Сенат • 07 Наурыз, 2024

Ғылыми диссертацияларды бағалау шарттары өзгеруі мүмкін

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Қайрат Тастекеев өзінің депутаттық сауалын вице-премьер Тамара Дүйсеноваға жолдап, PhD диссертациясын қорғау барысында докторанттардың тап болатын мәселелері туралы айтты. Докторанттардың көбі халықаралық Scopus дерекқорында мақаласы жарияланған кезде қиындыққа тап болады. Бұл олардың диссертациясын қорғауды қиындатады. Соның кесірінен 2011 жылдан 2022 жылға дейін 10 276 докторанттың 4 497-сі ғана қорғай алған. Олардың көбі халықаралық ғылыми басылымдарда мақаласының болмауына байланысты қорғауға жете алмаған, докторанттардың 93,5%-ы мемлекет есебінен оқыған, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғылыми диссертацияларды бағалау шарттары өзгеруі мүмкін

Фото: senate.parlam.kz

Сенатор 2018 жылдан 2022 жылға дейін халықаралық деректер базасының қызметін төлеуге мемлекет бюджетінен 5,2 млрд теңге жұмсалғанын атап өтті. Бірақ Scopus деректер базасы бойынша Қазақстан ғалымдары мақаласының жаһандық ауқымдағы үлесі аз деңгейде қалып келеді.

«Ғылыми мақалаларды жариялауға байланысты проблемалық негізгі мәселеге  назарларыңызды аударғым келеді. Ғылыми жұмыстарды жариялаудағы қиындық күшті бәсекелестік пен рецензияның қатаң талабына, сондай-ақ қаржы кедергісіне байланысты. Халықаралық базалар барлық ғылыми саланы бірдей қамти алмайды, бұл кейбір мамандандықтағы зерттеушілерді қолайсыз жағдайға душар етеді. Біздің ғалымдардың өсіп-өркендеуі жалғыз бағалауға байланысты болуы мүмкін емес. Ол халықаралық базада мамандығы танымал емес немесе көпшілікті қызықтырмайтын адамдарға әділетсіз болып отыр. Бұл академиялық әділеттілік мәселесі», деді Қайрат Тастекеев.

Қайрат Тастекеев осыған байланысты халықаралық базалардағы мақаласымен шектелмей, диссертациялық жұмыстардың сапасын бағалау өлшемшарттарын қайта қарауды ұсынды. Депутат халықаралық деректер базасына енгізу үшін олардың деңгейін арттыруға ықпал ететін сапалы ұлттық ғылыми журналдарды дамыту мен қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сенатор сонымен қатар жас ғалымдарды өз жұмыстарын халықаралық журналдарда жариялауға қолдау көрсету үшін арнайы гранттардың болуын маңызды деп санайды.

«Халықаралық ғылыми базаларға қол жеткізу және академиялық жазу бойынша тренингтерді қамтамасыз етумен қоса зерттеулердің сапасын арттыру жөнінде кешенді бағдарламалар әзірлеу керек», деді Сенат депутаты.