Қоғам • 13 Наурыз, 2024

Сенатор: Оқушылардың зиянды тағамдарды қол созым жерден алуы алаңдатады

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі тақырыбында Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай оқу-ағарту, денсаулық сақтау, сауда және интеграция, қаржы, мәдениет және ақпарат министрліктерінің, сондай-ақ «Қазақстан республикалық тұтынушылар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

Сенатор: Оқушылардың зиянды тағамдарды қол созым жерден алуы алаңдатады

Фото: А.Байжұманов

Бибігүл Жексенбай кездесу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, адам өлімінің 60%-ы қауіпті қоспамен дайындалған сапасыз тағамнан туындап отырғанын атап өтті.

«Басты мәселе шетелден келетін зиянды тағамдардың шекарамыздан өтіп кетуі. Қазақстанның заңына сәйкес тауардың сыртында қазақ немесе орыс тілінде аудармалары болуы шарт әрі міндет. Бірақ біздің түсінбей отырғанымыз сырттан келетін «қоқыс» тағамның сыртында бірде-бір мемлекеттік немесе ресми тілде аударманың жоқтығы. Оны еліміздің мектеп оқушыларының қолын созған жерде алуы алаңдатып отыр», деді Бибігүл Жексенбай.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі өз кезегінде жұқпалы емес аурулардың алдын алу және азаматтар мен өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау және нығайту жөніндегі шараларды іске асыру сала қызметінің негізгі бағыты болып табылатынын атап өтті. Оқушылардың дұрыс тамақтануын ұйымдастыруға қажетті құқықтық база сол үшін жасалды. Оқушыларды витаминдер мен минералдармен байытылған өнімдерді қосып тамақтандыру жөніндегі бірыңғай стандарт бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірленді.