Қазақстанның батыс өңірінде ежелден аталып өтетін Көрісу күнінің басты дәстүрі – ауылдың, елдің жасы үлкен ақсақалдарына арнайы барып амандасу, қолын алып көрісу. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жалпыхалықтық сипат алған осы игі бастаманы үлкен-кіші жаппай қолдап кетті.
Дәл осы күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі ала таңмен тұрып, ғасырды еңсеріп қалған әзиз ананың үйіне ат басын тіреді. Өңірге жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен бірге 99 жастағы Жәмилә Кенжеғалиеваға амандасып, ақ батасын алды. Тыл ардагері Жәмилә әже бүгінде 8 баласынан 28 немере, 70 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр екен.
«Біз – ежелден үлкенді сыйлаған халықпыз. Бүгін Көрісу күні сізге амандасып кетуге арнайы келдік. Деніңіз сау болсын, ұрпағыңыздың қызығын көре беріңіз!», деді өңір басшысы ғасыр жасаған әжеге.
Дәл осындай шынайы кездесу Ақжайық өңіріндегі өнерлі отбасылардың бірі Бегәлиевтердің шаңырағында да болды. Осыдан 38 жыл бұрын құрылған Бегәлиевтердің отбасылық ансамблі әлі күнге дейін сахна төрінен түспей келеді. Алдыңғы толқын аға буынның орнын кейінгі жастар алмастырған өнерлі ұжымның ынтымағы жарасқан отбасы мәртебелі меймандарды құшақ жая қарсы алып, наурызкөже ұсынды.
Қазақстанның барлық пұшпағындай, Батыс Қазақстан облысында да Наурызнама онкүндігі 23 наурызға дейін созылмақ. Орал қаласындағы ең үлкен алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрге сай түрлі іс-шара өтіп жатыр.
Осы алаңның бір бүйірінде тұрған еңселі «Атамекен» өнер ордасының сахнасында республикалық VІІ «Jaiyq sazy» дәстүрлі өнер фестивалі өтті. Әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығымен орайластырылған бұл іс-шара айтыс ақыны Бауыржан Ширмединұлы айтқандай, эстрада емес, ескі даланың есті әндері төрге шыққан керемет мерекеге айналды.
Айтулы іс-шараға Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіманов, белгілі өнер шеберлері Жәкен Омаров, Дәуренбек Әркенов, Ардақ Исатаева, Ербол Айтбаев, Сәуле Таудаева, «Құрмет» орденінің иегерлері Сәрсенғали Жүзбаев, Қайрат Кәкімов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жәнібек Жәмиев, республикалық байқаулардың лауреаты Нұрым Асқанов, Мәдениет саласының үздігі Армат Исламғалиев, Фархат Оразов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Күнсұлу Түрікпен, т.б. қатысты. «Атамекен» сахнасынан қазақ даласының әр түкпірінде қалыптасқан ән мектебі өкілдерінің өлмес туындылары шырқалып, тыңдарманды тәнті етті. Халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдесін талай алып жүрген қазталовтық үлгілі «Қыз Жібек» би ансамблі Майраның әнін тамылжыта шырқады. Концертті жүргізуші белгілі айтыс ақыны Бауыржан Ширмединұлы да кестелі сөз, келелі пікірлерімен жиынның ажарын аша түсті.
Саз кешінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Жайық жұртын Амал күнімен құттықтап, ұлттық өнерімізді, Батыс дәстүрлі ән мектебінің негізін қалаушы, әнші-термеші Ғарифолла Құрманғалиевтің мұрасын насихаттап жүрген өнерпаздарға халықтың атынан зор алғыс айтып, көктемнің жаңару һәм жасару мерекесімен құттықтады. Барлық әнші облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталып, кәдесыйға ие болды.
Жоғарыда айтқанымыздай, Наурызнама онкүндігінің әр күні түрлі тағылымды іс-шараға толы болмақ. Мұндай мерекелік жиындар барлық ауданда да өтіп жатыр. Қайырымдылық, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жан мен тәнді таза сақтап, жаңару және тазару – Наурызнама онкүндігінің басты сипаты болмақ.
Батыс Қазақстан облысы