Тұлға • 12 Наурыз, 2024

Айтыстың ақтаңгері

316 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық ақыны, республикалық ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Уақыт шымыл­дығы көлегейлеген көне деректерді тірілтіп, ақтаңгер айтыс ақынының бедерлі бейнесін сомдап, артында қалған мол мұрасын оқырманға олжа етсек, жарасымды емес пе?

Айтыстың ақтаңгері

Атам қазақта тек деген қасиетті ұғым бар. Ақынның алпыс екі тамырындағы ыстық қан, бойындағы қуат, ең бастысы ақындық өнер қайдан дарыған деген сауал төңірегінде бірауыз сөз айта кетелік. Әкесі Шәкей арқылы Алашқа әйгілі Ақан серімен жалғасып жатыр. Арыдағы Біржан сал, Ақан сері, Шал ақын мен Арыстанбай, Шөже мен Орынбай, Тоғжан сынды ағыны қатты, мөлдір жыр дариялардың өзіндей, иә болмаса көзіндей жалғасы. Туған жері көгілдір Көкше сілемдерінің бір-біріне иек артып жалғасып жатқан тау жоталарының ең биігі – Ақан тауының етегі. Таудан төмен еңісте зергердің қо­лынан шыққан, жарқыраған күміс белбеудей мың бұралып Ақанбұрлық өзені ағып жатыр. Көкшетаудың батыс беткейін жайлаған қалың Қарауылдың Құлымбет есімді баласынан Үрпек батыр тарайды. Кәдімгі Бурабайдағы Үр­пек тауы осы бабамыздың атымен аталған. Батыр ұрпағы ақын болуы заңдылық тәрізді. Асылында ақындық, жыршылық өнер атажұрттан дарыған деседі. Оған ана қасиеті үстемелей қосылған. Көкен ағамыздың Кәмила есімді нағашы апасы Арқаға аты шыққан ақын Шәкен Отызбаевпен айтысып, жеңіп кетсе керек. Ат басын Шәкейдің үйіне тірегенде қасынан сынықсүйем қалмай, тірі сөзін тыңдап, сүйегіне сіңіре беретін әдетін көрген Шәкен ақын Шәкейге:

– Түптің түбінде осы балаң ақын болады, – десе керек. Ақкөңіл ақын елгезек балаға ақ батасын беріпті. Көзі тірісінде Көкен аға өзі ұстазы санаған Шәкен ақынды еске алып, «менің осылай жүргенім ұстазымның берген батасының арқасы» деуші еді. Жалғыз бата емес, ақылын да ұстап қалған.

– Ақсақалды ата мен ақжаулықты анамен айтыспа, абырой алмайсың, – десе керек ұстазы.

Әлгі сөзіне арлы бол деген тілегін де қосқан. Ақындық – ардың ісі. Өнер жолына түскен Көкен ақын ұстаз ақылын бұлжытпай орындаған.

Елдегі Көкалажар ауылдық мек­тебінде білім алған Көкен аға сапарын Қызылжарда сабақтаған. Қазыналы Қызылжарда байлыққа кенелген. Ол байлығы – ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет істеген Сегізбайдың Жү­кесі деген кісінің көк сандығы. Көк сан­дық туралы әңгіме құлағына тигеннен кейін Көкен аға ретін тауып, әлгі сандықты ашқызып ақтартқанда, ішінен қыруар қолжазба шыққан. Ат басындай алтынға жолыққандай қуанған. Тіпті баға жетпес рухани байлықты көргенде, өне бойы дірілдеп кетсе керек. Сезімін селт еткізбей қайтсін. Қабанбай батыр, Қанжығалы Бөгенбай, Дариға қыз бен Хазіреттің күресі, Алтын балық, Ер Тарғын, Ерсайын. Санап тауыса алмас едіңіз. Жыр дарияның ішіне күмп ете түскен. Бас алмай оқыды. Сонда да мейірі қанбастай. Мұхтар Наушабаев пен Сапарғалидың жұмбақ айтысын жаттап, өлеңнің ішкі буын үндестігі, мәні мен мағынасы туралы қалың ойға батқан. Ара жігін салмақтап, санасына құйған ұстазы Нұржан Оразов. Жалғыз өзі емес, білім іздеген өрімдей жастардың бәрі жыр оқу­ға жұмылған. Ағайынды Қараман мен Қабдолла Нұралиндер, кейін Көкше өңі­ріне қаламы қарымды журналист ре­тін­де танылған Әуез Өтеев. Көкен аға Әуез ту­ралы әсерлі әңгімесін былай айтар еді.

