова қазақ қыздарының білімі мен белсенділігін ерекше айтты.
Сарапшылар елімізде әйелдердің еңбегі жеткілікті деңгейде бағаланбайтынын, статистика бойынша олар отбасы мен оның мүшелеріне қызмет көрсетуге үш есе көңіл бөлетіні туралы мағлұмат жариялаған.
Сондай-ақ жоғарыда айтылған үш университет бірлескен «Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы гендерлік білім берудің ғылыми тұжырымдамасы: теориялық және әдістемелік негіздері» атты ауқымды ғылыми жобасы аясында Nazarbayev University кітапханасы гендер бойынша электронды библиографиялық ресурс әзірлеген. Онда сенімді дереккөзі ғана емес, қазақ тілінде де гендерлік статистика бойынша ақпараттар қамтылған.
Сонымен қатар жоба шеңберінде үш жоғары оқу орнының ғалымдары гендерлік академиялық пәндердің дерек қорын құруды, «Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс, экономика, филологиялық бағдар» атты жаңа пәнаралық білім беру модулі мен еліміздегі гендерлік білім мәселелері бойынша электрондық ақпарат каталогін дайындауды көздеп отыр.