Заң • 16 Наурыз, 2024

ІІМ насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынғанын ескертті

239 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ІІМ шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сату мен тарату үшін жауапкершілік барын еске салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ІІМ насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынғанын ескертті

- Құрметті азаматтар! Мемлекет басшысы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұлттық құрылтайының үшінші отырысында насыбайды пайдалану ең зиянды және ұятты әдеттердің бірі екеніне назар аударды. Насыбай антисанитариялық жағдайда қолдан жасалады. Оның құрамында әртүрлі ауруларды, соның ішінде қатерлі ісік ауруын тудыратын заттар бар. Қазіргі уақытта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде шегілмейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген, - деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Ол шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатқаны үшін 25 АЕК немесе 92 мың теңгеден астам мөлшерде айыппұл көзделгенін айтты. "Заң мен Тәртіп” қағидатын қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдары қоғаммен бірлесіп, 18-31 наурыз аралығында республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізбек.

- Акция барысында халыққа насыбайды тұтынудың зардабы және кәсіпкерлерге оны сатуға жол бермеу туралы құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сауда ережелерін бұзу фактілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатын болады.

Вейптер мен шегілмейтін темекі өнімдерін әкелу, өндіру, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу туралы заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауында екеніне назар аударамын. Құрметті азаматтар, аталған шара бірінші кезекте ұлт болашағы – жастардың денсаулығын сақтауға бағытталған, – деді Шыңғыс Алекешев.