Тәрбие • 08 Наурыз, 2024

Әженің ақ тілегі

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарадала төсінде кіндігі кесілген Күлпара Жуашқызының жүріп өткен жүзжылдық жолы тарих таспасына таңбаланып келеді. 1922 жылы Шошанай аулында дүние есігін ашқан дала перзенті – ес біліп, етек жиғалы халқымыздың басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдердің куәсі ғана емес, ауыртпалығын да арқалаған аяулы жан.

Әженің ақ тілегі

«Соғыстың күйіп тұрған тұсында, 1942 жылы осы үйге келін боп түстім. Жалғыз бауырым бар еді, сол кісі «Ең болмаса басына орамал салып, орнын та­уып кетсін» деп мені 16 жасымда ұзатып жіберді. Ол уақытта 15–16 жастағы ұл-қызды шахтаның қара жұмысына алып кететін. Өзі соғысқа аттанды. Әкемнің шаңырағында екі кемпір, бір әйел, 5 пен 2 жастағы екі бала бар – барлығы бес жан қалды», деп төркіні туралы тебіренген кейуана көзіне жас алды.

Ақ босаға аттаған соң, ері Тақабай Шортанов та бас көтерер ауыл азаматтарымен бірге май­дан­ға кеткен екен. Алты айлық сәбиімен ата-енесінің қолында қалған жас келін қара шаңырақтың шаруасымен қатар, мектепте күндіз бала оқы­тып, түнде тырма тартатын атқа мініп, сол жылдардағы ұжым­шардың қара жұмысына жегіледі. Ауылдың тұрмысын тұралатқан тұста бел шешпей еңбек еткен әйелдер араласпаған шаруа қалмаған. Таң елең-алаңы­нан көз байланған уақытқа дейін шөп шауып, шөмеле салу, мал бағып, отын-су әзірлеу сынды кезек күттірмес шаруалардың бел ортасында болған ауыл әйелдерінің ерен еңбегі мен ерлік істері ел есінде. Осылайша, артта қалған жылдарын күрсіне еске алған асыл әженің әжім іздерінен өткен өмірі сыр шертіп тұрғандай сезілді.

Туған топырағына аман-есен оралған Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Тақабай Шор­танов отбасымен Нарын­қол­дың Көмірші аулына қоныс аударып, 20 жылға жуық Кеген ауданының ағарту саласында ұзақ жыл еңбек етеді. Он үш баланы өсіріп, өрбітеді. Ұстаздықпен қатар, ауылдың еңсесін тіктеуге атсалысқан ері де еліне елеулі еңбек сіңірген. Сөйтіп, қиындық атаулыны қол­тықтаса жүріп жеңген қос қария биік бәйтеректей тамырын тереңге жайған. Балаларынан немере, шөбере, шөпшек сүйген ұрпақтарының саны осы күні 200-ден асқан Тақабай ата 94 жасында өмірден өтеді.

Ауасы саф, суы мөлдір, от жағып, түтін түтеткен аулынан асқан жұмақ жоқтай көретін ғасырмен құрдас ардагер әже әлі де қайратты. Өткен күнгі оқи­ғаларды мысал етіп, келін-балаларын жақсылыққа, мейірім­ділікке, ізгілікке баулып отырады. Шаңырағының алтын қазығы, асыл қазынасына айналған әз ә­женің әңгімесін тыңдап, ақ батасын алуға келетін кісі қарасы да босағасынан үзіліп көрмеген. Қазақтың қасиетті ғұрпы мен ата салтын ардақ тұтып, оны жаңа заманғы жастардың бойына дарытуға әл-дәрмені келгенше тырысып бағады.

«Соғыстың қиыншылығын аз көрмедік, аш та, жалаңаш та болдық. Әйтеуір тірі болған соң бәрін жеңіп шықтық. Қазіргі мамыражай күнімізге тәубе дейміз. Наннан тарығып отырған адам жоқ, көңілі тоқ, көйлегі бүтін, ұйқысы тыныш. Бұдан артық не керек?» деп тоқшылықтан гөрі жоқшылықтың ащы дәмін татқан Күлпара әже аста-төк ысырапқа жол бермеуді үнемі еске салады.

«Кәриям қартайғанша қы­мыз­дан қол үзбедік. Осы Ұзын­бұлақта да бие саудық. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тілен­бей» деген. Ерінбей еңбек­тенген жанның ырзық-несібесі мол болады», дейді асыл әже.

Алтын құрсақ асыл ананың ашытқан бал қымызы мен таба нанының тәтті дәмін татпаған жан кемде-кем шығар. Тай-құлындай жарысып, шұрқыраса бірге өскен ауыл балалары түтін өрілгеннен үймелеп, Күлпара әже­нің жаңа піскен ыс­тық нанын жапырақтап үзіп, таласа-тармаса жейтін бала­лық шақтарын асқан сағы­ныш­пен еске алады.

«Әкем екеуі бірін-бірі қас-қабағынан түсінісетін, қадірлеп отыратын, соның өзі бізге үл­кен өнеге еді. Еңбекке епті әрі шап­шаң қимылдайтын анама ауыл қариялары шаштарын алдыратыны есімнен кетпейді. Содан соң ол кісілердің басы-көзін жуып беретін. Анамның ұзақ жасауының бір сыры да сол үлкендерден алған ақ батасының шапағаты болар деп ойлаймын», дейді үлкен ұлы, аудан­ның құрметті азаматы Марат Тақабаев.

Қос ғасырдың куәгері болған ақсамайлы әженің ақ тілеуі – елдің тыныштығы, ағайынның ауызбірлігі мен бекем тірлігі. «Қазағымның құт-берекесі ауылда, одан тамыр үзуге болмайды», дейтін ғасырмен құрдас Күлпара әженің тағылымға толы әр сөзі су түбінде жалтыраған маржандай көкірекке сәулесін құйып, шуағын шашады.

 

Алматы облысы