Фото: rg.ru
28 аймақ бойынша қашықтан электронды дауыс беруге тіркелген электораттың 91 пайызы қатысты. Бұл шамамен 4,35 миллион адам. Ел астанасы тұрғындарынан қашықтан дауыс беруге тіркелу талап етілмесе де, жергілікті уақытпен сағат 9.50-де 3,3 миллионға жуық мәскеулік өз дауысын онлайн берді.
Ресейдің қиыр шығысындағы өңірлерде Мәскеу уақытымен сағат 9.00-де сайлаушылардың қатысуы 55 пайыздан асқан. Олардың қатарында Еврей автономиялық облысы 85,5 пайыздық көрсеткішпен көш бастап келеді, 84,18 пайыздық нәтижемен Чукот автономиялық округі екінші орында тұр. Жалпы, дауыс беруге келген сайлаушылардың үлесі бойынша ел өңірлері арасында бірінші орынды Тува Республикасы бермей келеді. Жергілікті уақыт бойынша 12.00-ге дейін (Мәскеу уақытымен 8.00) тувалықтардың белсенділігі 89,99 пайызды көрсетті.
Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Telegram-арнасында әлемнің 111 еліндегі 125 мыңнан астам ресейлік президент сайлауында өз кандидатын жақтап, таңдауын жасаған. Оның айтуынша, 230 сайлау учаскесінде барлығы 125 428 адам дауыс берген. «Уақыт айырмашылығына байланысты бірқатар сайлау учаскесі бүгін ғана ашылады», деп жазды М.Захарова. Соған қарағанда шетелдегі сайлау қорытындылары әлі де өсе түспек.
Қазақстан аумағында жүрген ресейліктер де Астана, Алматы, Орал, Өскемен қалаларында ашылған сайлау учаскелеріне елінің тізгінін алдағы алты жылға сеніп тапсыратын саясаткерді таңдау үшін келіп жатыр. Бұл қалалардың ішінде тек Алматыдағы сайлау орындарында ұзын-сонар кезек қалыптасқан.
Жалпы, Ресей шекара сыртындағы шет мемлекеттерден, соның ішінде достас емес елдердің аумағынан да 300-ге жуық сайлау учаскесін ашуды жоспарлаған болатын. Бірақ бұл Сыртқы істер министрлігіне оңайға соқпады. Өйткені Ресей мен Украина соғысына байланысты көптеген ел Ресеймен дипломатиялық байланысын үзіп, өкілдіктерінің жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан Мәскеудің жекелеген елдерде сайлау учаскелерін орналастыру мүмкіндіктері азайып кеткен еді.
Ресейдің ОСК мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 қаңтардағы ақпарат бойынша шетелде шамамен 1,9 млн сайлаушы тіркелген. Дегенмен кандидаттардың қаншалықты дауыс жинағаны әзірге белгісіз. Барлық сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 20.00-де жұмысын тоқтатуға тиіс. Ал дауыс берудің алғашқы қорытындылары Мәскеу уақытымен түнгі 21.00-ден кейін белгілі бола бастайды.
Көрші елдегі сайлауға қатысты өзге де ақпараттарға тоқтала кетсек, Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы 106 мемлекеттен өтініш білдірген 706 халықаралық бақылаушыны ресми аккредиттеген. Сондай-ақ Сочиде өткен Дүниежүзілік жастар фестивалінің қорытындысы бойынша, 51 мемлекеттен келген 224 сарапшы елдегі сайлау барысының ұйымдастырылуымен танысуға қызығушылық білдіріпті. Ал Қоғамдық палатаның шақыртуымен 58 мемлекеттің 185 сарапшысы Ресейге келген.
Ресей Федерациясының президентін сайлау 15-17 наурыз аралығына белгіленген. Президент 2030 жылдың мамырына дейін, яғни алты жылға сайланады. Үміткер бірінші турдан өтуі үшін сайлаушылардың жартысынан көбінің даусына ие болу керек.
Сайлау учаскелері үш күн – жұмадан бастап, жергілікті уақыт бойынша 8.00-ден 20.00-ге дейін ашық болады. Елдегі 89 аймақтың 29-ында, соның ішінде Мәскеу қаласында да қашықтан электронды түрде дауыс беруге болады. Электрондық дауыс беру 17 наурыз күнгі сағат 20.00-ге дейін жоспарланған.
Бұл жолғы елдегі басты саяси науқанға төрт кандидат қатысып жатыр. Атап айтсақ, Мемлекеттік Думаның вице-спикері әрі «Новые люди» фракциясы басшысының бірінші орынбасары Владислав Даванков, қазіргі президент Владимир Путин (сайлауға өзін-өзі ұсынған), ЛДПР фракциясының басшысы Леонид Слуцкий және Ресей Коммунистік партиясы фракциясының депутаты Николай Харитонов.