Қаржы • 15 Наурыз, 2024

«Ұлттық қор – балаларға». Жинақты кәдеге жаратудың жолы қандай?

179 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы ақпан айында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 2024 жылы 18 жасқа толған азаматтардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) нысаналы жинақтау шотына (НЖШ) алғашқы төлемдер түсе бас­тады. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы жыл сайын Қазақстан азаматы болып есептелетін 18 жасқа дейінгі барлық балаға үлестіріліп отырады.

«Ұлттық қор – балаларға». Жинақты кәдеге жаратудың жолы қандай?

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

НЖШ-дағы қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға және БЖЗҚ-мен тиісті келісімдер жасасқан уә­кі­летті операторлар арқылы бі­лім алуға ақы төлеуге арналған. НЖШ-ға аударыл­ғаннан кейін қара­жат доллармен сақталады. 2024 жылы кәмелеттік жасқа тол­ған­нан кейін нысаналы жинақтар­ды алушылар өздерінің нысана­лы жи­нақтарын көрсетілген мақсат­тарға пайдалану құқығына ие болады.

Бағдарлама іске асырыла бас­таған алғашқы айда – 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы 42 078,34 долларды құрайтын 422 өтініш орындалды (БЖЗҚ уәкілетті операторға өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін аударды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 16 016,04 долларға 162 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін 26 062,30 долларға 260 өтініш орындалды.

БЖЗҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалануды таңдағандар арасында ең белсенді болған – Шымкент қаласының тұрғындары (2 108,84 долларға 21 өтініш орындалды). Екінші орында – Алматы қаласының тұрғындары (1 707,28 долларға 17 өтініш орындалды). Үшінші орында – Абай облы­сының тұрғындары (1 406,24 долларға 14 өтініш орындалды).

Бұл ретте одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақ салымындағы ақшасын толықтыру мақсатында 13 105,12 дол­ларға 133 өтініш орын­­­далған. Азаматтық-құқық­­тық мәмілелер бойынша меншікке тұрғын үй сатып алуға (түпкілікті есеп айырысу) – 1 105,20 доллар, үй сатып алу үшін ипотекалық тұрғын үй қары­зын алу бойынша 602,08 доллар мөл­шерінде бастапқы жарна енгізілді.

Сонымен бірге қаражатты білім беру ақысын төлеу үшін пай­да­лану бойынша да көш басына Шымкент тұрғындары шық­ты. Олардың жалпы 5 422,86 дол­лар сомасына 54 өтініші орындал­ған. Екінші орында – Жетісу облы­сының тұрғындары (3 111,96 дол­ларға 31 өтініш орындалды). Үшінші орында – Алматы қала­сы­ның тұрғындары (2 709,88 долларға 27 өтініш орындалды).

«Осы бағыт бойынша ең танымал қосалқы мақсаттардың ішінде Қазақстан аума­ғында орналасқан білім беру ұйым­­дарының білім беру қыз­мет­терін үлестермен (әрбір акаде­миялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе бүкіл оқу мерзімі үшін бір мезгілде толық көлемде ақы төлемін жасауды ерекше атап өтуге болады. Бұл ретте 21 240,98 долларға 212 өтініш орын­дал­ды. Танымалдығы бо­йынша екін­ші орында – білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру (2 813 дол­ларға 28 өтініш орындалды). Үшінші орында – шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтерін үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жы­лы үшін) немесе бүкіл оқу мерзімі үшін бір мезгілде толық көлемде ақы төлеу (1 104,68 дол­ларға 11 өтініш орындалды)», деп ақпарат береді зейнетақы қоры.

Еске сала кетейік, бұл тек алғаш­қы есептелген қаражат. Жыл сайын Ұлттық қордың өсуі және инвестициялық табыс алу есебінен оның мөлшері ұл­ғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында инвес­тициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жас­қа толғанға дейін қосымша ин­вестициялық табыс әкеледі.

2024 жылдың 1 қаңтарын­да­ғы жағдай бойынша, бағдарла­маға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала (2006 жылдың 1 қаң­тары мен 2023 жылдың 31 жел­­тоқ­саны аралығында өмір­­ге келген балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады. Олар­дың барлығына 100 доллар 52 цент мөлшерінде бірдей мақсатты талаптар сомасы есептелгені белгілі.

Баланың нысаналы талаптарға қатысушылар тізіміне қосылғаны туралы ақпаратты ата-аналар немесе басқа да заңды өкілдер kids.enpf.kz сайты арқылы баланың ЖСН нөмірі бойынша тексере ала­ды. Мұнда сонымен бірге бағ­­дарлама шарттарымен танысып, қажетті нұсқаулық алып, қы­зықтырған сауалдарға жауап табу мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ әр балаға есептелген қаражат туралы деректерді ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинетіне кіріп, тексере алады.

18 жасқа 2024 жылы толатын азаматтар нысаналы жи­нақ­тау шотына түскен қар­жы­сын БЖЗҚ-ның интернет ре­сур­­сындағы жеке кабинеті және «электрондық үкімет» веб-пор­талы арқылы өз беттерінше тексере алады.  Балалардың жа­сы және респуб­лика өңірлері бөлі­нісі бойынша жасалған есептеу­лерге қатысты статистикалық есептер БЖЗҚ ресми сайтында орналастырылған.