Президент • 15 Наурыз, 2024

Қ.Тоқаев: Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу

538 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған абзалырақ. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Қазір балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені Ұлттық құрылтай барысында қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қ.Тоқаев: Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу

Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кітап оқырманға қолжетімді болуы керек.

«Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылғанын, онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар екенін айтып, облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керектігін ескертті.

«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді Мемлекет басшысы.