Зерде • 14 Наурыз, 2024

Бектұрдың Баянауылға келуі

207 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жүсіпбек Аймауытұлының үлкен ұлы Бектұр 1996 жылы Баянауылға келіп, ата-бабасының рухына тағзым етті. Сол сапарда жергілікті өлкетанушы, Жүсекеңмен бірнеше атадан қосылатын туысы Рамазан Нұрғалиев асылдың сынығына жол көрсетіп, Дәндібай өңіріне бастап апарған. Осы бір оқиға жөнінде ағаның аузынан жазып алған едік.

Бектұрдың Баянауылға келуі

Суретте: сол жақтан Ерсін Рақы­шев, Бектұр Жүсіпбекұлы, Бауыржан Сқақов, Рима Бектұрқызы, Рамазан Нұрғалиев.

1996 жылы тамыз айында Бектұр Жүсіпбекұлы Қарағанды қаласына келді. Жанында қызы Рима мен одан туған үш немересі бар. Бұған дейін Бектұр ағамыз Ресейдің Кемер облысы Прокопьев қала­сында ерікті түрде қоныстанып (воль­ное поселение) тұрған ғой. 1994 жылы қарашада Татарстан Республикасы про­куратурасының қаулысымен ақталып, Қазақстанға келіп, Алматыда біраз тұрып, бәйбішесі Ресейге қайта алып кеткен. Ке­йін атамекеніне қайта бет бұрады. Қазақ­стан үкіметі Алматыдан пәтер берген.

Ол уақытта Қарағанды қаласында Жүсіпбектің туған інісі Жақыпбектің немересі Бауыржан Сқақов тұратын. Мен болсам бұл тұста Баянауыл ауданы­ның «Южное» кеңшарында (қазіргі Жұмат Шанин аулы) зоотехник болып еңбек ет­тім. Бірде қаулаған дала өртінің арасында қалып қойып, бет-аузым, қолымның біраз бөлігі күйіп қалды. Сөйтіп, біраз уақыт Қарағанды қаласында емделуге тура келді. Бастауыш сыныпта оқитын үлкен қызым Нәзгүл жанымда болатын. Жалпы, мен – Аймауыт әулетіне бірнеше атадан қосылатын туыспын. Бауыржанмен әуел бастан-ақ жақсы байланыстамыз. Ол менің қалада екенімнен хабардар. Содан бір күні Бауыржан Бектұрдың келе жатқанын, пойыздан түсетінін жеткізді. Қарсы алуға сол уақытта Қарағандыдағы диагностика­­лық орталықтың бас дәрігері Ерсін Рақы­шев та бірге барды. Оның да руы күлік, Жүсіпбекпен туыс. Жоғарыда айтқандай, Бектұр жалғыз келмеді. Содан түні бойы Бауыржанның үйінде әңгіме-дүкен құрып, ертесінде Баянауылдың Қызылтауына бірнеше машинамен шықтық. Сол сапарымызда Қарағанды облыстық телеарнасы жақсы бір телехабар дайындағаны да есімде.

апр

Әуелі Аймауытұлы аулында болып, келесі күні аталары жатқан Дәндібай қо­ры­мына бардық. Бектұр: «Құлқуалланы үш қайтаруға шамам бар, дұғаны өзім жасайын», деді. Сол дұға арасында әкем мен шешем де болған. Әкем сол жерде қой сойып, ас берді. Бектұр ағамызға кос­тюм-шалбар кигізгені де есімде. Асыл­дың сынығының көзінде үнемі бір қаяу байқалып тұратын. Ата-бабасының зиратына барғанымызда бір асқақ арманына қол жеткізіп отырғандай көрінді.

Әңгіме орайында Бектұр ағамыз: «20-жылдардың ортасына таман болуы керек, әкем Жүсіпбек Орынбордағы жоғары әскери-офицерлер мектебiне қызметке орналасып, психология пәнінен сабақ береді. Жанақ екеуіміз Дәндібайда тұрып жаттық. Содан бір күні әкеміз бізді алып кетпекке ауылға келді. Мынау зираттың (Дәндібайдағы Аймауытұлының ата-анасы жатқан қорым) сыртында қор­ған-дуал болатын. Соның құлап қал­ған жерлерін кірпішпен қалатты. Жанақ екеумізді ат арбаға отырғызып, Қызылшырпы қаласына (қазіргі Ақсу) алып жөнелді. Ол жерден кемеге отыратын болдық. Бізді арбамен апарған ағаға кеме тоқтайтын жердегі жайма базардан ши барқыт, ақ мата, ұлтан, былғары, насыбай жапырағын сатып әперді. Әлгі кісі мылқау еді, екеуі ыммен сөйлеседі. Біз кемеге отырғанда әлгі аға жылап тұрды. Әкеміздің айтуынша, ол бізге жақын туыс болған», деп есіне алды.

