Қоғам • 15 Наурыз, 2024

Қайырымдылық жасау ұлт пен шекараға бөлінбейді - Газа аймағында ерікті болған жалғыз қазақ қызы

607 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жер-жаһанды қатыгездіктің қаптап кетуінен сақтап тұрған нәзік сезім бар. Ол – мейірім. Жүрек мейірімге толы болғанда, білек жамандыққа жуымайды. Тіршілікте қайырымдылық салтанат құрады. Бір-біріне қарайласқан жұрт барда, тұрмыс тұраламайды, әр шаңырақтан түтін түзу шығады. «Бес саусақ бірдей болмайтыны» мәлім ғой. Мұндайда әлемді айналасына Атымтай жомарттық жасайтын жандар құтқарады. Қазақ даласында атырабын малымен асырап, аштықтан аман сақтап, шалғай өңірде білім шырағын жағып, жиғанын руханият жолына сарпыған бай-бағландардың аты мәлім.

Қайырымдылық жасау ұлт пен шекараға бөлінбейді - Газа аймағында ерікті болған жалғыз қазақ қызы

Фото: Перизат Қайраттың жеке архиві

Дәуірлер дүркіреп өтіп, заманауи құндылықтар бой көрсеткенде де қанда қалған қасиет – қайырымдылық. Жаңа ғасырда үзілмеген үрдіс көшіне бүгінде қыз-келіншектер қауымы да ілесті. «Қайырым етпесең де өзгеге кесірің тимесін» деген түсінік алғы шепке шыққан заманда құнды уақыт пен қағазды өзгенің игілігене арнау – айтулы іс. «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» қағидасымен қайырымдылық көп ретте көңіл тереңінде құлыпталады. Дана халқымыз «Жақсылық қылсаң, жасыр, жақсылық көрсең, асыр», деп түйеді.  Жақсылық жасаған жан жасырғанды, көрсең асыру адамдық - парыз, мамандық – міндет. Осы ретте елі ішіндегі кем-кетікке, жоқ-жітікке, мұқтажға хал-қадірінше қол ұшын созып жүрген арумен тілдестік. Тағдырдың өзі қайырымдылық жасауға мойын бұрдырған қайсар ару басқаратын қайырымдылық қоры қазіргі уақытта «қайырымдылықтың шекараға бөлінбейтінін» айғақтап жүр. Кәсіпкер, ерікті, «Biz birgemiz.Qazaqstan» қайырымдылық қоры, жалпыұлттық волонтерлер қозғалысының төрайымы Перизат Қайрат алғаш болып біздің басылымға Газа секторындағы жарымкөңіл жұртқа Қазақстан халқының атынан көрсетіліп жатқан көмектің егжей-тегжейін, қор еңсеріп жатқан жұмыстар туралы баяндап берді.

P.S. Халық біздің бүгінгі кейіпкерді «Қанатымен су сепкен қарлығаш қыз», деп сипаттайды. Біз өз кезегімізде оны «Бәйшешек қыз» деп бағалар едік. Өйткені ол тағдырдың қатал қысына мойымай, қатты жер тоңын жарып шыққан бәйшешектей өмірінің күрделі кезеңін артта қалдырып, қайырымдылыққа бет бұрды.

- «Қайраны жоқ көлден без, қайырымы жоқ елден без» дейді. Сіздің пайымыңызша қайырымды адамның бейнесі қандай?

- Қазақ халқы қашанда мейірімділік пен жомарттықтың жарқын үлгісін көрсеткен халық. Жетімді жылатпай әркез маңдайынан сипай білген. Жер бетінде адам болып ғұмыр кешетіндіктен өзге жандарға, табиғатқа мейірім, рақымшылық көрсету биіктік деп есептеймін. Кейінгі жылдары әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Бұл тұста да қазақ халқы адамзаттың тағдырына бей-жай қарамайтынын бірден байқатты. Меніңше, қайырымды адам ұлт пен ұлысқа бөлінбей барлығына ақ ниетпен қол ұшын созатын, сол әрекетіне жауапты тек Жаратушыдан күтетін адам.

- Қайырымдылық жасау – жандағы алпауыт әлем. Бүгінде осы қажырлы қайратты қажет ететін бағытта меценаттық мейірім, кәсіпкерлік қолдау көрсетіп жүрген қыз-келіншектердің қатары қалыңдап жатыр. Олар көбіне әлеуметтік қайырымдылыққа ден қойып жатады. Осы тұста сіз басқаратын қордың бағыты мен ұстанымын тарқата айтсаңыз?

- «Biz birgemiz.Qazaqstan» қайырымдылық қоры коронавирус шарпыған уақыттан республикалық деңгейде жұмысын бастады. Заңнамалық құжат негізінде біздің мақсат пен ұстаным - ерекше балалаларға арналған көмекті үйлестіру. Соның ішінде миы зақымданбаған балалардың дарынын ұштау, білім алуына ықпал ету, түрлі деңгейдегі сайыстарда қолдау көрсету және халықаралық масштабта волонтерлық қызмет ету.

- Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп парасат биігін айқындап берген еді. Қазіргі таңда қайырымдылықтың шекараға бөлінбейтінін әйгілеп жүрген қордың бірегейі, сіз тізгіндеген «Biz birgemiz.Qazaqstan». Сын шақта, жер сілкінгенде түрік халқына қол ұшын создыңыздар, енді Газа секторына гуманитарлық көмек жіберуді ұйымдастырған елдегі жалғыз қор өздеріңіз. Осы жөнінде айтып беріңізші?

- Былтыр бауырлас Түркия елінде жер сілкінгенде «Biz birgemiz.Qazaqstan» қайырымдылық қоры алғашқылардың бірі болып 70 мың азық-түлік қорабын жеткізді. Сол елде оқитын қазақ студенттерінің басын қосып екі апта көлемінде үзіліссіз қызмет еттік. Ал биыл саяси жағдайға байланысты Палестинаға гуманитарлық көмек беру мүмкіндігі барлығына тең берілген жоқ. Ниет танытқанымен, біршама қайырымдылық қорлары артқа шегінуіне тура келді. Қақтығыс кезінде көмек көрсету біршама қиын екен. Мәселен, былтыр Түркиядағы табиғи апат кезінде ешқандай ресми құжаттар толтырмай-ақ, тікелей қол ұшын созуға мүмкіндік болды. Газа халқына гуманитарлық жүк жолдау үшін Біріккен Араб Әмірліктерімен арнайы меморандум жасастық. Қазақстаннан тікелей көмек жолдайтын гуманитарлық дәліз жоқ әрі жүк тиелген бортты діттеген аймаққа жіберу қомақты қаражатты талап ететін болды. Сондықтан біз БАӘ-Қазақстан елшілігімен кеңесіп, ақпарат алмасып азық-түлік, медициналық керек-жарақты жіберу жұмыстарын БАӘ шекарасында жүзеге асырдық. Біздің елден санаулы ерікті ұшып барды. Негізгі қол көмегін араб тарапы ұйымдастырды, тағы 5 000 ерікті сол жақтан қосылды. Палистинамен теңіз логистикасы жолға қойылған Мысырдың Рафа қаласына өзім барып, шекарадан Қазақстан халқының көмегін шетін шығармай аттандыру жағын қадағаладым. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Қазақстан халқы 291 млн теңге жылу жинады. Оның 200 млн қаражаты біздің қорға аманат ретінде тапсырылды. Қолдағы қаржыға 100 мың балаға қыс мезгіліне арналған жылы киім сатып алынды. Бұл бастамаға блогер Назим Миссанов, актер Нұртас Адамбай желідегі аудиториясымен бірлесіп 100 млн теңгеден аса қаржы қосты. Бұл жинаққа Газадағы халыққа азық-түлік алынды. Мұнда басты ескеретіні - көмек Қазақстан елінің емес, Қазақстан халқының атынан ұйымдастырылды. Саяси сауалдарға байланысты мемлекеттік нышандарды көрсету құпталмады. Осы тақырып аясында бірінші болып сіздердің басылымдарыңызға ақпарат беріп отырмын.

- Сөзіңізден қақтығыс жағдайында еріктілік қызмет көрсетудің салмақты жауапкершілігін аңдап отырмыз. Бұл моральдық тұрғыда сізге қалай әсер етті?

- Мысалы, өз еліміздегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыға кез келген адам, көршісі, танысы қалтаңыздағы қаржыға қарай азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешекті ешқандай кедергісіз табыстай алады. Ең бастысы, сол отбасымен алдын ала ақпарат алмасу керек. Бұл үшін арнайы күнді күтудің қажеті жоқ. Сондай-ақ арнайы орталықтардағы қарттармен тілдесіп, қажетін қамтып, бірге уақыт өткізудің өзі қайырымдылыққа, волонтерлық жұмысқа жатады деп айтар едім. Қимылы шектелген жеке үйдегі азаматтардың да сырттағы сұранысын алып беру, ауладағы қарын күреу де осы санатқа енеді. Волонтерлер үшін бұл жеңіл әрі тез еңсеретін тірлік. Ал шетелде, соғыс жағдайында волонтер боламын десеңіз сан сауалнаманы толтырып, ресми құжаттарға жауап беруге тура келеді. Палестина жұрты үшін жинаған қаржыны аудару процесінің өзі 3 ай уақыт көлемінде жүргізілді. Банк жүйесіне сай шетелге айына 100 млн доллардан артық ақша аударылмау керек. Экономикалық түйткілге байланысты тікелей Палестинаға қаржы жіберу де мүмкін болмады. Сондықтан «Biz birgemiz.Qazaqstan» қоры жауапкершілікті толықтай өз мойнына алып, көрші елдермен бекітілген меморандум аясында мақсатымызға жеттік. Қарашаның басында жиналған қаржыны қаңтар айында сауда-саттық мақсатында жұмсап, түбіртектерді сақтай отыра волонтерлердің жұмысын мәресіне жеткіздік.

