«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық қоры мұрындық болған іс-шараға Рудный қаласының әкімдігі, жергілікті кәсіпкер Жанат Байдоллаева, республикалық «Отандастар» қорының облыстық филиалы, қалалық ардагерлер ұйымы қолдау көрсетті.
Байқаудың салтанатты рәсімінен соң көпшілік алдына ақ кимешек киіп-ақ қаздай тізіліп шыққан әжелер сахнаға өзгеше сән бітіріп, іс-шараның өзара сайыстан гөрі мерекелік лебі басым екенін айқын сездіргендей болды. Сайысқа қатысушылар өзін таныстыру, ұлттық тағам дайындау, тұрмыстық салт-дәстүрге байланысты сахналық көрініс қою кезеңдері бойынша сынға түсті. Көрермендер әрбір қойылымға ерекше ықылас білдіріп, қошемет көрсетіп отырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеп, насихаттауды жақсы жолға қойып отыр. Еліміздің барлық өңірлерінде осы мерекелік онкүндік жаппай қолға алынып, ұрпаққа ұлағат қалдырарлық іс-шаралар өтіп жатыр. Біз де осы бастамаға атсалысу үшін әкімнің қабылдауында болып, өз ұсынысымызды айттық. Ол кісі бірден қолдау білдірді. Бұл – бойжетіп қалған қылықты қыздарымыз, үйдегі келіндеріміз ұлттық мәдениетімізге, әдепке, ата-бабамыздан мұра болып қалған салт-дәстүрлерімізге бет бұрса, бұрынғы әжелерімізден көргенін ұмытпаса деген ниетпен жасалып жатқан дүние. Сондықтан бұдан әрі байқаудың мазмұнын кеңейтіп, жыл сайын жаңғыртып дәстүрлі түрде өткізіп отыру ойда бар», дейді байқауды ұйымдастырушы Нинагүл Пушаева.
Сайысқа түскен әжелердің алды бүгінде немересін үйлендіріп, шөбере сүйіп отыр. Соған қарамастан әрқайсы өзінің әр нәрсені де ұқсата білетін әмбебап екенін дәлелдеп бағып, жүн түтіп, жіп иірді, ине сабақтап, кесте тікті, баланы бесікке бөлеп, сәбидің тұсауын кесіп, құдаға құрмет көрсетіп те үлгерді. Ене мен келіннің жарасымын, абысын арасындағы татулықты, қайын ата, қайын аға, қайын ініге құрмет көрсетудің тамаша үлгісін, қонақ күтудің жол-жоралғысын көрсетіп, оның жөнін тәпіштеп түсіндіріп берген әжелердің ішінде осалы жоқ. Содан болса керек, қазылар алқасы да сайысқа түскендердің ешбірін ескерусіз қалдырмауды ұйғарған сыңайлы. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылар «Асыл әже», «Бұлбұл әже», «Өнегелі әже», «Білімпаз әже», «Қолы алтын әже» аталымдары бойынша марапатталды.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы