Ұзақ уақыт бойы «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамыту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлінген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топ мемлекетке 3 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Сотқа дейінгі тергеу барысында 107 млн теңге өндіріліп алынған. Оған қоса күдіктілердің құны 3,1 млрд теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды.
Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жең ұшынан жалғасқан қылмыстық амал-әрекеттерге ұзын саны 49 адам тартылған. Оның 13-і – ұйымдасқан топтың мүшесі. Осы 13 күдіктіге субсидияларды жымқырды, салық төлеуден жалтарды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырды, лауазымды тұлғаларға пара берген және құжаттарды қолдан жасаған деген айып тағылып отыр.
Ұйымдасқан топтың басшысы өз бақылауындағы компания қызметіне салықтық тексеру жүргізген мемлекеттік қызметшіге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданды деген күдікке ілігіп отыр.
Аталған қылмыстық іске Қостанай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарындағы 30 шаруа қожалығының басшылары мен өкілдері күдікті ретінде тартылып жатқанын айта кету керек. Мұның сыртында, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 3 бірдей лауазымды қызметкеріне ақша қаражатын ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген айып тағылған.
7 ветеринарлық дәрігер құжаттарды қолдан жасағаны үшін, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені үшін, сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айыпталып отыр.
Қостанай облысы