Өндіріс • 18 Наурыз, 2024

Сапа сұранысты анықтайды

110 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қысы суық солтүстік өңір үшін құрылыс саласына қажетті жылу оқшаулағыш материалдар бұрын қасқалдақтың қанындай қат дүние болатын. Қазір Макинск қаласындағы зауыт осы олқылықтың орнын толтырып тұр.

Сапа сұранысты анықтайды

Алдымен кәсіпорынның қалыптасу кезеңі туралы таратып айта кетелік.  «Baiterek Venture Fund» акционерлік қоғамы кәсіпорынның 49 па­йызын иеленіп отыр. Жұмысына береке біткен жоба құны 10 миллиард теңге төңірегінде. Зауыт ішкі нарықта сұраныс­қа ие жылу оқшаулағыш материалдар өндіреді. Бұл өнім шетелден тасымалданатын базальт және доломит тастарының негізінде жасалады. Ыстық пен суыққа бірдей айрықша төзімді материал. Орнатуы да қарапайым. Осы өнімді өндіру үшін «Gamma Meccanica»  компаниясы­ның италиялық технологиялық желісі сатылып алынған.

– Қажетті шикізатты арнайы құрылғыларға толтырудан бастап, қашан дайын өнімге айналғанға дейінгі үздіксіз жүргізіліп жататын ырғақты бақылаймын, – дейді талшық түзу қондырғысы­ның операторы Иван Гылка, – Техниканың тұрып қалмауын, пештің қаншалықты ыстық екенін кірпік қақпай қадағалап отыру керек. Сондықтан бұл өте жауапты жұмыс. Сәл ғана механикалық ақау болып, температура иненің жасуындай өзгерсе, зауыттың қуаттылығы төмендеп, бұл өнім сапасы кері әсер етеді. Бұл жердегі барлық жұмыс то­лық автоматтандырылғанымен, жан-тәнін салып істейтін әрбір білікті маманның еңбегі ересен. Шынтуайтында, біздің зауыттағы әр жұмысшыны өз ісінің хас шебері десек, артық айтпағандық болар. Егер маңдай терімізге суарылған өнім мейлінше сапалы болса, ол әрбір жұмысшының жауапкершілігінің нәтижесі.

Бір айта кетерлігі, жоғары технологиялық, осы заманғы озық үлгідегі құрылғылармен то­лық жабдықталған зауытта екі жүз­ге жуық адам еңбек ете­ді. Өн­діріс жұмысы екі ауысым­мен ұйым­дастырылған. Кәсіп­орын­ның қуаты – жылына 34 мың тонна. Сапалы минералды мақта Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия елдеріне шығарылады. Ел ішінде де сұраныс жоғары.

впр

Жылу оқшаулағыш материал шикізат ретінде бірнеше мәрте түпкілікті өңдеуден өткізіледі екен. Доломит және базальт тастары ворган пешінде 1800 градуста қыздырылады. Кейін пайда болған мақта талшықтары өңдеуден өткізіледі.

– Мен химиялық реакцияларды пайдаланып, арнайы қоспа жасаймын, – дейді химиялық қоспа дайындау бөлімінің операторы Манат Мұратбеков, – Сульфат және майлы қоспаларды сапасын арттыру үшін мақтаға қосамыз. Бұл арада өте мұқият болған жөн. Өнім сапасы біздің осы жұмысымызға тікелей байланысты.

Жылу оқшаулағыш материалдар өңір үшін өте қажетті. Біріншіден, бұл экологиялық жағынан өте таза материал. От пен суға мейлінше төзімді. Кез келген ғимараттың құрылысына жарап-ақ тұр. Ең бастысы, жылуды жақсы сақтайды. Ғимараттың ішінде жылу сақталса, отын-көмірге де сеп. Дыбыс өткізгіштігі төмен, яғни сырттағы дыбысты ғимараттың ішіне жібермейді. Қалалық жердегі ғимараттарға  ауадай қажетті дүние екен деп түйдік біз. Жол бойы ағылған мың сан көліктің, темір жол бойындағы пойыздардың дауысы мазаңды алмайтын болады. Ауада таралатын әрқилы иістің де мөлшерін азайтады дегенді естіп тіпті таң қалдық.

Шикізаттың басым бөлігі шет елдерден, ал кейбір қажетті тастар Шығыс Қазақстаннан жеткізіледі екен. Әзірге химия­лық қоспаларды дайындау үшін ша­йыр мен коксты сырт­тан ал­дыруға мәжбүр. Кәсіп­орын жұмысына ой көзімен қара­сақ, технологиялық үдеріс шикі­заттың балқуынан баста­лады. Одан кейін мақта талшық­тары пайда болған соң қалыпқа салынады. Сағатына – 5,5 тонна, тәулігіне шамамен 120-130 жылу оқшаулау материалы өндіріліп, келісілген өңірлерге жөнелтіледі.

– Былтыр біршама табысты болды, – дейді кәсіпорын директоры Жасұлан Мұхаметжан, – Қалдықтарды қайта өңдеуге қажетті неміс компаниясының құны 1,5 миллион еуро тұратын «Fас» құрылғысын орнаттық. Бұл экологиялық тазалықты сақтауға әрі экономикалық көрсеткіштерді молайтуға септігін тигізетін қадам. Биыл ауаға зиянды зат шығаруды шектейтін арнайы құрылғы алуды жоспарлап отырмыз. Зауыт жұмысы алға басқан сайын жаңа жұмыс орындары да ашылып жатыр. Мемлекет тарапынан да қолдау бар. 

Компания бір миллиард тең­геден астам салық төлейді. Жал­­ғыз Макинск қаласының ғана емес, төңіректегі елді ме­кен­дердің тұрғындарын да тұ­рақ­ты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қалаға да қол ұшын береді. Зейнетке шыққан за­уыт қыз­меткерлеріне әлеуметтік көмек көрсетіледі. Әр ай сайын әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік себетін тарататын игі істі де жолға қойған. Қайырымдылыққа келгенде қолдары ашық. Осының барлығы өнімінің өтіміне байланысты. Ол тарапта кемшілік жоқ. Себебі сұранысты сапа қалып­тастырып отыр.    

 

Ақмола облысы,

Бұланды ауданы