Сенат депутаттары алдымен «1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасының арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Құжат нормалары өзара түсіністік пен егемендікті құрметтеу негізінде екі елдің азаматтық, отбасылық, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартының ережелерін жетілдіруді көздейді.
Сондай-ақ хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Литва азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Вейптерді жарнамалауға тыйым салынбақ
Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды. Азаматтарды сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, пациенттердің мемлекет кепілдік берген құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру осы заңның негізгі міндеттері екенін атап өткен жөн.
Заңда азаматтардың медициналық көмек көрсету кезінде денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқықтарын қорғау шаралары және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған басқа да ережелер көзделген. Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Сондай-ақ оған бірқатар өзгеріс енгізіп, құжатты жаңа редакциямен Мәжіліске қайтарды.
Нақты айтқанда, шегілмейтін темекі бұйымдарының, вейптердің, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымы үшін қылмыстық жауаптылықтың заңмен белгіленуіне байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен электрондық тұтыну жүйелері мен оларға арналған сұйықтықтарды сату, пайдалану, демеушілік көрсету үшін жауапкершілікті регламенттейтін нормаларды алып тастауға қатысты өзгерістер енгізілді. Бұған қоса, тауар белгісінің элементтерін немесе шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптердің атауын пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жарнамалауға және шегілмейтін темекі бұйымдары мен вейптерге сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға арналған жүлделер, лотереялар, ұтыс ойындарын өткізуге тыйым салу ұсынылды.
«Заң денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытылған. Жаңа нормаларға сәйкес, енді осы саладағы қызметкерлерге үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы және «Өз кәсібінің үздiгі» атағы беріледі. Сенат енгізген өзгерістер заңның жекелеген ережелерін нақтылауды көздейді. Алдағы уақытта заң халықты қауіпсіз, тиімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Дәрігерлер жұмысына шағым неге көп?
Жыл сайын елімізде ұлттық денсаулық сақтау саласына қомақты қаржы бөлінеді. Былтыр бұл көрсеткіш 2,6 трлн теңгені құраған. Алайда одан медициналық қызметтің сапасы жақсара қойған жоқ. Бұл салада міндетті медициналық сақтандыру жүйесі сияқты әлі де болса шешілмеген түйткілдер бар.
«Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі бойынша маңызды мәселелер бар. Былтыр барлығын есептегенде осы салаға 2,6 трлн теңге бөлінді. Бұл – ауқымды қаражат. Соған қарамастан қызметтердің сапасы әрдайым жоғары деңгейде бола бермейді. Өткен жылы Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік сауалнама жүргізді. Олардың зерттеуіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 56 пайызы жедел медициналық көмек орталықтарының қызметіне көңілі толмайтындығын білдірген. Жалпы, медициналық қызмет бойынша да нәтиже осыған ұқсас. Сондай-ақ азаматтар білікті мамандардың болмауы, ұзын-сонар кезек, дәрі-дәрмектің және көрсетілетін қызметтердің тым қымбаттығы сияқты мәселелерге назар аударған», деді Сенат төрағасы.
Азаматтар міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты да осындай олқылықтың бар екенін айтып жүр. Сондықтан М.Әшімбаев медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін сақтандырудың жаңа жүйесіне көшу кезінде олардың қызметін тәуелсіз бағалау жүйесін құру аса маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ бұл ретте норманың тиімділігіне мониторинг жүргізу депутаттар мен мемлекеттік органдардың міндеті екенін де айтты. Осы істе сенаторлар қажет болса жаңа қадамдар жасауға да дайын.
«Біз медицина қызметкерлері мен пациенттердің мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауымыз керек. Бұл норманың одан әрі орындалуын, қалай жұмыс істейтінін қарау қажет. Мүмкін комиссияларды медициналық мекемелерден бөлу керек шығар. Олар денсаулық сақтау департаменттерінің немесе басқа құрылымдардың жанында жұмыс істегені дұрыс болар. Егер пациенттердің сапасыз қызметтерді алуға қатысты шағымдарын тәуелсіз бағалау жолға қойылса, сақтандырудың бүкіл жүйесі іске қосылады. Біздің тиісті комитет осы мәселемен айналысады. Бәрін зерделеп, біраз уақыттан кейін аталған нормаға қайта оралуымыз да мүмкін», деді М.Әшімбаев.
Қоқыс өңдеу зауыттары тоқтап тұр
Елімізде жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдық пайда болады. Өткен жылы бүкіл елімізде 5,5 мыңнан аса заңсыз полигон бар екені белгілі болды. Сенатор Закиржан Кузиевтің айтуынша, қазір қоқыс мәселесімен күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар тиісті нәтиже бермей келеді.
«Қауіпті және медициналық қалдықтарды кәдеге жарату және кәдеге жарату кезінде қолдаланылатын технология нормативке сәйкес келмейді. Дегенмен бұл ретте ауқымды бюджет қаржысы игеріліп жатыр. Қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі Орталық Азиядағы ірі зауыт құрылысының Алматыда салынуы бірден-бір маңызды жетістік екені белгілі. Алайда, өкінішке қарай, қазір ол жабылып қалды. Ақтөбе мен Семейде 5 млрд теңгеге салынған екі жаңа зауыт та тоқтап тұр. Экология министрлігінің қоқыстарды сұрыптаудағы табыс жөніндегі есебі үміт отын жағады, алайда шындықтың ауылы алыста жатыр», деді сенатор.
Депутаттың ақпараты бойынша, межеленген 18-20% қалдықтың орнына шамамен 5-6%-ы ғана сұрыпталады, қалғаны полигонға жіберіледі. Депутат мысал ретінде Еуропа елдерінің тәжірибесін атап өтті. Олардың ұстанымы – қалдықтарды азайту, оларды қайта өңдеу және қайта пайдалану. Сенатор Германия 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды көметін полигондардан бас тартуды жоспарлап отырғанын, оларды қайта өңдеуді ынталандыратынын атап өтті.
«Қоқыспен жұмыс істеу жағдайын жақсарту үшін бұдан былай қайта өңдеуге жатпайтын қаптаманы пайдалануға тыйым салуды, қоқысты ең алғаш жинақтау орындарында қалдықты сұрыптау жүйесін енгізуді, қоқысты уақтылы шығармағаны және рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі үшін айыппұлды ұлғайтуды, сондай-ақ шетелдік инвесторларды белсенді тарта отырып және әлемдік тәжірибені пайдаланып, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және сұрыптау зауыттарын салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», деді сенатор З.Кузиев депутаттық сауалында.