Менің әкем Жүсіпбектің әлгі туы­сының Төлеубек Байділдәұлы деген ауыл тұрғыны болғанын жеткізді. Жастайынан сөйлеу тілі жетілмеген, тек «атау» деген сөзді ғана айта біледі екен. Соған орай ауылдастары Атау атап кеткен. Жүсекең ұсталып, елде жаппай кәмпеске жүріп жатқанда Төлеубек отбасымен Кемер облысының Кольчугино деген теміржол стансасына көшіп кеткен. Содан 1959 жылы ғана елге қайтып келеді. Ер балаларының бәрі қайтыс болған, соңында Орынбасар деген қызы қалды. Ол көп жылдар Екібастұз қаласында өмір сүрді.

Бектұр ағамыз бұдан бөлек өз өмірі жайында да біраз дерек айтқан. Есімде қалғаны мыналар:

«Әкеміз Жүсіпбек қудалауға түскенде оның бір танысы, татар келіншегі бізді Уфаға алып кетті. Себебі Қазақстанда біз­ге «халық жауының баласы» деп күн бер­мейтін. Ержете келе Қазан қаласындағы Горбунов атындағы құпия авиациялық зауытқа электрик болып жұмысқа тұрдым. Бұл 1936 жылы еді. Мұнда тәуір жалақы алып, тұрмысым түзеліп қалды. Әттеген-ай, көп ұзамай қырсық шалды. Жыл өтпей үстімнен арыз түсті. «Бұл кеңес өкіметі­нің жауы Жүсіпбек Аймауытұлының бала­сы, жабық зауытта жасырын жұмыс істеп, өкіметке қастық жасағалы жүр» деген жаламен мені арнайы органдар тексе­ріп, ақыры айдатып жіберді. Ақтеңіздегі түрмеге жабылып, 10 жылымды темір тор­дың ар жағында өткердім. Шыққан соң, паспортыма «мұсылман елдеріне шығуға тыйым салынған» деген жазуы бар штамп қойылды. Амалсыздан Кемер облысының Прокопьев қаласына барып, жергілікті шахтаға электрик болып орналастым. Ұзақ жыл сонда еңбек еттім. Сол жерде отбасын құрып, бір ұл, бір қыз көрдім. Ұлым Виктор Қиырдағы Владивостокта кеме капитаны болған, аса араласа қоймаймыз. Бар үмітім – қызым Рима», деп толғанған еді жарықтық.

Өзінің айтуынша, Прокопьев қала­сындағы базарда жүргенде қазақ жігітіне кезігеді. Қазақ азаматы сауда жасап тұрып, қалған ақшасын бермекші болып қал­тасынан сомдармен қоса саудыратып теңгелерді алып шығады ғой. Әлгі ақшалардың арасынан Абылай ханның суретін көріп: «Бұл – Абылай хан, қазақтың басын қосқан әйгілі хан, Кенесары ханның бабасы. Бала кезімде әкем мұның бейнесін рамкаға салып, үйдің төріне іліп қоятын», деп айт­тым» деп күлген еді Бектұр Жүсіпбекұлы. Бала шағындағы біраз жайтты әңгіме­лей келіп, Қызылордадағы Ахмет Байтұр­сын­ұлы­ның үйінде Ғаббас Тоғжанов­тың әкесіне тиі­сіп: «Сен алашордашысың, революция­ға қарсы адамсың. Көзіңді жоя­мын» ­деген оқиғаны жеткізді. Кейін Ғ.Тоғжа­нов бұл әңгімені бірнеше мәрте көпшілік­тің көзінше айғайлап айтып, Жүсекеңнің ­ар-намысына тиген. Ақыры Алаш арысының түбіне жетіп тынға­ны тарихтан мәлім. Орынбордағы мектепте Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрмен бірге оқыған.

Бектұр Жүсіпбекұлы кейін Қара­ғандыға қайтқан соң, Ресейге жол жүріп кетеді. Ол жақта ұзақ тұрған соң, 2006 жылы туған еліне оралды. Ұлының тұяғы араға екі жыл салып 92 жасында дүние салды.

* * *

Әңгіме соңынан Рамазан Дінісұлы Жүсіпбек Аймауытұлының есімі туған өңірінде еленбей отырғанына қынжылыс танытып, ұзақ толғанды.

