Фильм «Кәріс келін» деп аталады. Құрылғанына 3 жыл толған «Тurkistan» арнасының бұл тырнақалды төлтуындысы екенін де айта кетелік. Комедиялық мелодрама жанрындағы фильм шынайы оқиғаларға негізделген. Кореяда 5 жылға жуық жұмыс істеген Сәкен 2023 жылы елге өзімен бірге сүйіктісі Суджин Лиді алып келіп, қарашаңырағына келін етіп түсірген. Бүгінде жас отбасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Фильм Суджин Лидің Қазақстанға келген алғашқы күндердегі басынан өткізген қызықты оқиғаларынан бастау алады. Онда екі жастың махаббаты ғана емес, отбасы құндылықтары, қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталады. Мысалы, бір әулеттің жалғыз ұлы кәріс қызына үйленіп, ертең елден кетіп қалып, шаңырақтың оты сөніп қала ма деген Сәкеннің жақындарының уайымы, шекара асып келген қызды бетін ашпай үйіне кіргізіп алған отбасына ауыл ақсақалдарының жиналып келіп, ақылдарын айтуы сынды қазақы танымдар мен мұндалайды. Фильмнің идея авторы – «Turkistan Media Holding» ЖШС бас директоры Жанахмет Ағыбаев. Режиссері – Сардор Расулов, сценарийін телеарна қызметкерлері бірлесе жазып шыққан. Рөлдерді Түркістан облысы мен Шымкент қаласының кәсіби актерлері сомдаған. Ал басты кейіпкер Сәкен мен Суджиннің және Розаның рөліне корей тілін жетік меңгерген актерлерді кастинг арқылы Алматыдан шақыруға тура келген. Сәкеннің рөлін – Аслан Қайыпжан, Суджинді – Жұлдыз Мұрат, ал Розаны Ая Исабаева сомдаған. Үшеуінің де актерлік жолындағы бұл алғашқы фильм болғандықтан кемшін тұстарына кешіріммен қарауға болатын секілді. Суджинді сомдаған Жұлдыз Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде корей-ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандығын меңгеріп жүр. Түсірілім барысында Суджинмен кездесіп, әңгіме-дүкен құрған Жұлдыз қиындық болғанын жасырмайды. Корей тілінде сөйлеу оған аса қиындық келтіре қоймаған. Ал Кореядан Қазақстанға махаббаты үшін келген қыздың ішкі сезімін бұлжытпай беру үшін көбірек еңбектенуіне тура келіпті. Қиындықтармен қатар қызықты сәттер де болған. Мәселен, Жұлдыз түсірілім барысында сиыр сауу есте қалған ең қызықты сәттердің бірі болғанын айтады. Сәкен мен Суджин де түсірілім барысында болған екен. Ал Сәкеннің әкесі Ерланды сомдаған белгілі әнші, актер, көпшілікке «Түркістаным тұраным» әнімен де танымал – Марат Оразметов бірталай фильмге түскен, өзіндік келбеті бар, зор дауыс пен талант иесі еді. Фильмдегі Ерлан – Марат Оразметовтің кино әлеміндегі ең соңғы рөлі болды. Туындының түсірілімі қараша айында аяқталған. Ал актер желтоқсанның 7-сі күні жарық дүниемен қош айтысты.
Бүгінде шынайы оқиға желісімен түсірілген «Кәріс келін» фильмі Түркістан, Шымкент қалаларының кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Тұсаукесерге келген көрерменнің қарасы қалың. Көрсетілімнен соң фильмге жоғары баға бергендер де, өз пікірін білдірушілер де болды. «Оңтүстік десе, ойымызға алдымен әзіл-оспақ туындылары келе қалатыны рас. Бұл фильмнің де комедиялық сахналары жетерлік. Одан бөлек танымал әзілкештердің фильмде ойнауы соншалықты сәтті болды деп айта алмаймын. Фильмнің ұтқан тұсының бірі – Түркістан өңірінің күздік кейпін, сұлулығын әдемі бере алған. Табиғатына қарап отырып көз суарасың. Қалай болғанда да, телеарнаның алғашқы жұмысы – жап-жақсы фильм. Ең бастысы, арада тау жатыр, мұхит жатыр, салт жатыр, сана жатыр демей, бірін-бірі тапқан, махаббаты бәрін жеңген ғашықтардың шынайы оқиғасына ескерткіш қаланды деп ойлаймын», дейді көрермендердің бірі, жас ақын Сезім Мергенбай.
Иә, жаңа туындының өз айтары бар. Түлкібас ауданының бір ауылында жас отбасы адал махаббатын аялап отыр. Сондай-ақ өзгені де өз баласындай көретін қазақ жұртының тәлім-тәрбиесінің мықтылығы, қонақжайлылығы фильмде байқалады. Әр күлкілі сәттің астарынан тәрбиелік мәнді аңғарған көрермен қауым жоғары баға беріп жатыр. Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында бар болғаны 9 күнде түсірілген фильм көрермендері күн санап көбейе түскенін де айта кетелік.
Түркістан облысы