Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде былтыр инвесторлардың күшімен 45 жоба іске қосылған екен. Осының аясында 1 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Жалпы алғанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16,4%-ға өсіп, 645,6 млрд теңгені құрағанымен, оның басым бөлігі Қарашығанақ кен орны арқылы тартылған инвестиция болатын.
«Мемлекет басшысының түрлі деңгейдегі әкімдерге қойып отырған ең басты міндеттің бірі – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жеткізу. Сондықтан облыс экономикасын одан әрі әртараптандыру, соның ішінде өңдеу саласын дамыту бағытында нақты істерді қолға алып жатырмыз», дейді Нариман Төреғалиев.
2023 жылдың қорытындысына қарағанда облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,5 трлн теңгені құрап, 6,6%-ға өскені байқалады. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 308 млрд теңгені құрап, 7,4%-ға артқан. Өсім металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, машина жасау, жиһаз, құрылыс индустриясы салаларында байқалған.
Ақпан айында үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бірақатар тапсырма берді. Оның ішінде өңірлерге инвестиция тарту – аса маңызды мәселе болып отыр.
Облыс экономикасын әртараптандыру үшін алдағы 5 жыл ішінде жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 67 инвестициялық жоба жоспарланғанын айтқан өңір басшысы 2024 жылы 100 млрд теңгелік 15 жобаны іске асыру жоспарланғанын хабарлаған болатын.
«Бұл инвестициялық жобаларды жүзеге асыру өңірімізде қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға, салықтық түсімдерді көбейтуге, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін болады», деген еді журналистермен кездесу кезінде Нариман Төреғалиев.
Алайда 12 наурыз күні шұғыл жиын өткізген әкім облысқа қарасты қалалар мен аудандар, басқармалар тарапынан инвестиция тарту бағытындағы жұмыс баяу жүргізіліп жатқанын айтып, дабыл қақты. Мәселен, аудандардың жартысынан көбі жалпы құны 1 млрд теңгеге жетпейтін инвест жобалар ұсынған. Оның ішінде Бөкей ордасы, Қаратөбе, Қазталов, Шыңғырлау аудандары ұсынған жобалардың жалпы құны 205 млн теңгеден де төмен деңгейде.
Нариман Төреғалиев әсіресе аудан әкімдеріне инвестиция бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. «Біз нақты істерді қолға алуымыз қажет», деді әкім.
Орал қаласы облыс орталығы болғанына қарамастан 2023 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған жеке инвестиция көлемі 6,8%-ға төмендеген. Бұл дегеніңіз 83 млрд теңге деген сөз. Сондай-ақ бірқатар ауданда да көрсеткіш көңілден шықпайды.
Облыс басшысы әр аудан әкімінің, әр басқарма басшының жұмысы тікелей инвестиция тартумен байланысты болуы керек екенін ескертті.
«Инвестиция тарту бойынша жұмыс жүргізбесеңдер, орындарыңды босатасыңдар. Мен кадрлық шешім қабылдайтын боламын. Нақты жобалар керек. Нәтиже керек», деп атап өтті аймақ басшысы.
Батыс Қазақстан облысындағы аудандардың басым бөлігі, соның ішінде жоғарыда инвестициялық тартымсыз деп аталған өңірлер негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Көбі облыс орталығынан шалғай жатыр. Мұнда коммуникация желілері жетілмеген. Қазақстан бойынша сапасы ең төмен жолдар да осы облыста. Электр желілерінің 80 пайызы тозған. Соңғы жылдары жол құрылысында оң өзгеріс болғанымен, тақтайдай жол түскен ауыл саны аз. 2024 жылға арналған жоспар бойынша биыл Батыс Қазақстан облысының жолдарын жөндеуге 100 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалып, 502 шақырым жол салынбақ. Егер бұл меже орындалса, облыс аумағында қанағаттанарлық жолдың көлемі 58%-ға жетуі керек.
Батыс Қазақстан облысы