Балалар • 13 Наурыз, 2024

Бала құқын қорғаудың басым бағыты

136 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жылы Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек», деген болатын.

Бала құқын қорғаудың басым бағыты

Президент өз Жолдауында да балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік және экономика­лық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаң­дату керектігін атап өтті. Осы­ған орай қазіргі таңда Үкімет пен Парламенттің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – бала құқын қорғау.

Кеше Сенаттың Конститу­ция­лық заңнама, сот жүйесі және құ­қық қорғау органдары комите­тін­де өткен «Кәмелетке толмаған­дар­дың қауіп­сіздігін және құқықтарын қор­ғауды қамтамасыз етудің өзек­ті мә­селелері: проблемалар және олар­ды шешу жолдары» атты дөң­гелек үстелде қоғам­ды алаңдатып отыр­ған зорлық-зом­былық мәсе­лесі тағы бір мәрте кеңінен талқыланды.

«Балаларды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу, құқын қорғау үшін жағдай жасау – Үкімет пен Парламенттің маңыз­ды міндеттерінің бірі. Бала­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету көбі­несе білім деңгейін, мәде­ниетін, адамгершілік қасиетін, отбасы институтының рөлін арттыру, қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдай жасау сияқты көптеген мәсе­лелерді кешенді шешуге бай­ланысты. Мұның бәрі крими­ногендік деңгейдің төмендеуіне және тиісінше балаларға қатысты қылмыстардың санына ықпал ететін болады», деп атап өтті отырысты ашқан комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров.

Оның айтуынша, елімізде бала құқын қорғау туралы ұлт­тық заңнама қабылданып, осы сала­да институттар құрылып, өз қыз­меттерін атқарып келе­ді. «Елі­міз Адам құқықтарының жал­пыға бірдей декларациясына, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясына т.б. негізгі халықаралық құжаттарға қосылған. Сондай-ақ балалардың құқын қорғау саласында сот жүйесінің әділ шешімдер қабылдауы маңызды. Өйткені баланың кез келген бұ­зылған құқы сот тәртібімен қор­ғалады. Балаларға қатысты дауларды шешу нәтижелері баланың жеке басының қалыптасуына, оның физиологиялық, рухани және адами дамуына әсер ететі­ніне аса мән беру қажет», деді ол.

Сенатор елімізде бала құ­қын қамтамасыз ету мақсатын­да кәмелетке толмағандардың іс­тері жөніндегі мамандандырыл­ған ауданаралық, яғни ювеналды соттар құрылғанын атап өтті. Олар өз қызметінде балалардың құқына қатысты қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істерді қарайды.

«Сонымен қатар балалардың құқын қорғау жөніндегі ұлт­тық жүйені жетілдіру мақ­сатын­да құрыл­ған Бала құқық­­­тары жөнін­дегі уәкіл институ­ты­ның қызметі балалардың құқын мен заңды мүдделері­нің кепілдіктерін қамтамасыз ету, олардың бұзылған құқылары мен бостандықтарын мемлекеттік және қоғамдық құрылымдармен өзара іс-қимыл арқылы қалпы­на келтіруге бағыт­талған», деді Н.Бекназаров.

Отырыста сөз алған ІІМ Әкім­шілік полиция комитетінің төр­ағасы Қайсар Сұлтанбек кә­ме­летке толмағандардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету бағы­тын­­да қабылданып жатқан шара­­лар туралы баяндама жасады. Ол қазіргі уақытта әйелдер құқы мен балалардың қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ету туралы заң Парламенттің қарауында жат­қанын айта келіп, онда осы адам­дарға қатысты зорлық-зом­былықтың алдын алу жөніндегі шаралар кешені және өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмек көрсету туралы ережелер бар екенін хабарлады.

Оның айтуынша, өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 2 мыңнан астам қылмыс жасал­ған. «Қазіргі уақытта балалар Instag­ram, TikTok желілерін белсенді қол­данады. Онда балалардың да­муына зиян келтіретін тыйым салынған мазмұндағы контент еркін таратылады. Алдын алу жұмыстары аясында поли­ция органдары өткен жылы 20 мың­нан аса заңсыз интернет-ресурсы анықтады. Оның ішінде порнография­лық материалдарды тарататын 3 мың­нан астам сайт бар. Оларды бұғаттау үшін «Киберқадаға­лау» ақпараттық жүйесіне (уәкілетті орган – Мәдениет және ақпарат министрлігі) енгізілді», деді ІІМ өкілі.

Балалардың құқын қор­ғау мақсатында Ішкі істер ми­нистр­лігі өткен жылы 14 мың­нан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырғанын атап өткен Қайсар Сұлтанбек бірқатар нақ­ты мысалға тоқталды. Солар­дың қатарында «Назар аудары­ңыз – балалар» жедел-профи­лак­ти­калық іс-шарасы балаларға қар­сы жасалатын түрлі құқық бұзу­шы­лықтардың алдын алуға бағыт­талған.

