«Ұлы даланың мыңжылдығы» атты экомәдени маршрут аясында туристер Қыстауда қалған қазақ ауылдарының жұртын аралап, ХІХ ғасырдан жеткен көне зираттардағы таңбаларға үңіледі. Одан әріректегі қола дәуірінің ескерткіші Таятқан қонысына, қасиетті Әулиетас шоқысына, жапан даланың иесі мен едім дегендей, меңірейіп жалғыз тұрған мәңгір тасқа барады.
«Звездныйда» 4 киіз үй тігілген. Ішіндегі ең еңселісі – тоғыз қанат ақ боз үй. Маңайында одан шағындау тағы 3 киіз үй тұр. Конференция залының қызметін атқаратын бірінші киіз үйде қолөнерге арналған шеберлік сыныптары өтеді. Өлке тарихына қатысты танымдық фильмдер көрсетіледі. Музей іспеттес екінші киіз үйде қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүріне, қолөнері және шаруашылық мәдениетіне қатысты жәдігерлер көп. Тоқыма кілемнің түр-түрі, ат әбзелдері, бағалы аң терілері, ұлттық киім үлгілері, бесік, тағы да басқа тұрмысқа қажетті құралдар толып тұр. Мұндағы бұйымдарды қолмен ұстап көруге, мәселен, сөреде тұрған кесені алып шай ішуге рұқсат етілген. Ал қалған екі киіз үй қонақтарға арналған.
Челябі мемлекеттік университеті тарих-филология факультетінің 4-курс студенті Анна Закирова аталған кешенге жиі келіп, қазақ мәдениеті мен тарихына қатысты түрлі танымдық іс-шараларды өткізіп тұрады. Мәселен, Аннаның Челябі облысы губернаторының грантын ұтып алған «Қолөнер мұрасы» атты жобасы бар. Бұл жоба аясында студент қыз далалық оқу кешеніне келген балаларға қазақтың қой жүнін өңдеу, киіз басу өнерін үйретеді. Балалар мұндай тәжірибе сабақтарының барысында бағзы қазақ тұрмысындағы жүн сабау, жүн түту, түбіт тарау, ұршық иіру, кілем тоқу тәрізді қолөнер ісін өз қолдарымен атқарып көреді. Қазақ тұрмысының тарихынан маңызды орын алатын ұсталық, тері илеу, ою-өрнек салу өнері туралы дәріс тыңдайды.
«Біздің командамызды осы өлкедегі дәстүрлі мәдениетті зерттеу, сақтау, насихаттауды мұрат тұтқан түрлі мамандық иелері біріктіреді. Басты мақсатымыз – ішкі туризмнің дамуына үлес қосу. Осыған орай, біз өңір тарихын, оның ерекшелігін, көрікті орындары мен көрнекті адамдары туралы тереңірек зерттеу жүргіздік. Нәтижесінде, қола дәуір мен орта ғасырлардан жеткен көне қорғандар, көптеген киелі орындар, 22 қазақ зираты, XIX-XX ғасырларға жататын біраз қазақ ауылдарының жұрты табылды. Осының бәрі өлке тарихынан, табиғаты мен мәдениетінен сыр шертеді. Редутово селосының маңайында археология мен мәдениет ескерткіштері көп. Күні бүгінге дейін жұрт киелі орын санап, діни рәсімдер өткізетін нысандар бар. Мысалы, Редутоводан 500 метрдей жерде тұрған Әулиетас шоқысы әлі күнге дейін киелі орын саналады. Бізге жеткен мәліметтерге сенсек, ХІХ ғасырдан ХХ ғасырдың басқы кезеңіне дейін Әулиетасқа зиярат жасап келушілер көп болған. Ескіде Әулиетас пен Туеткан (Түйеаққан болуы мүмкін) өзенінің арасында жатқан Пердекөл деп аталатын шағын көлдердің, Тугорек (Торғайық болуы мүмкін) көлінің маңында Қыдыр әулие кездеседі деген наным болған. Әулиенің ақ жылан болып келген әруақтармен кездесуі туралы аңыз бар. Кейінгі кезде Әулиетасқа келушілер көбіне тасаттық берген. Құрбандық шалып, садақа беріп, сондай-ақ жауын шақыратын жайтастарды пайдаланып дұға бағыштаған. Сонымен қатар Ресей империясынан шыққан тұңғыш қазақ миллионері Жаманшалов пен Иманбаевтар әулеті де осы топырақта жатыр. Ағайынды Иманбаевтар фольклор жинаушы, этнограф болған. Ағайынды Ысмайыл, Жүсіп Жаманшаловтар өз дәуірінің беделді адамдары болған», дейді жас ғалым.