«Жүсіпбекке қатысты тарихи жерлер Баянауылға баласы Бектұр келген жылғыдай, сол жүдеу, елеусіз қалпында жатыр. Өткен жылы облыстық Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейімен Қызылтау өңіріне экспедиция ұйымдастырып, Ж.Аймауытұлының балалық шағы өткен жерлерде, ата-бабасы жерленген Дәндібайда, тұлғаның ұйытқы болуымен ашылған «Мәдени кіндік» аулында болдық. Сол сапарымыздың қорытындысында арамызда бірнеше ғалым, қаламгер бар, облыс әкімінің атына хат түсірдік. Онда Алаш арысының 135 жылдығына орай туған жерінде өрелі істердің жүзеге асуына қолдау көрсетіңіз деп өтініш жасаған едік. Өкінішке қарай, облыс, аудан билігі тарапынан біздің ұсыныстарымызға әлі күнге мардымды жауап болмай отыр», дейді өлкетанушы.

ыап

Ол хатта мынадай төрт ұсыныс айтылыпты: «Дәндібайдың Сары­шоқысы» ­деп аталатын жердегі Жүсіпбек туған қоныс ескерусіз жатыр. Ол жерге 1989 жылы белгітас қойылып, «Бұл жерде қазақ­тың көрнекті қоғам қайраткері, жазу­шы, ғалым-педагог Жүсіпбек Аймауытұлы 1889 жылы дүниеге келді» деп жазыл­ған. Асығыстау жасалған дүние ме, тас топыраққа дұрыс бекітілмепті. Жан-жағы шайылып, жыл өткен сайын еңкейіп барады. Жазу түсірілген тақтатасы да ортасынан қақ айырылып, онысы темір құр­сауға салынып қойылған.

Екіншіден, Дәндібай жазығындағы зират-қорымда Ж.Аймауытұлының атасы Дәндібай, әкесі Аймауыт (Оймауыт), шешесі Бәтима, інісі Ахат, Аймауыт інілері – Оспан, Иса және басқа туыстары жерленген. Молалар маңайы расында жүдеп, айналасын мал тезегі басып кеткеніне былтыр сапар барысында куә болғанбыз. Әлгі зираттың айналасы шамамен 400 метр қоршауды қажет етеді.

Үшіншіден, ұлтжанды азаматтардың қолдауымен кезінде Баянауыл ауданы орталығында Жүсіпбектің бюсті орнатылған. Алайда бюстің тұғыртасы граниттен қойылғанымен, ескерткіштің өзі кәдімгі гипстен жасалыпты. Қазіргі күні Мәдениет үйінің алдында тұрған сол бюстің сұрқы кетіп қалған. Даналар даңқы алаңында Жүсіпбектің ескерткішімен қатар, академиктер Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Әбікен Бектұровтың тас­тан қашалған бюстері тұр. Солардай етіп тастан жасалса деген тілек бар.

Соңғысы – Жүсіпбек Аймауытұлы 1921 жылы Семей губерниясында оқу бөлімінің меңгерушісі болып тұрғанда Баянауыл жерінде ашылуына ұйытқы болған «Мәдени кіндік» аулының орнына белгітас орнату. Оның сұлбасы дайын, қаражат табылса, тез арада жасап шығуға болады.

«Алаш ардақтысы заманында жер­гілікті төрт рудың ірі байларының қар­жы­ландыруымен Қызылтау аймағында бастауыш мектеп салғызған. Ол жер «Мәдени кіндікті» аталып, кейін қазақ еліне танымал болған қаншама азамат оқып шықты. Тарихи мекенде мектеп пен жатақханалардың, өзге де шаруашылық ғимараттарының іргетастары өшпеген. Өкінішке қарай, жергілікті билік айналасын қоршамақ түгіл, басына бір белгі қоя алмай келді. Бұл мәселені енді Бұқар жырау атындағы музей арқылы шешуге оқталып отырмыз. Биыл күн жылына белгітас дайындау, орнату жұмыстарын бастап кетеміз деп жоспарладық. Тағы бір елдің азаматы Мейрам Нұғман тұлғаның туған жеріндегі тасын реттеймін деп уәде етті. Енді қалғаны – Дәндібайдағы зират пен аудан орталығындағы бюст мәселесі. Аудан басшылығы бюджеттен қаржы бөле алмайтынын жеткізді. Ал облыс­та бұған бас ауыртып отырған ешкімді байқамадық. Менің ұсынысым, Даналар даңқы алаңындағы Сұлтанмахмұттың ескерткішіндей Баянауылдың қызыл гранитінен Жүсіпбектің ескерткішін орнату керек. Оны сонау Алматыдан елдің бір азаматы арзан бағаға жасап беремін деп құлшынып отыр. Бірақ оған әзірше қаражат жоқ», дейді Рамазан Нұрғалиев.

Ұлылар туған жерде Жүсіпбекке қатысты белгілердің жетімсіреп, кенеуі кетіп тұрғаны жараспас. Биыл 135 жыл­дығына орай Жүсіпбек Аймауыт­ұлын сырттан іздеп келетін қонақтарға не көрсе­теміз? Мәселе осында.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы