Университет • 14 Наурыз, 2024

Көшбасшылық курсы

163 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебі мен Финляндияның HAMK және JAMK университеттерінің сарапшылары «Білім берудегі көшбасшылық» атты бір аптаға созылған біліктілік арттыру курсын өткізді. Оған еліміздегі жоғары оқу орындарының 200 қызметкері мен 50 ауыл мектебінің директоры қатысты. Олар курста білім берудегі жаңаша үрдіспен танысып, инновациялық идеялар мен тәсілді және жаңа технологияны қолданудың қыр-сырын үйренді.

Көшбасшылық курсы

Іс-шараның ашылуында Ғылым және жоғары білім ми­нист­р­лігі Жоғары және жо­ға­ры оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова Назарбаев универ­си­тетінің білім беру жүйесінде көшбасшы даярлаудағы үлесі мол екенін айтты.

72 сағаттық тренинг гибридті форматта ұйымдастырылып, ол онлайн және тәлімгерлік сессияға жалғасты. Топтық сабақ кезінде тыңдаушыларды оқыту үдерісіне тарту үшін оқытудың белсенді және интерактивті әдісі мен түрлі цифрлық құралы пайдаланылды. Сондай-ақ оқу үдерісінің тиімділігі үшін Moodle білім беру платформасы қолданылды.

Интенсивті курста Пиа Колхо, Эсси Рюмин, Йоханна Эрлинг, Ари Покка және Қайрат Құрақ­баев секілді халықаралық және отандық сарапшылар білім берудегі көшбасшылықта жаңа технологияны қолдануға байланысты тақырыптарды қозғады.

«Бұл семинар бізге ауыл мек­тебін қала мектептерінің дең­гейіне жетуге талпындыра түсті. Біз мұнда  ұжыммен тығыз жұмыс істеп, әр адамның ойы құнды екенін үйрендік.  Қате­лесуден қорықпауды түсін­дік. Өйткені біз бұған дейін қателесуді айып көруші едік. Енді ауылға барғаннан кейін осында алған тәжірибемді әріп­тес­теріммен бөлісемін», деді Жетісу облысындағы Жетіжал орта мектебінің директоры Әділет Нұрғалиев.

Курс  барысында қатысу­шы­лар сарапшылармен бірге білім беру саласына байланыс­ты тапсырманы орындап, қо­ры­тын­ды жобамен жұмыс істеді. Үш топқа бейімделген жаңа білім беру бағдарламаны іске асы­рудың өзіндік жол картасы жасалды. Мәселен, жоғары оқу орын­да­рының басшылары бола­шақ көзқарасқа сәйкес қызметкерлер мен ресурстарды басқаруға назар аударса, сапаны қамтамасыз ету жөніндегі университет депар­та­менттерінің өкілдері жаңа білім беру бағдарламасының қағидатына сәйкес келетін сапаны үздіксіз ішкі бағалау үдерісін құруға мән берді. Ал мектеп директорлары  жаңа білім беру бағдарламасына қатысты жоғары оқу орындары мен мектептер арасындағы ынтымақтастық бай­ла­нысқа тереңірек үңілді.

«Тренингте талқыланған өзек­­ті мәселенің бірі – мектеп пен уни­верситет арасындағы байланыс. Біз осы мәселенің шешу жолын іздестіріп, әріптестермен ой бөлістік.  Мысалы, мен уни­вер­си­теттің оқу бөлімінде істеймін. Сондықтан осы курста оқу үде­рі­сін басқару, оған жетекшілік жасау және ұйымдастыруда біраз тәжірибе алдым. Енді оны жұмыс барысында қолданамын», деді Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің қызметкері Жұмагүл Қарабаева.

Айтпақшы, аталған тренинг Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі мен Оқу-ағар­ту министрлігі және Дүние­жү­зілік банктің қолдауымен «Педа­го­гикалық білім беру моде­лін енгізу және оның мазмұнын ны­ғайту» атты ауқымды жоба аясында өтті. Биылғы  қаңтар-маусым айы аралығында осы жоба шеңберінде еліміздегі жо­ғары оқу орындары мен мек­тептердің 2 150 маманын білік­тілік арттыру курсынан өткі­зу жоспарланған.