Медицина • 11 Наурыз, 2024

Оқыс жағдайдағы сәтті операция

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кешегі күнгі жер сілкінісі кезінде ақ желеңді абзал жандардың антына адалдығы мен өз ісіне бе­ріктігі қызу талқы­ла­нып, операция үстелін­дегі жұ­мыстарын еш алаң­сыз сәтті аяқтап шыққан­да­рына жұрт алғысын жау­дырды.

Оқыс жағдайдағы сәтті операция

Соның бірі Қонаев қала­лық көпсалалы ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері Раушан Әбдуәлиева жер сілкінісі ке­зін­де төртінші баласын аман-есен дүниеге әкелуді көздеген аяғы ауыр әйелге кесарь тілігін жасады.

«Нәресте мен оның жолда­сын құрсақ қуысы мен жатыр­ды кесу арқылы шығару ке­зінде жан-жағымыздың дір ете қалғанын сездік. Бұл жер сілкінісі екенін түсін­дік. Де­генмен ана мен бала өмі­рі­­нің қауіпсіздігінің ма­ңы­зын ойлап, операцияны сәт­ті аяқ­тауды көздедік. Әйел­ге жұ­лын анестезиясы беріл­ген­дік­тен, ол нәрестесінің аман-есен дүниеге келгенін түсі­ніп, жақ­сы сезімде болды. Мен үшін оның сол кездегі пси­хо­логия­лық тыныштығы бәрінен де ма­ңызды еді.

Жер сілкінгенін сезбеген әйел сәбилі болғанына қатты қуан­ған. Жұртты үрейлендір­ген тө­тенше жағдайда дүниеге кел­ген ұл баланың салмағы – 3 910 грамм, бойы – 55 см. Ана­ның да, жаңа туған нәрес­те­нің де жағдайы жақсы. Бұл – дә­рі­герлер үшін ең үл­кен жетістік. Операциядан шық­қаннан кейін отбасына қоңырау шалып, олардың амандығын білген дәрігердің көңілі жай­ланған.

«Тыныштық эмоциялардан күшті екенін алғаш аңғар­­дым. Бұған дейін әйел босанған ­кезде жер сілкінісі болатынын елес­тетіп көрмегенмін. Бар на­зарымды қуанышты оқиға­ға аудару үрейге берілмеуіме кө­мектесті. Тіпті жамандық ой­лау­ға уақыт болмады. Сөйтіп, опе­­рациямыз сәтті аяқталды. Дегенмен бұл сәт есімізде мәң­гі сақталып қалатыны сөз­сіз», дейді дәрігер Раушан Бекжанқызы.

Жер дүмпуі кезінде осы аурухананың хирург-дәрігер­лері Тахир Шкуралиев, Айдос Қизатов және Айжарық Шерхан да 50 жастағы науқасқа операция жасап жатқан еді.

«Біз не болып жатқанын бір­ден түсіндік, бірақ ешқайсымыз үрей­ленбей, сабырлы түрде опе­рацияны жалғастырдық. Жер сілкінісінің күші одан жо­ғары болса да, біз науқасты жал­ғыз қалдырмайтын едік. Оның өмірі мен денсаулығы бәрі­нен жоғары. Біздің емдеу мекемесінде бірде-бір дәрігер науқасын тастап кетпей, оның қауіпсіздігі үшін жер сілкіні­сінің ықтимал зардаптарынан қорғауға тырысқанына сенім­дімін», дейді оташы-дәрігер Шерхан Мұратұлы.

Адам өмірінің сақшысына ай­налған ақ желеңді абзал жан­дар­­дың біліктілігімен қоса, ме­йі­рім­ділігіне тұрғындар дән риза.

 

Алматы облысы