«Азаматтық қоғамның» айтары көп
Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері мен қоғам белсенділері және танымал заңгерлер қатысқан Ұлттық құрылтай жиынының бірінші күні «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» деп аталатын төрт секция жұмыс істеді. Екі күнге жалғасатын жиында барлық өңірден келген Құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылайды.
Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібайдың төрағалығымен өткен «Азаматтық қоғам» секциясында Ұлттық құрылтай платформасындағы өзекті мәселелер көтеріліп, шешу жолдары талқыланды.
Басқосуда Құрылтай мүшелері қоғам бірлігіне, тәртіп пен заңдылықтың сақталуына және жалпыадамзаттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шараларға кеңінен тоқталып, осы саладағы өзекті мәселелерді қозғады. Сондай-ақ олар талқылау барысында қазіргі таңда күн тәртібінен түспей келе жатқан маңызды мәселелер – азаматтық қоғамды дамыту, заң үстемдігін орнату, адам құқығын қорғау, халықтың құқықтық сауатын арттыру және зорлық-зомбылыққа, харассментке жол бермеу жайына ерекше назар аударды. Президент көмекшісі жиында айтылған құқықтық мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Секцияда жергілікті әкімдерді сайлаудың нәтижесі туралы да мәселе қозғалды.
«Жергілікті жердегі сайлау – еліміздегі маңызды реформаның бірі. Соңғы сайлау аудандар мен ауылдарда тұрғындардың қызығушылық танытқанын көрсетті. Енді ел азаматтары сайлау үдерісіне барынша қатысуға тырысып отыр. Олар әкімді өздері таңдап, белгілі бір іс-шаралардың орындалуын сұрайтын болады. Біз сайлау нәтижесіне талдау жүргіземіз», деді Р.Желдібай.
Сессия кезінде баяндама жасаған Әділет министрі Азамат Есқараев Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен құрылған Ұлттық құрылтай бүгінде қоғамдағы өткір мәселелерді талқылап, шешімін табатын жалпыұлттық алаңға айналғанына тоқталды.
«Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 шілдеде қол қойған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң онлайн ортаны қалыптастыруға бағытталғанын атап өткен жөн. Заңның маңызды жаңашылдықтарының бірі – онлайн-платформалардың өз интерфейсін қазақ тіліне аударуды міндеттеуі. Дербес деректерді қорғау, пайдаланушылардың шағым беру мүмкіндігі, онлайн-платформалардағы контентті модерациялау, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен әсер етушілердің құқықтары мен міндеттері қарастырылады. Сондай-ақ заң жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастырады. Бұл норма қазірдің өзінде әрекет ете бастады, бұл жалған ақпаратпен күресудің маңызды тәсілін көрсетеді», деді министр.
А.Есқараев қазіргі уақытта журналистердің Әдеп кодексі қабылдану барысына да тоқталды. «Адалдық, объективтілік, әділдік, пікірлердің плюрализмі және адам құқықтарын құрметтеу журналистер қызметінің негізгі ережесі болуға тиіс», деді министр.
Бірегей платформадағы басты мәселелер
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен өткен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясының отырысы да қызу талқылаулар мен ұсыныстарға толы болды. Министрдің айтуынша, Ұлттық құрылтай ұлт зиялыларының қоғамдағы қордаланған мәселелерді талқылайтын, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын бірегей платформаға айналып отыр. Ұлттық құрылтайдың Түркістан төрінде өткен екінші отырысынан кейін жұмыс форматы түбегейлі өзгерген.
«Елімізде «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылды. Былтыр «Қазақстанның Халық жазушысы» атағына Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова ие болды. Президент Жарлығымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығына ұлттық мәртебе берілді. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың өңірлік рәміздерін әзірлеу және қолдану туралы үлгілік ереженің жобасы дайындалды. Ясауитану ғылыми орталығының жұмыс тұжырымдамасы және үш жылдық жұмыс жоспары әзірленді», деді министр.
Ол, сондай-ақ, биыл елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да тоқталды. Көшпелілер ойынын өткізу үшін Премьер-министрдің өкімімен ұйымдастыру комитеті құрылғанын атап өтті.
«Қазір V Дүниежүзілік көшпелілер ойынын өткізу жөнінде дайындық жүріп жатыр. «Қазспортинвест» АҚ базасында ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясы құрылды. Ал 10 қаңтарда ВИК стилінде қаланы безендіру бағдарламасы басталды. Осы кезге дейін көшпелілер ойынына 58 ел қатысатынын растады», деп мәлім етті А.Балаева.
Министрдің айтуынша, креативті индустрия өкілдеріне арнайы салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан былай креативті индустрия қызметінің 40 түрі бөлшек салықтың арнайы салық режімінде жұмыс істей алады.
