Қазір әскери қызмет атқару мерзімі бір жыл ғана. Әскер қатарына 18 бен 27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды, әскерден қалуға басқа себебі жоқ ер азаматтар алынады. Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері департаменті осы іс-шараны атқаруға қазір қызу кіріскен. Департамент бастығының орынбасары, подполковник Марат Каримовтің айтуына қарағанда, қазір облыста барлық 14 медициналық комиссиясы бар шақыру бекеті жұмыс істеп тұр. Оның 12-сі аудандық, 1-уі Петропавл қалалық және біреуі облыстық шақырту комиссия.
«Көктемгі әскерге шақыруда Қарулы Күштер қатарына облыстан 480 азамат алынады. Олар еліміздің барлық аймағындағы әскери бөлімдерге барады. Жастар жоспар бойынша алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрамындағы шекара әскерлерін ауыстыруға аттандырылады. Сегізінші наурызда көктемгі шақырылымда әскерге алынғандар арасынан шекаралық команда және Шығыс Қазақстан облысына 13 жас жігіт міндетін атқаруға аттандырылды», деді ол.
Өткен жылы әскерге алынатындар саны 555 болған еді. Демек әскерге барушылардың саны биыл 14 пайызға азайған. Мұның басты себебі халық санының азаюынан екені сөзсіз. 2012 жыл мен 2022 жылдар аралығында облыстан әскерге шақырылатындар 38 мыңнан 16 мыңға дейін азайып кетіпті. Сонымен бірге қорғаныс істері басқармасы тарапынан ел қауіпсіздігін қорғау, патриоттық тәрбие істері де кемшін соғатын сияқты. Өйткені әскерге барғысы келмейтіндер қатары артып келеді. Былтыр М.Каримов әскерге баруға тиісті кейбір жастарымыз мерзімі келгенде шекара асып, Ресей Федерациясына қашып кететінін айтқан еді. Олар тек әскерге шақырту шарасы аяқталғаннан кейін ғана оралады екен. Сондай жастардың саны өткен жылы 250 болған. Ал биыл әскерге шақырылуға тиіс 967 жас азаматтың тұратын жері белгісіз болып отыр. Оның 681-і Петропавл қаласының тұрғыны. Олар тіркелген жерінде жоқ. «Ата-аналары баласының қайда екенін білсе де жасырып, жөнін айтпайды. Көп ата-ана баласының әскерге барғанын қаламайды», дейді М.Каримов.
Кейбір әскерге барудан қашушылар денелерінің ашық көрінетін бөліктеріне, соның ішінде беттеріне де инемен суреттер салғызып (татуировка) алады екен. Медкомиссиядағы дәрігерлер осындай қолдан жасалған «кемістіктерге» де назар аударуға мәжбүр.
Қазір Қорғаныс министрлігі тарапынан әскердің тартымдылығын арттыру жолында біршама экономикалық шара жасалған. Мәселен, Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік бірлесіп әскерге шақырылғандардың алған банкілік займдары мен микронесиелерін төлеуді шегеретіні туралы шешім қабылдады. Оны «Несиелік каникул» деп атайды. Осы «каникул» уақытында мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендер несие мен оның өсім пайызын төлеуден толық босатылады. Бұл екі ортада несиенің көлемін инфляция да азайтады. Сондықтан бұл – әскерге барғандарды әлеуметтік қорғау мәселесінде өте тиімді шара.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі 2022 жылдың 22 қазанында еліміздің 70 ЖОО-ларымен әскери борышын жақсы атқарып келген азаматтарды оқу орнының есебінен тегін оқыту жөніндегі келісімшартқа қол жеткізген. Әскерден келген азамат өзінің бұл мүмкіншілігін екі жылдың ішінде қолдана алады. Былтыр әскерден келген жастарға ЖОО-лар 3 мың орын берді, соның ішінде 350 орын әскери ЖОО-лардың үлесінде.
Жастарды шақырту бекеттеріне келтіру үшін Қорғаныс істері басқармасы және оның бөлімдері шақырту қағаз жібереді. Олар әскерге шақырылатындардың өз қолына беріледі. Алайда кейінгі 4 жылда SMS хабарлама да жіберілетін болған. Осынау электрондық шақыртулар әскерге баруға тиісті жастың ұялы байланыс құралына түседі.
Шақырту алған жас заң бойынша көрсетілген күні және сағатта өзі тіркелген Қорғаныс істері басқармасының жергілікті органына келуге міндетті. Осында келген соң ол денсаулығының әскерге жарамдылығын анықтайтын медициналық комиссиядан өтеді. Денсаулығы жарамды, әскерден қалуға басқа себебі жоқ жас жігіт әскери құрамаға белгіленіп, облыстық жинақ бекетіне жеткізіледі.
Өкінішке қарай, қазіргі жастардың денсаулығы ауыр жүктемеге жарамсыз. М.Каримовтің айтуына қарағанда, медициналық комиссиядан өткен жастардың тек 15 пайызы жүз пайыз жарамды. 45 пайызы түрлі шектеулерді қажет етеді, ал 40 пайызы мүлде жарамсыз болып шығады.
Әскерге баратындардың жоспарын орындау облыстық қорғаныс істері департаментінің маңызды міндеті болып тұр. Департамент қызметкерлері қазір полицияның көмегімен әскерге барудан бас тартқандарды құрықтаумен айналысып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы