Ұстаз • 07 Наурыз, 2024

Парасатты ұстаз

144 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жанар Таласпаева М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде табан аудармай 32 жыл ұстаз болып келеді. Мәртебелі маман иесі қандай жетістікке жетсе де, жібек мінезді, парасатты қалпынан бір айныған емес.

Парасатты ұстаз

Ұстаздардың арасында тек өз жұмысын сүйетін, одан ләз­зат алатын, оқушылары мен студенттерін жақсы көргеннен жастардың жалынынан қуат алатындары ғана күш-қуатын жо­ғалтпайды. Ұлы Абай: «Ұстаз­дық еткен жалықпас – үйретуден балаға» дегенде нақ осындай ұстаздарды айтқан. Жанар Сер­кешқызы, міне, осы қағидаға дөп келген ұстаз. Ол өзінің көркем мінезінен ешқашан өзгермей, қажымай талмай, студенттерімен барынша жылы қарым-қатынас жасап келеді. Оның алдынан шыққан жастардың алғыстан басқа айтары жоқ.

Қазір ол М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан уни­вер­ситетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының про­фес­соры, университет ректо­ры­ның кеңесшісі, филология ғы­лымдарының кандидаты. Кан­­дидаттық диссертациясын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің аспирантурасын аяқтағаннан кейін акаде­мик Мырзатай Серға­лиев­тің бас­шылығымен «Ғалым Мал­дыбаев поэ­зиясының көр­кем­­дік құ­рал­дары» атты тақы­рыпта қорға­ған. Одан бері кафедра меңгерушісі, Тіл жә­не әде­биет инсти­ту­тының ди­рек­­торы, одан «Ру­хани жаң­ғы­ру» өңірлік жо­балық кеңсесінің басшысы, проректор секілді қызмет са­тысынан өтіп, 2022 жылдан қазіргі қыз­метін атқарып келеді. Бас­шы­лық, ұстаздық қыз­мет­тен қол үзбей жүріп, 6 мо­ног­ра­фия­сын жа­риялаған. Бұ­дан басқа ол 20 оқу және оқу-әдіс­теме­лік құ­ралдардың жарық кө­руі­не атсалысқан, АҚШ, Гер­ма­ния, Чехия, Болгария, Молдо­ва, Беларусь, Ресей, Украина, Жапо­ния елдерінде болған ғылы­ми-практикалық конферен­ция материалдарында баяндамалары жарияланған, жалпы саны 200-ден астам ғылыми, 100-ге жуық қоғамдық-саяси, мемлекеттік тіл мәселелеріне қатысты мақа­лалары шыққан. Осының бәрі оның білікті ұстаз, жаңашыл педагог екенінің айғағы.

Оның жетекшілігімен 40-қа жуық магистрлік диссертация қорғалды. Кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, бір­неше сертификат алған. Ол Ұлы­­­британия, Польша, Ре­сей, Түр­кия, Қырғыз елдерінде ғылы­ми тағылым­дамадан өтіп, «Жоғары оқу орын­да­ры­­ның үздік оқыту­шысы – 2016» мем­­лекеттік грантының иегері болды. Қоғамдық жұмыс­тармен де белсене айналысады.

Ж.Та­ласпаева – үл­кен шаңы­рақтың отанасы, балалары­ның аяулы анасы бола білген жан. Кәсіпкер болып істейтін жұ­байы Қуандық екеуі Төлеген, Діл­нәз есімді ұл-қыз өсіріп, қазір Астанада дәрігер болып істей­тін ұлынан Айша деген немере сүйіп отыр. Ділнәзі – универ­ситеттің 2-курс студенті.

«Қазіргі жастардың бойынан қандай мінездерді көресіз?» дегенімізде, ол: «Қазіргі жастар арасында достықты, туысқандық қатынасты қажет етпейтін, өзім­шіл жастар көбейген», деген өкінішін айтты. «Алайда қазір тәуелсіз еліміздің игілігін көрген, жаңаша ойлайтын, 2-3 тілді еркін білетін ұрпақ өсіп келеді. Олардың жоғары білікті маман болуға мүмкіндігі де, әлеуеті де жоғары», деді ол сеніммен. 

 

Петропавл