– Гүлзада Тәңірбергенқызы, бұл жаңашылдық маман даярлауда қандай өзгерістерге жол ашады?
– «Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасы» аясында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті индустриалды университет болуға қадам басты. Мұның аймақтың жан-жақты даму болашағының іргетасын қалауға септігі мол. Біріншіден, өзін өзі қамтамасыз ететін табысты түлектер шоғыры даярланады. Екіншіден, индустрияны инновациялық тұрғыда қолдауға қабілетті ғылымға бетбұрыс жасалып отыр. Үшіншіден, университетіміз индустрияны, бизнес пен мемлекеттік органдарды біріктіру жолында диалог алаңы бола алады.
Инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу, сұранысқа ие жаңа білім беру бағдарламаларын құрып, зерттеулердің экожүйесін дамыту секілді басқа да жобаларды жүзеге асыру арқылы университетті заман талабы мен еңбек нарығының сұранысына сай дамытуды мақсат етіп отырмыз. Индустриалды университет білім беру қызметін әлемдік нарыққа экспорттап, өңірге кәсіби мамандарды шоғырландыру мен зияткерлік капиталды арттыруға жол ашады. Сонымен бірге аймақтың әлеуметтік-экономикалық және технологиялық дамуына тың серпін береді.
– Осы оқу орнының базасында Үкімет қаулысымен И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филилалы ашылды. Осы жайында айтып өтсеңіз.
– Бұл – Мемлекет басшысының инженерлердің жаңа буынын тәрбиелеу туралы тапсырмасының аясында ашылған жаңа филиал. Қазір студенттер «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» мамандықтарында оқып жүр. Біздің оқу орнымызда аталған филиалдың ашылуы білім беру бағдарламаларының трансферін қамтамасыз етіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға септігін тигізеді.
– Университетте мұнай-газ саласына қажет мамандар даярланады. Осыған байланысты саладағы ірі компаниялар маман даярлау үшін инвестиция салып отыр ма?
– Әрине, кейінгі үш жылда университетке 20-дан астам компания жалпы сомасы 700 миллион теңгеден асатын құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Бұдан бөлек студенттерге корпоративтік грант беруге 33 компания жалпы сомасы 1,6 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді. Биыл «Ембімұнайгаз» АҚ компаниясының қолдауымен оқу-индустриялық полигонның құрылысы басталады. Н.Балғымбаев атындағы қор 2021 жылы университет балансына заманауи үлгідегі Коммуникацияларды дамыту орталығын салып берді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Атырау мұнай өңдеу зауытының қаржылай қолдауымен Н.Нәдіров атындағы мұнай-химия инженериясы және экология институты ашылды. Бұрнағы жылы М.Асаубаева қорының қолдауымен Студенттер сарайына күрделі жөндеу жүргізіліп, қазіргі заманғы креативті орталыққа айналды. Орталықта Атыраудағы ең үлкен 700 орындық зал бар.
– Оқу орны мен индустрия арасында тиімді диалог алаңын құру бағытында тағы қандай жұмыстар қолға алынды?
– Біздің университетте жоғары оқу орнының өндіріспен, технологиялар және бизнеспен интеграциялық рөлін қалыптастыру, «индустрия-білім-ғылым» қағидатын іске асыру арқылы білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру бағытында құрылған индустриалды комитет бар. Оның мүшелерi – өңірдегі ірі компаниялар мен кәсіпорындардың топ-менеджменті студенттерге білім берудің басым бағыттары бойынша АтМГУ-ге нұсқаулар мен кеңес беруде маңызды рөл атқарады. Мәселен, былтыр жазда Қазақстанда алғаш рет Summer Industrial School жазғы индустриалды мектебінің жұмысын бастадық. Геология, мұнай-газ ісі, мұнай өңдеу, химия инженериясы және өндірісті автоматтандыру бағытында оқып жатқан студенттер еліміздің түкпір-түкпірінен Атырауға жиналды. Олар үш апта бойы қазақстандық ірі мұнай-газ компанияларының жұмысымен танысты. «Теңізшевройл», Атырау мұнай өңдеу зауыты, КРI, «ҚазМұнайГаз» Инжиниринг» және басқа да әріптес компанияларда кәсіби курстардан, тренинг, тағылымдама және тәжірибеден өтті.
Тағы бір атап өтер жайт – біздің университет 2015 жылы елімізде алғаш рет дуалды білім беру жүйесін енгізді. Бұл бағдарлама бойынша дәрістің 60 пайызы компаниялардың базасында өтеді. Осылайша, нақты кәсіпорында нақты қызметті орындауға толық әзір мамандарды даярлау мәселесі шешіледі. Ал 2023-2024 оқу жылында 93 компанияда 757 студент дуалды оқытудан өтіп жүр.
– Экономиканың әр саласын, әсіресе мұнай-газ өнеркәсібін де ғылымсыз өркендету мүмкін емес. Сіз басқаратын университетте ғылым бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Университеттің құрылымдық бөлімшесі – Мұнай-газ саласын зерттеу институты мұнай-газ саласындағы проблемалар картасын әзірлеп, өндірістің техникалық және технологиялық проблемаларын шешу алгоритмін жасады. Еліміздегі алғашқы Коррозия орталығы С.Өтебаев Атырау мұнай және газ университетінде ашылды. Норвегиядағы кәсіби кеңеспен бірлесе отырып, FROSIO инспекторларын оқыту мен сертификаттау бойынша аккредиттелген оқу органы құрылды. Өйткені бұл мәселе Атырау өңірі үшін өте өзекті болып отыр. Сондықтан аталған орталық өнеркәсіпте сұранысқа ие өңірлік мамандарды даярлау орнына айналады деген сенімдеміз.
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Атырау облысының проблемаларын шешу үшін аймақтық ғылымды жетілдіруге бастамашы болды. Университет базасында Атырау облысы әкімінің жанынан ғылыми-техникалық кеңес құрылып, өз жұмысын бастады. Мұның бәрі – келешектің инвестициясы саналатын жоғары оқу орнының қоғамдағы рөлін нығайтып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге серпін беретін қадам.
Әңгімелескен –
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Атырау облысы