Сенат • 07 Наурыз, 2024

Сенаторлар трансферттік баға белгілеу мәселелері туралы заңды мақұлдады

94 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Отырыс барысында сенаторлар «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл заң Қазақстанның негізгі экспорттық позицияларының баға белгілеуіне бақылауды күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар трансферттік баға белгілеу мәселелері туралы заңды мақұлдады

Фото: Н.Байбулин

Атап айтқанда, заң салық салынатын кірісті ұлғайтуға мүмкіндік беретін интерквартильдік ауқымды және баға диапазонының медианалық мәнін қолдану арқылы экспорттық бағаны төмендетуге жол бермейді.

Сондай-ақ отырыс барысында атап өтілгендей, құжат нормалары салық төлеушілердің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын төмендетуге арналған.

«Мемлекет басшысы трансферттік баға белгілеу мәселелерін мұқият пысықтауды тапсырғаны белгілі. Осы бағыттағы жұмыстың бірі ретінде трансферттік баға белгілеу тетіктерін жетілдіруді көздейтін заң әзірленді. Заңда халықаралық іскерлік операциялар мен келісім-шарттар жасау кезінде кіріс ысырабын болдырмауға бағытталған қосымша ережелер қарастырылған. Сондай-ақ капиталды елден шығаруға бақылауды күшейтуге арналған түзетулер бар. Алдағы уақытта заң бұл салада мемлекет мүддесінің тиімді қорғалуын қамтамасыз етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар Қайрат Тастекеев, Советбек Медебаев, Айгүл Қапбарова, Ғалиасқар Сарыбаев түрлі салалардағы мәселелер бойынша депутаттық сауалдарын жолдады.

Сенат отырысын қорытындылаған Мәулен Әшімбаев келе жатқан Халықаралық әйелдер күніне орай ел аруларын мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнады.