Қазақстан • 07 Наурыз, 2024

Қоқиқаздар Қаракөлге ұшып келді

185 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газеттің бүгінгі санында Бақытбек Қадырдың «Айдынға қоқиқаз қонды» деген мақаласы жарияланды. Мақалада биылғы көктемнің жеткенін қоқиқаздар сүйіншілеп, Маң­ғыстау жеріндегі Қаракөлге қонғаны жазылған.

Қоқиқаздар Қаракөлге ұшып келді

Суретті түсірген – Серік МАЙЕМЕРОВ

Мақалада келтірілген мамандардың сөздерінше қоқиқаздар біздің елге Афри­ка, Түрікменстан, Ауған­стан елдерінен сәуір айында ұшып келіп, күн суытатын қыркүйек, қазан айларына дейін болады. Қоқиқаздардың елордаға жақын жердегі негізгі мекені – Қорғалжын қорығы, олар да сонда мекендеп, көбейеді.

«Қоқиқазды орыстар «фламинго» деп атайды, ол латынның «алаулаған от-жалын» деген сөзінен алыныпты. Ал қазақтар оны қызылқанат қаз немесе қызылқаз деп те атайды. Қызғылт қоқиқаздың сыртқы түрі басқа құстармен салыстырғанда ерекше. Тұлғасы жұмыр, сирақтары ұзын, құйрық қауырсыны қысқа. Қоқиқаздар – жер бетіндегі ең ұзын сирақты құстардың бірі. Тұмсығы үлкен әрі дөңес келеді, ұшы қара, төмен қарай біткен. Содан да «қоқиқаз» деп аталған болу керек. Былай қарасаңыз, сырт келбеті балет бишілерін еске түсіреді. Айдынға топтасып қонғанда алаулаған жалын тәрізді көрінеді», дейді мақала авторы.

Мақалада қарт құстанушылардың ай­туындағы цифрлы деректер де келтірілген: «50-60 жылдары 50 мыңнан аса қоқи­қаз болса, 1972-1976 жылдар ара­лығында олардың саны күрт азайып – 5-9 мың, 1977 жылы – 13,500, 1978 жылы – 35-36 мың, ал қазір қатаң қорғаудың нәти­жесінде 25-30 мыңнан асады».

«Елімізде қызғылт қоқиқаз­дарды қорғау үшін 1968 жылы арнайы Қорғалжын мемлекеттік-табиғи қорығы және Торғай мемлекеттік-табиғи қорықшасы құрылған. Қоқиқаздар – атуға мүлде тыйым салынып, ерекше қорғауға алынған құс. Бұл әсем құстар туристер тартудың таптырмас жолы. Сол себепті де оның айдынға қонғаны – елге ырыс келгенімен бірдей», деп түйіндейді мақала авторы.