– Кейбіреулер ағынан жарылып айтқысы келмей, күлбілтелейді, – дер еді ол, – алғашқы өлеңдерімді саралап, әділ бағасын беріп, жолға салған. Әуез­ден көп үйреніп, сөз патшасы – өлеңнің қыр-сырын меңгердім. Одан әрі табиғаттың бойға дарытқаны. Сөзге икемім болғанымен, білімсіз болмайды.

Ақтаңгер айтыс ақынының тұлға­сын сомдаған кезде балуандығын да айта кетсек, артықтығы болмас. Тың және тыңайған жерлерді игеру нау­қаны кезінде Көкшенің көгілдір қырат­тарында жаңа елді мекендердің пайда бол­ғандығы белгілі. Кең-байтақ кеңес даласының түкпір-түкпірінен тың игерушілер қаптаған. Арасында тен­тек пен телісі де аз емес. Жергілікті жұртты кем санаған, қораш көрген. Ақын туған Рузаев ауданының қиыр бір шетінде Мұқыр деп аталатын шоқ жұл­дыздай шағын ауыл бар. Ертеректе Алғабас ұжымшары атанса керек. Ауылдың шетінде Файзолла Қазкеев деген адам тұрады. Күндердің бір күнінде тың игеру желеуімен келген бір топ қылмыскер Файзолланы қорқытып, үйіндегі бар ақшасын алып кетеді. Ұзын-ырғасы он екі адамға жалғыз өзінің шамасы келмейтінін біліп, Файзолла «жан олжа» деп бармағын тістеп қала береді. Оқыс оқиғадан құлақтанған ауыл жігіттері намысқа тырысып қарақшыларды Мұ­қыр сайының қабағында қолға түсіреді. Көкен Шәкеев ол кезде елдегі бас көте­рер азаматтардың бірінің сана­тында еді. Кеудесін намыс кернеген ақын былғары етігінің қонышынан қан­жарын суырып алып, момын жұртты басынғысы келген бұзақыларды сабасына түсіріпті.

«Мен – Шолақ, ашулансам қалай тоқтар,

Ел де аз осы күні мені боқтар.

Сенің-ақ тұқымыңнан көрдім ғой деп,

Біреуін біреуіне қылдым шоқпар».

Ел басына күн туған Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде Көкен ағамыз со­ғысқа аттанған. Өзі былай сипаттапты.

«Менің он бес жасымда,

Сұрапыл соғыс басталды-ай.

Қара қағаз ол кезде,

Көктен түскен жасындай.

Ортамыздан әкетті-ау,

Талай шіркін, асылды-ай.

Бойды басқан ауырлық,

Таудың шомбал тасындай.

Күнде естірту жамандық,

Еңіреу ешбір басылмай.

Зіл-зала сол шығар,

Айналдырар басыңды-ай.

Соғыстың бітер түрі жоқ,

Біздер де қару асынбай.

Соғысқа мен де аттандым,

Ұлғайтып екі жасымды-ай».

1943 жылдың күзінде Көкен Шәкеев қан майданға аттанады. Алматыда арнайы жаттығудан өткеннен кейін бұлардың полкы 1944 жылдың ақпан айында күндей күркіреп жатқан майдан даласын бетке алған. Барар жері – екінші Украина майданы. Бірде ажал оғы сәуірдің ақ жауынындай нөсерлетіп, кеңес жауынгерлері алға жылжи алмай тұрған қысылтаяң шақ екен. Қару­ластарын шабуылға көтеру үшін ақын «Отан үшін алға!» деп атой салып, қолын­дағы қаруынан оқ боратып, жауға ұмтылады. Әлден уақытта снарядтың жарықшағы тиіп, мұрттай ұшады. Калининград түбіндегі осы ерлігі үшін қатардағы жауынгер Көкен Шәкеев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Снарядтың жарықшағы қолының сүйегін опырып түсіріп, сол жақ қолы кемтар болып қалады. Кейін арада көп жыл өткен соң сахнада бұл жайдан хабары жоқ ақындар Көкен ағамыздың домбыраның шанағын бауырына қысып ұстап тартқанын әжуа ететін болған. Бірақ олар майдангер ақынның басынан кешкен бейнетін біле бермесе керек-ті.