Ысмайыл қажы Жаманшаловтың Бақытжан Қаратаев, Серәлі Лапин секілді Алаш зиялыларының қатарында Ресей Думасының Мұсылман фракциясымен тығыз байланыста болғаны туралы дерек бар. Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» еңбегінде «Кейбір бай қазақтар егіншілікпен де шұғылданып, жүздеген десятина егін еккен. Мысалы, Қостанай үйезінде Сымайыл Жаманшалов деген помещик болды», деп жазады.
Ақын Ақылбек Шаяхмет «Пирамида» деп аталатын жинағында күш атасы Қажымұқанның қажы атануына Ысмайыл Жаманшаловтың қатысы бар деген қызық дерек келтіреді. Автор бұл әңгімені ақын Өтеген Қалабаевтан естігенін айтады. «Қостанай жерінде, қалың Қыпшақ елінде Қарабалық өңірінде Смайыл Жаманшалов деген болыс болған. Атақты адвокат Плеваконың өзімен тамыр, дос болған Ысмайыл болыс Романовтардың 300 жылдық тойына қатысқан санаулы байлардың бірі. Ысмайыл болыс та Меккеге қажылыққа барып келген. Сол кездері Мұқан балуан іргедегі Троицк қаласына келіп, балуандар күресіне қатысып жүреді екен. Ысмайыл болыс балуанды үйіне ертіп әкеліп, қонақ қылып, өзінің туған шешесін Мұқан балуанға қосып, қажылыққа жіберген. Бұл сапардың алдында екеуін некелеп, имандылық жолына аттандырған. Олар аман-есен ауылдарына оралғаннан кейін біреуі Қажы ана, екіншісі Қажымұқан атанған. Бұл деректер тарихи құжаттармен де сәйкес келеді. Өйткені Қажымұқанның Троицк жәрмеңкесіне келгені, онда балуандар сайысына қатысқаны да анық. Ысмайыл болыстың мекені осы Троицк қаласының іргесінде, қалаға он-он бес километрдей жерде орналасқан», дейді Ақылбек ағамыз.
Әулиетастан 200 метрдей әріде Арғын зираты жатыр. Анна Закированың айтуынша, бұл қорымда 86 зират бар. Төрт зираттың құлыптасында араб қарпімен қашалған жазуы бар. 12 құлыптаста арғын, қыпшақ, жаппас, жағалбайлы, ұста қыпшақ руларының таңбасы басылған. Арғын зиратынан әрі қарай Есперлі зираты, одан әрі Жаманшал зираты мен Бибол зираты бар. Редутовоға ең алысы – Төртбай зираты.
«Шекара сызығы өзгермей тұрғанда Челябі облысының оңтүстігін қазақтар мекен еткен. Әу баста Ресей империясының шекара сызығы Үй өзенінің бойымен өткен. Үй өзенінің төменгі жағы қазақтың жері болған. XIX ғасырда жаңа шекара сызығы тартылып, қазақтар әрі ығысады. Сондықтан бұл өлкеде қазақтың ескі наным-түсінігіне қатысты жер-су атаулары көп кездеседі», дейді Анна Закирова.
Аннаның айтуынша, кезінде Қостанай үйезіне қараған жерлерді жайлаған қазақтардың тұрмыс-тіршілігі сол кезде ірі сауда орталығы болып тұрған Троицк қаласымен тығыз байланысты болған. Бір-бірімен аталас туыс болып келетін әрі ортақ саяси көзқарас ұстанған Хасан Иманбаев, Ысмайыл Жаманшалов, Әбубәкір Алдияров сынды ірі байлардың Троицкіде үйі, сауда мекемелері болған. Балаларын Троицкідегі татар-қазақ медреселерінде оқытқан.
«Сарыой және Шұбар болыстарының аса беделді адамдары болған бұл байлардың үшеуі де қыпшақтың жантілес ұста руынан. Хасан Иманбаевтың Алматыда тұратын ұрпағы Асылбек Әлмұхаметовтің көмегімен Иманбай әулеті туралы мол дерекке қанықтық. Иманбай Құдайбергеннің зираты Чесмен ауданында жатыр. Басына сұр мәрмәр құлыптастан белгі қойылған. Құлыптастың арап қарпімен қашалған «Мен бұл дүниенің қызығын көрдім, сарайына көрік бердім. Ал ақыреттегі жалғыз серігім – иманым ғана. Тірі адамның бәрі ажалдың дәмін татары хақ. Артта қалған ұрпаққа қайғы-қасірет көрмеуді жазсын! 1912 жыл, 21 қыркүйек, Қыпшақ Қарабалық Ұста руы, Алланың құлы Иманбай Құдайбергенұлы 84 жасында жұма күні қайтыс болды. Марқұмның әруағына дұға бағыштауды сұраймыз» деген мазмұнда жазуы бар. Иманбайдың ұлы Ешмұхамет Иманбаев әуелі Сарыой, кейін жаңа шекара сызығы тартылған соң Шұбар болысында ауыл басқарған беделді кісі болған. Ешмұхамет Иманбаев Жетпісбай Андреевпен бірге 1907 жылы наурызда Троицкіде қазақ тілінде «Қазақ» газетінің жалғыз санын шығарған. Сондай-ақ дәл осы жылы орыс-қазақ тілінде жарық көрген «Қазақ газеті» басылымын шығарған. Араға 4 жыл салып, Ешмұхаметтің қатысуымен әйгілі «Айқап» альманағы шыға бастайды. Ешмұхаметтің зиратын таба алмадық. Ал әйелі Иманбай зиратының жанына жерленген. Басына белгі орнатылмаған. Қолымызда бар шежіреге сенсек, Ешмұхаметтің Хасан, Оспан, Омар, Әубәкір деген төрт ұлы болған. Хасан қазақтың тұрмыстық мәдениетіне қатысты коллекцияларды жинаушы. Ол кісінің коллекциясы күні бүгінге дейін сақтаулы тұрған құнды жәдігерлер қатарынан саналады», дейді жас зерттеуші.
Табанды зерттеуші Анна Закирова іздеп жүріп қазақтың тұрмыс, киім мәдениетіне қатысты көптеген жәдігерлерді жинап, музейге өткізген Хасанның өз зиратын да тауып алыпты. «Ол кісінің зираты Чесмен ауданындағы Боскөл поселкесінің жанындағы шағын қорымнан табылды. Бұл қорымға негізінен кіші жүз жаппас руының адамдары жерленген. Марқұмның құлыптасына кирилл қарпімен «Хасан Иманбаев» деп жазылған. Оның астында төте жазумен қашалған «Жаратушы мәңгілік! 1955 жыл, 14 қаңтар. Қыпшақ руы, ұста тайпасы Иманбаев Хасан Ешмұхаметұлы 84 жасында қайтыс болды. Рухы Алланың мейіріміне бөленсін. Әмин!» деген жазу бар», дейді Анна Салаватқызы.
Шекараның арғы бетіндегі көне қыстауда қалған талай тарихтың құпия тиегін ағытқан Аннаның әңгімесі бізге Селебеден себелеген сәуле секілді әсер етті. Ескі жұрттағы сөнген оттың, суыған ошақтың сәулесі.
Қостанай облысы