Қоғам • 15 Наурыз, 2024

«Отау» көп отбасыны қуантады

1810 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде 1 наурыздан бастап «Отау» бағдарламасы іске қосылды. «Отбасы банк» ұсынып отырған жаңа жоба аясында биыл 8000-ға жуық азамат баспанамен қамтылады деп жоспарланып отыр. Бағдарлама әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында «Отбасы банк» басшылығы «Қазақстан құрылыс салушылар» қауымдастығымен және Қазақстан құрылысшылар одағымен кездесіп, одан әрі дамытуды көздейтін бағыттарды талқылады.

«Отау» көп отбасыны қуантады

Кездесудің мақсаты – «Отау» бағдарламасы арқылы қолжетімді бағамен банк салымшыларына тұрғын үйді сату бо­йынша құрылыс салушылармен ынтымақтастық орнату. Нәтижелі болса, бұл болашақта жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында бас­пана бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік береді.

ро

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың сөзінше, «Отау» бағдарламасы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылар үшін бас­пана сатып алудың тиімді құралы. Бұл ел тұрғындары арасында үнемдеу мәдениетін нығайту­ға әрі арттыруға бағытталған. Себебі ақшасын тірнектеп жинап, күнделікті шығындарын есептей білген адам ғана төмен пайызбен үй алатыны белгілі. Алайда клиенттеріміз үшін бас­пана бағасы шарықтап кетпей, белгілі бір межеден аспағаны жөн. Мұндай келісімге қол жеткізу үшін құрылыс компанияларының банкпен ынтымақтастық құруы маңызды», деді ол.

Жалпы, 13 наурыздағы жағдай бойынша банк клиенттері аталған бағдарламаға қатысуға 8 180 өтінім берген. Әлі де қабылдау жүріп жатыр. Сондай-ақ қарбалас тудырмау үшін өтінім қабылдау мерзімі 30 сәуірге дейін жалғасады. Ең бас­тысы, банк өз клиентін тұрғын үйді тезірек таңдауға және сатып алуға асықтырмайды. Ол үшін 6 ай уақыт берілген, сондықтан бағдарламаға қатысушылар өзіне қолайлы баспана тауып үлгереді. «Отау» бағдарламасының талаптары бойынша Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында тек алғашқы нарықтан тұрғын үй сатып алуға болады. Ал басқа аймақтарда кез келген тұрғын үйді сатып алуға рұқсат.

«Отбасы банк» АҚ арқылы берілетін мұндай ипотекалардың екінші деңгейлі банктер өніміне қарағанда бастапқы жарнасы да, пайыздық мөлшерлемесі де төмен. Біз айтып отырған «Отау» бағ­­дар­ламасының пайыздық мөл­шерлемесі – 9% (ЖТСМ 9,2%-дан бас­тап), заем сомасының 50%-ы жи­нақталғаннан кейін несие бо­йынша мөлшерлеме жылдық 3,5-тен 5%-ға дейін (ЖТСМ 3,6%-дан бастап) төмендейді. Бас­тапқы жарнасы – 20%. Несиені 19 жыл­ға дейін рәсімдеуге болады. Оған 18 бен 63 жас аралығындағы банк салымшылары қатыса алады. Негіз­гі шарт – 18 ай мерзіміндегі депо­зитінің әрі онда кемі 1 млн теңге са­лымының болуы. Сондай-ақ қаты­сушының және оның отбасы мү­шелерінің соңғы 5 жыл ішінде мен­шігінде жылжымайтын мүлкі болмауға тиіс. Үміткерлердің соңғы 6 айдағы тұрақты табысы да қаралады.

«Мысалы, былтыр республикада 17,5 млн шаршы метр тұрғын үй са­лын­ған. Бұл – 157 мың пәтер. Бізге осы пә­терлерді сату бо­йынша көп құ­рылыс компаниялары келіп, қан­дай да бір тиімді ипотекалық бағдарламалар бар-жоғын сұрайды. Әрине, біз ең алдымен жұмыс істейтін жастардың, жас отбасылардың үйлі болуына жағ­дай жасауға тырысамыз. Екін­шіден, бұл – жаңа пәтерлер. Олар­ды қатысушылар «Баспана маркет» порталынан таңдай алады. Бағ­да­р­ламаға қатысу жөніндегі өз өтініш­терін де ел тұрғындары осы портал арқылы жолдай алады. 1 мамырдан бастап өтініш берген азаматтардың құжаттарын сараптайтын боламыз», деп атап өтті Л.Ибрагимова.

«Баспана маркет» порталы­ның (otbasybank.kz) қызметі өте ыңғайлы. Мұнда сіз банктің бағдарламасына қатысуға өтініш бере аласыз, тұрғын үйді таңдап, брондап, несие рәсімдеу үдерісін бастай аласыз. Бұл – банк клиен­тіне анықтама әкелудің, кезек­те тұрудың, филиалдарға барып уа­қыт­ты ысырап етудің қажеті жоқ деген сөз.

Аталған портал құрылыс салушы компаниялар үшін де тиімді. Олар өз жеке кабинеті арқылы құрылыс нысандарын орналас­тырып, пәтерлерді сату үдерісін цифрландыра алады. Демек филиалға олар үшін де том-том құжатпен келудің, қағаз бетіндегі келісімшартқа қол қоюдың қажеті жоқ. Мысалы, бұл жұмыс бұрын орта есеппен 2 сағатқа созылса, қазір 20 минут уақыт кетеді екен.

«Компаниялар өз пәтерлерін «Баспана маркет» платформасына орналастырмас бұрын тұрғын үйдің ағымдағы нарық­тық бағасына келісу жұмыстарын жүргізетін болады. Әрине, бұл жерде құрылыс материалдары бағасының өзгеріп тұруы да бас­пана бағасына әсерін тигізбей қоймайды. Егер ол нарыққа сәйкес келсе, онда құрылыс салушымен бірге пәтердің 1 шаршы метр бағасы белгіленіп, тұрғын үйді сату туралы келісім жасалады. Осы арқылы жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермейміз», деп сөзін түйіндеді «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы.

Статистика бойынша, банк­те депозитіне 1 миллион теңге жинаған, салымының мерзімі 18 айдан асатын 300 мың салымшы бар. Соның ішінде 51 мың клиенттің депозитінде орта есеппен пәтер құнының 20%-ына жететін жинақтары бар екен. «Отау» бағдарламасы 7 жылға есептелгенін ескерсек, «Отбасы банктің» кемі 56 мың салымшысы осы уақыт аралығында аталған бағдарлама көмегімен баспаналы бола алады деген сөз.