«Креативті бизнес жеке табыс, қосылған құн және корпоративтік табыс салықтарынан босатылады. Жеке кәсіпкер үшін 2-ден 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін бірыңғай салық төленеді. Ал мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама шеңберінде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беру енгізіліп отыр. Осы кезге дейін 26 млрд теңгеге 5,5 мыңнан аса жоба қаржыландырылды. Жұмыс орындарына 467 мың жас орналастырылды», деді ол.
Министрдің дерегіне сүйенсек, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға NEET санатындағы жастар ұғымын бекіту бөлігінде өзгерістер енгізілген. Бұл жастарды жұмысқа орналастыру, білім беру, біліктілігін арттыруда жүйелі және атаулы жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді. Қазір жастар саясаты саласындағы индикаторларды күшейту тетігі пысықталып жатыр.
Ал Ұлттық құрылтай мүшелері ұлттық құндылықтарды ұлықтау мәселесіне көбірек назар аударды. Мәселен, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның пікірінше, елімізде материалдық емес құндылықтарды түгендеу түбегейлі жолға қойылмай тұр. Оның айтуынша, Арқаның даласында, Маңғыстаудың ойы мен қырында, әр өңірде қазақтың ұлттық құндылықтары әлі де толық зерттелген жоқ. Депутаттың пікірінше, қазір ұлттық рухы жалаңаштанған ұрпақтың буыны қалыптасты. Жас буынның бетін ұлттық құндылыққа бұру керек.
Сарайшық тарихын қайта жаңғырту қажет
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің пікірінше, Атырау облысындағы ортағасырлық Жайық өзенінің жағалауындағы көненің көзі – Сарайшық қалашығына маңыз беріліп отырғанына тоқталды. Алайда ескеретін жайт бар.
«Сарайшық қаласының түп тарихын зерттеу, құндылықтарын дәріптеу әлі жеткіліксіз. Оның себептерін анықтаған жөн. Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуға тиіс. Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет деп есептеймін. Былтыр араб елінде болған кезімізде сондай орталық құрылған еді. Арабтар оны Қазақстанда да бірлесіп құруға ынталы болып отыр. Өйткені ғалымдарды жіберу, қаржыландыру мәселесі қамтылған еді. Біз дауылпаз ақын Махамбетті де ұмытып кеттік. Сол себептен оған да бір орталық керек. Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі қажет. Әрине, тек университеттер емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға алса деген ұсынысымыз бар», деді М.Құлкенов.
Министр А.Балаеваның айтуына қарағанда, елімізде аспан астындағы 12 музей бар. Соның бірі – Сарайшық музей-қорығы. Атырау облысындағы ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихын қайта жаңғырту көзделіп отыр.
«Сарайшық – қазақ даласындағы ең көне қаланың бірі. Музейдің айналасында зираттар бар. Сүйектер шашылып жатыр. Мұның бәрін тазалау, реттеу жергілікті әкімшіліктің назарында болады. Бұл жұмыстар аяқталған соң, 2025 жылдан кейін бірлескен экспедиция жұмысын бастаймыз. Бір ай бұрын Сарайшық музей-қорығының ұжымымен кездесіп, халықаралық деңгейде таныту мәселесін талқыладық. Бакудегі түркі әлемінің мәдениетін дамыту қоры аясында бірлескен экспедиция ұйымдастыру, Сарайшық қаласын қайта жандандыру мәселесін қарастырамыз», деді А.Балаева.
Ұлттық әдебиет мәселесі де қозғалды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы М.Құлкенов қазақ жазушыларының туындылары әлем тілдеріне аударылмай жатқанына тоқталды. Ал «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы балалар әдебиетіне, балалар басылымдарына қолдау көрсету мәселесін көтерді.
«Кейінгі кезде балалар әдебиетіне қатысты екі жақсы тенденция бар. Біріншісі – балалар әдебиетін қолдау. Екіншісі – қаламақының өсуі. Қазір балалар әдебиетінің мамандары – ақын, жазушылары өте аз. Жалпы балаларға арнап шығарма жазу – өте қиын мәселе. Ұлттық құндылық мәселесі тарихты білумен байланысты. Академиялық жеті томдық тарихта бүгінгі көтеріліп отырған біраз мәселе, оның ішінде Сарайшық қаласының, Алтын Орда ұлысының тарихы секілді жайттар қалпына келеді деп ойлаймын», деді Д.Қамзабекұлы.