Сонау 1958 жыл. Сөз ұстаған от ауыз­ды, орақ тілді ақындар Көкшетауға жиналған. Мұса Асайынов, Дулат Мә­женов, Рамазан Спанов, Сағынай ақ­сақал, Байсейіт Байбосынов, Уәлихан Жауаров, Жұматай Мәдиев, Нұрмияш Көбенов, Қабиден Жаудин, Тәшман Тұрманов, Байжұман Ғабдуллин. Міне, осы жампоздардың бәрі ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан айтыс өнерінің қайта жандануына, сөз өнерін сыйлайтын халқына қызмет етуіне аянбай атсалысты. Айтыс тәрізді ұлттың рухани ерекшеліктерінен туған тамаша құбылыстың көрнекті бір өкілі Көкен Шәкеев еді. Бала жасынан жалынды жырды серік еткен Көкен ақынның Қазақстанның халық ақыны атануы да ежелден ән-жырдың алтын бесігі санатындағы Көкше мерейін өсіре түсті. Сөз арасында бұл жоғары атақтың 1948 жылғы 29 маусым күнгі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Жарлығымен белгіленгендігін айта кетсек артықтығы болмас. Аса құрметті осы атақты алғаш есімі Алаш жұртына белгілі Кенен, Омар, Төлеу, Сәттіғұл, Қалқа, Ғабділман, Нұрқан және Үмбетәлі сынды ақындар алды. Екінші кезекте Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Әсімхан Қосбасаров, Қонысбай Әбілев, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркеновалар осындай құрметке ие болды.

Айтыс сынды рухани әлемнің жар­қыраған саф алтынның уақыт шы­мыл­дығынан аршылып алынып, жарқы­рай сәуле шашқан кезі де көнекөз қария­лардың есінде. 1958 жылы тұңғыш рет об­лыстық ақындар айтысы өткізілді. Ол кездегі айтыста ел ішіндегі келелі мә­селелер толғай айтар тақырыптарына ай­нала­тын. Жай ғана шаруашылық мәселелері емес, рухани дүниелер. 1993 жылдың шілде айында Көкше топыра­ғын­да Ақан серінің тойы өтті. Ал­дымен қоз­ғау салғандардың бірі Көкен Шәкеев еді.

Сары белінде сағым ойнап, ақ жауы­н жауған әсем бейнесі өзгеше көрікпен кілкіген маң дала қаншама ғаламат дүниелерді басынан кешіріп жатыр. Кешегі кеңес заманында осы жерде туған тілдің тұтқырланғанын да көз көрген. Дәл сол кезде Көкшетаудың жақсысы мен жайсаңы ел ішіне жиі шығатын. Естай Мырзахметов, Төлеген Қажыбай сияқты қаламгерлер ұлт болып ұйысудың жөнін айтса, Көкен ағамыз бастаған ақындар жырдан шашу шашатын. Шамамен 1980 жыл болса керек. Көкшетау қаласынан таяқтастам жердегі Ақан ауылында сондай бір шуақты кеш ұйымдастырылады. Көкен аға суырылып, жыр нөсерін төгеді. Қаламгерлер ел рухын көтеру тақырыбында ой толғайды. Сөз кезегі өзіне жеткенше сол кезде «Көкшетау правдасы» газетінде қызмет ететін Қорғанбек Аманжол ақын ағасына арнап жыр жазып, сиясы кеуіп үлгергенше сол кеште оқып беріпті.

«Көкшенің көңіл төрінде,

Ақтаңгер ақын Көкенсің.

Іздеген көктен жақсы аға,

Жанымда жүрген екенсің.

Ақындық отын маздатып,

Жүректің жырын қоздатып.

Өнердің туын көтерсең,

Емес қой ол да аз бақыт.

Көкіректен Көке, күй ақсын,

Өлеңге өткір қияқсың.

Ақаннан қалған ақтанбоз,

Біржаннан қалған тұяқсың».

Көкен ағамыздың өнер сапары ір­кілген жоқ, жалғасып жатыр. Төл шә­кірті Құдайберлі Мырзабек бастаған кейінгі буын сөз өнерін бағалай білетін Алаш жұртына табиғат сыйлаған тамаша таланттарымен қалтқысыз қызмет етуде. Ел жүгін, рухани жүгін арқалаған ат төбеліндей аз ғана топтың көтергені – жалынды жырдың жүгі, көздегені – ел мерейі, мақсаты – жа­намын деген әр көкірекке дем беру. Демек, арлы ақын­ның адал лебі үзіл­мейді екен-ау!..

 

Көкшетау