«Іс-шара барысында жалпы білім беру мекемелеріне іргелес 7 мыңнан астам аумақ жаяу жүр­гіншілер өткелдерін жол бел­­гі­лерімен, жаяу жүргін­шілер қор­шауларымен және жол жүрі­сін реттеудің басқа да техни­ка­лық құралдарымен жай­лас­тыру тұр­ғысынан зерт­тел­ді. Нәтиже­сінде, 5,5 мың кем­ші­лік анықталып, 12,5 мың құқық бұзушы әкім­ші­лік жауап­кер­шілікке тартылды», деді ол. Полиция органдарының негізгі мін­деттерінің бірі – білім ұйымдары­ның терроризмге қарсы қорғалуын қадағалау. Өт­кен жылы 5 620 мекеме осы мақ­сатта арнайы тексерістен өткен.

«Кәмелетке толмағандардың қылмыс жасау себептері мен жағ­дай­ларын жою үшін полиция­ның ғана емес, мемлекеттік ор­ган­­дардың бірлескен қызметі ма­ңызды екенін атап өткім келеді. Өткен жылы балалардың өз бетінше түнгі уақытта жүргені үшін 96 мыңнан аса ата-ана, олардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін 2 мың бизнес иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл ретте кәмелетке толмағандарды ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне беру мүмкін болмаған жағдайда, полиция органдары оларды Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырады. Былтыр аталған мекемелерге 6 мың жасөспірім жеткізілді», деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың құқын қор­ғау мақсатында ІІМ жақын­дары тарапынан балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері бо­йынша іс-қимыл алгоритмін әзір­леген. Оны егжей-тегжейлі түсін­діру үшін министрлік басшылығы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл­мен бірлесіп еліміздің барлық учас­­келік және ювеналды инспек­тор­лары үшін нұсқаулық кеңес өткізді.

«Бүгінде полиция қызмет­керлері осындай әрбір факт туралы қорғаншылық және қамқоршы­лық органдарына дереу хабарлайды. Жедел әрекет ету үшін бар­лық өңірде ведомствоаралық мобиль­ді топтар және уатсап чаттары құрылды. Оларға бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, прокуратура, білім беру, әлеумет­тік қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық қызметкерлері, учаскелік және ювеналды полиция инспекторлары кіреді. Жалпы алғанда өмірлік қиын жағ­дайға тап болған 2 мыңнан астам отбасы анықталып, олар туралы ақпарат мүдделі мемлекеттік ор­гандарға (білім беру, әлеуметтік қорғау, қорғаншылық және қам­қоршылық) жолданды», деді ол.

Бала құқын қорғау бағы­тында қолға алынған тағы бір құжат – мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен зорлық-зомбылыққа, буллингке, кибербуллингке ұшыраған кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жөніндегі әдістеме. 2023 жылы балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін атқармайтын 6 мыңнан аса ата-ана анықталып, профилактикалық есепке қойылған. Сонымен бірге кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқын қорғау жөніндегі комиссияларда 1 800 материал қаралды.

«Кешенді тәсілдің қажеттілігін және барлық мүдделі мемлекеттік органдардың кәмелетке толма­ғандар арасындағы жағдайды жақ­сартуға қатысуын ескере оты­рып, бірқатар министрлікке ұсы­ныстар жолданды. Оқу-ағар­ту министрлігіне білім беру ұйым­дарын қауіпсіздіктің жаңа талаптарына сәйкес тиісті қауіпсіздік жүйелерімен жарақтандыру, сауал­­намалар, психологиялық тек­­­серулер (тестілеу) жүргізу арқы­­­лы зорлық-зомбылық құр­бан­­­дарын анықтау үшін мектеп пси­­­хологтерінің жұмысын же­тіл­­­діру, Үкіметтің бұрын берген тап­­сыр­маларын орындау ая­сын­да бар­лық жалпы білім бер­етін оқу орындарында құқық бұзу­шы­лық­­тардың профилактикасы жө­ніндегі менеджерлік лауазым ен­гізу сынды ұсыныстар жол­дан­ды», деді Әкімшілік полиция коми­теті­нің төрағасы Қайсар Сұлтанбек.

Сонымен қатар ол Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігіне, Туризм және спорт министрлігіне жолданған ұсыныстарды да атап айтты.

Отырыста Астана, Шым­кент қалалары, Батыс Қазақ­стан облысы мәслихат­тары­ның, сон­­­дай-ақ Бас прокура­тураның, Әді­лет, Оқу-ағарту, Еңбек және әлеу­­­ме­ттік қорғау, Мәдениет және ақ­­па­рат ми­нистр­ліктерінің өкіл­дері кә­мелетке толмағандардың құ­қық­­тарын қорғау саласындағы заң­на­маны жақсарту жөнінде баян­дама жасап, ұсыныстарын айтты.