Айта кету керек, аудан әкімдерін сайлау қанатқақты жобасына мұнай және хром өндірісі бар Мұғалжар, Темір, Хромтау аудандары емес, бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысатын дотациядағы аудандар таңдалған. Содан бері жарты жылға таяу уақыт өтсе де, өңірдегі үш сайланған және бұрын тағайындалған тоғыз әкімнің жұмыстарынан айырмашылық, соны серпін, оң өзгеріс сезілмейді. Қазіргі кезде осы он екі аудан басшысының алдында құрылысы көптен бері тұрып қалған мектеп, спорт кешені, әлеуметтік осал топтағыларға арналған бес қабатты тұрғын үйлер құрылысын аяқтау, жолдар құрылысын қадағалау міндеті тұр. Ырғыз ауданындағы Жарма және Қобда ауданындағы Терісаққан алпыс орындық мектептерінің алты жылдан бері аяқталмай келе жатқаны тіпті ұят.
Көктемгі су тасқыны – әкімдер жұмысын бағалаудың басты өлшемі. Былтыр күннің күрт еруінен Ойыл өзені арнасынан асып кетіп, Қаратал мен Екпетал ауылдарын, Қобда өзені аудан орталығындағы біраз үйді басты.
Аудан әкімдері ауылдардағы интернет байланысын реттеу, кәсіпкерлікті дамыту, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтуға білек сыбанып кірісуі керек. Әрине, бұл жерде көп нәрсе аудан басшысына да байланысты емес. Өйткені, аудандардағы ірі жобаларға тапсырыс беруші – облыстық сәулет және құрылыс басқармалары. Барлық мәселе басқарма мен бас мердігер арасында шешіледі. Соған қарамастан, аудан әкімі де жобаланған істердің уақыты аяқталуына мүдделі болуға тиіс.
Тағы бір мәселе – жер қарайса, былтырғыдай «Ауыл аманаты» жобасы жалғасады. Атаулы көмек алатындар санын азайту, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы аз уақытта тиімділігін дәлелдеді. Бір жылдың ішінде 1892 ақтөбелік 7,7 млрд теңгеге 1667 жоба ұсынып, несие алған. Қазіргі уақытта несие беру жалғасып жатыр. Осы қаңтарда 250 млн теңгеге 51 жоба, ақпанда 519,5 млн теңгеге 83 несие ресімделген. Бірақ өткен жылы күзде картоп, сәбіз, қырыққабат өсіргендер өнімдерін өткізе алмады. Қысқа сақтауға көп шаруашылықтың қоймасы жоқ. Алдын ала өнім өткізу жолдарын реттемесе, былтырғы жағдай биыл да қайталануы мүмкін.
Көктемде ауыл адамдары құс шаруашылығымен айналысуға көбірек ықылас білдіріп отыр. Оған себеп – кейінгі уақыттағы саудада жұмыртқа тапшылығы мен тауық етінің азаюы. Алайда Ақтөбе облысында құстың жемі мен минералды қоспалары Ресейдің Орынбор облысындағы Ор қаласынан не тіпті Башқұртстаннан әкеленетіндіктен, жем қымбатқа түседі. Мал басын, құс санын көбейту үшін олардың азығы мол әрі қолжетімді болуы керек.
Қобда ауданы тұрғындарының саны – 18 623 адам, 16 ауылдық округке біріктірілген 28 елді мекені бар. Ауданда ауыл шаруашылығы, өсімдік шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары, жылыжайлар жақсы дамып келеді. Ауданда ірі қара мен ұсақ мал саны 25 пайызға артқан. Өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 853 қобдалық арзан несиеге қол жеткізіп, кәсіп ашты.
Ал Ойыл ауданында 22 елді мекен бар. Оның 20-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл бес ауылға су тазартатын блокты-модуль қондырғы орнатылады. Аудан халқының көрген игілігі – өткен жылдың соңында Көптоғай ауылдық округіне қарасты Шұбарши ауылына су құбыры мен Қаратал ауылына газ құбырының тартылуы. Бірер күн бұрын Саралжын ауылдық округіне қарасты Шиқұдық ауылында 4G мобильді интернеті байланыс жүйесі іске қосылды. Еңбек жолын Ойыл ауданында қарапайым жұмысшы болып бастап, округ әкімі, ауылшаруашылық бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасарына дейін жоғарылап, 2019 жылдың 7 шілдесінде әкім болып тағайындалып, одан өткен жылы сайлауға түскен Асқар Қазыбаевтың алдында тұрған міндет – ауыл кәсіпкерлігін дамыту. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін шағын цехтарды көптеп ашу керек. Тағы бір назар аударарлығы, Ақтөбе облысында сүт өнімдерін өңдеп, одан түрлі өнім шығаратын шағын цехтар жұмысы жолға қойылмаған.
Ырғыз ауданы тұрғындарының саны – 15 мыңнан асады, 18 елді мекені бар. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов осы ауданның қаржы бөлімінде экономист, салық инспекторы, ауылдық округ әкімі, аудандық мәслихат хатшысы болып жұмыс істеген. Оның мойнында бірнеше аяқталмаған «сақалды құрылыс» бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ырғыз ауданында ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі жоғары болған. Алайда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға ниет білдірушілер саны өте аз. Түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз бе, әлде несие алуға құжат әзірлеу жолға қойылмаған ба – осы жағы түсініксіз. Бар білгеніміз – кәсіпкерлікті дамыту мен ауыл шаруашылығын дамытуда Ырғыз ауданы бар мүмкіндігін пайдалана алмай келеді. Оның бір жолы – аудан арқылы өтетін «Самара – Шымкент» тасжолының бойында тамақтандыру орындарын, кемпингтер желісін ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуды дұрыс жолға қоюға болар еді.
Соңғы жаңалық, Ақтөбе облысында ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімдерінің қызметі мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысу, экономикалық даму, әлеуметтік даму көрсеткіштері мен және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша бағаланбақшы. Осы арқылы әр ауданның даму деңгейі сараланып, төмен көрсеткіштегі ауылдық округтер анықталады. Облыс әкімдігінде өткен жиында мұндай рейтингті әр тоқсан сайын жасау туралы ұсыныс айтылды.
Ақтөбе облысы