оо

- Пендеге тән сезім ғой. Адам бір істі тиянақты орындап, жақсы нәтижеге жетсе марқайып қалады. Сіз осындай ауқымы рухани өлшемге сыйматын жұмыстың нүктесін қойғанда қандай сезімді бастан кештіңіз?

- Шыны керек, істі бастар алдында қорқыныш, қобалжу болды. Ал Мысыр елінің шекарасында кішкентай сәбилердің жарақатын көзбен көру өте қиын. Бір үзім нанды жанкештілікпен таласып алып жатқан жандарды көргенде, шынайы шүкіршілік етеді екенсің. Ондағы жағдайдың шиеленісті екенін 100 тонналық медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектің 9 күнде түгесілгенінен де аңғаруға болар. Қанша бала ата-анасынан көз жазып, шырылдап қалып жатыр. БАӘ 4 мың баланы емдеу үшін өз еліне алдырды. Сондай-ақ араб халқы Қатар, Түркия елі жылжымалы медициналық пункт жолдағанына куә болдым.

- Көпшілік болған соң бес саусақ бірдей болмайды. Біздің елде де әлеуметтік, медициналық көмекке мұқтаждар бар екені анық. Сіздің әлеуметтік желіде жетісайлық Аяжан есімді аруға өмірі үшін қамбат дәріні жеткізуде ұйытқы болғаныңызды тебіренбей қабылдау мүмкін емес. Айтыңызшы сізге осылай көмек сұрап хабарласатындар көп пе? Талайлы тағдырдың түйіткілінде тұрған жандардың сізбен байланысу жолы қандай?

- Біздің қорға көпшілік әлеуметтік желі арқылы хат жолдап байланысып жатады. Қазіргі таңда «Biz birgemiz.Qazaqstan» қайырымдылық қорының балансында 3 198 ерекше бала бар. Барлығына бірдей қаржы бөлу әзірге мүмкін болмай тұр. Қордың негізгі қаржы қайнары – айналамыздағы кәсіпкер, серіктестер. Ал кейінгі 3 жылда қорға БАӘ халықаралық ұйымдары да қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Сондай-ақ әркез жылу жинап, барымен бөлісетін Қазақстан халқына ризашылығымды білдіремін.

- Қайырымдылық – қайырлы іс. Жасаған жақсылық он еселеп қайтады делінеді. Сіздің өміріңізде осы тұжырымның жарқын мысалы бар ма?

- Асылында, мен волонтерлық қызметке басымнан өткен жағдайдан кейін келдім. 4 жарым жыл бұрын анам екеуміз көлік апатына ұшырадық. Сол кезде басымнан зақым алдым, анамның 7 қабырғасы, сол аяғы сынды. Аллаға шүкір, қазір аяғымызға нық тұрдық. Бірақ сол сәтте 1 ай комада жаттым, жарты жыл ішінде Корея елінде басыма үш ота жасалды. Әлемде коронавирус кезеңі басталған уақыт еді, елге оралған соң сол сәтте алғаш рет достарыма қосылып ерікті болдым. Кей отбасылардың ас-суға зәру екенін, аядай бөлмеде 12 адам өмір сүріп жатқанын көрдім. Сол сәтте жүргізіп отырған кәсібімді дөңгелетуге күш жинадым. Қиындықты жеңгеннен кейін өзіме өзгелерге көмектесуді жалғастыру мақсатын қойдым. Екіншіден, халық қолынан іс келеді деп, мен басқаратын қорға аманаттарын аударып жатыр. Мен үшін сенімді ақтау – өмірлік миссия. Қайырымдылықтың қайыры өмірімнің барлық кезеңінде оң, берекелі болып сезіліп жатқанын баса айта аламын.

аа

- Сізбен сұхбатымыз мың айдан да қайырлы Рамазан айында болып отыр. Жұртшылық оразада екі есе жақсылық жасауға ұмтылады. Сіздің қор осы айда қандай іс атқаруды жоспарлап отыр?

- Кейінгі 3 жылда біздің қордың еріктілері елордада ауызашар уақытынан жарты сағат бұрын басты даңғылдар бойында ауыз ашуға су, құрма таратып жүр. Ауыз ашуға асыққан жұрт кептелісте көп аялдап қалады. Сондықтан осы істі ұйымдастырдық. Рамазан айында жиналған қаржыға қарай аз қамтылған 1 000 отбасыға азық-түлік үлестіріледі. Киімге мұқтаж жандардың да тілегін орындауды меже етіп отырмыз. Қазір көктем болса да, жерде әлі де қар бар, ауа райы жылына қойған жоқ, демек, көмірге қажеттілік бар. Мұқтаждарға көмір түсіріп беру жоспарда бар.

- Жоспарларыңыз оңынан орындалсын, әңгімеңізге рахмет!

 оо

Материалды дайындау барысында Перизат Қайраттың арнайы бортпен екінші рет Газа секторына жеткенін білдік. Бұл жолы кейіпкеріміз еріктілердің қызметі - мұқтаждарға медициналық көмек көрсету екенін айтты.