Ұлттық құрылтай мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин шекаралық аймақтарда түйткілді мәселенің бар екенін атап өтті. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектеседі. Көрші елдің шекарасына таяу қоныстанған ауылдар отандық теле-радио хабарына мұқтаж болып отыр. Мобильді байланыс аясы тар.
«Шекарадағы ауылдардың жастарын көрші елдің жоғары оқу орындары бюджеттік грантпен оқуға көптеп тартып жатыр. Мұстафа Шоқайша айтқанда, «Бала қай тілде білім алса, сол елге қызмет етеді». Бұл – алаңдатарлық жайт. Тағы бір мәселені тарқатар болсам, тұрғындар саны 50-ден аз болса, сол ауылдар жабылуы қажет. Бұл талап шекарадағы ауылдарға қолданылмаса екен», дейді Б.Ғұбайдуллин.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің дерегінше, лудомания мәселесі әлі де ушығып тұр. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты арнайы заң дайындаған. Бұған еліміздегі 350 мың адамның лудомания «дертіне» шалдыққаны себеп болған. Олардың әрқайсысында 10 млн теңгеге дейін қарызы бар.
«Ауылдың мәселесі қай кезде де өзектілігін жоймай келеді. Қазір елді мекендер тұрғындары ұлттық өнерге шөлдеп отыр. Осыған байланысты өнер адамдарының гастрольдік сапарын ұйымдастыруға болмай ма? Бірақ айтпауға болмайтын бір жайт бар. Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында спорттық не мәдени іс-шара өткізуге рұқсат берілмейді. Неге бұлай?» дейді Е.Жаңбыршин.
Бұдан өзге секция кезінде отбасылық зорлық-зомбылыққа, теріс діни ағымдарға тыйым салу мәселесі қозғалды. Бар әңгіменің түйіні – ұлттық құндылықты ұлықтау.
Цифрландыру – білім берудің басты элементі
«Білім және ғылым» секциясының отырысына модераторлық жасаған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім беруді цифрландыру қазіргі әлемдегі білім беру жүйесін дамытудың негізгі элементі екенін атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық технологияларды енгізу оқу материалдарының қолжетімділігін арттыруға, білім сапасын жақсартып, білім алушылар мен оқытушылар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал етеді.
Секция отырысына қатысушылар да жоғары білім беруді цифрландыру тек технологиялық жаңартуды емес, сондай-ақ кадрларды даярлау, инфрақұрылымды құру және перспективті білім беру бағдарламаларын әзірлеуді қамтитын кешенді тәсілді қажет ететінін алға тартты.
Жиында министр С.Нұрбек келтірген деректердің бірі – Дүниежүзілік экономикалық форумның зерттеулері. Соған сәйкес, болашақта 10 жұмыс орнының 9-ы цифрлық дағдыларды қажет етеді және 2030 жылға қарай цифрлық дағдыларға деген қажеттілік 55%-ға артады.
«Бұл – қарқынды технологиялық прогресті ынталандыратын керемет динамика. Қазірдің өзінде әлемде білім беру жүйелері кездесетін бірнеше мегатренд айқын қалыптасты. Бірінші, жоғары білім беруді диджитализациялау. Оқыту мен оқыту үдерісінде заманауи білім беру технологияларын қолдану қажет. Екіншіден, IT дағдыларын дамытуға арналған микробіліктілік берудің өсуі байқалады. Ол үшін микробіліктілік бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр. Нано дәрежелер мен микробіліктілік алу мүмкіндігі қарастырылған. Үшіншіден, цифрлық алшақтықтың ұлғаюы байқалады. Яғни цифрлық кеңістікте оқуға қолжетімділігі төмен адамдардың белгілі бір санаты бар. Цифрлық қоғамды қалыптастыру үшін тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және қосымша онлайн-сабақтарды ұйымдастыру шараларын қабылдау қажет», деді ол.
Сондай-ақ, басқосуда жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын дамыту, экономиканың барлық саласын цифрландыру жағдайында IT дағдылары бар кадр даярлау, бұл бағытта студент, оқытушы және әкімшілік қызметкерлерге қойылатын талаптарды арттыру мәселелері де жан-жақты сөз болды. Секция модераторы Саясат Нұрбек жиында студенттердің әлемдік цифрлық ресурстарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар іс-шара қабылданғанын да мәлімдеді. Оның айтуынша, ынтымақтастықты дамыту және студенттерді жетекші шетелдік профессорлар курстарына қолжетімділігін кеңейту мақсатында «Coursera», «Huawei», «Binance Kazakhstan», «Amazon», «Google» сияқты ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қойылған.
Ұлттық құрылтай қарсаңында ұйымдастырылған пленарлық басқосу Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен өткен «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» тақырыбындағы төртінші секциямен қорытындыланды.
Атырау облысы